Қазақ даласына көктем келді. Гүл көктем. Жер-Ана бусанып, өмірдің қайта түлеп, қайта өрлеп гүлдеген шағы ғой. Иә, керемет шақ. Осы бір керемет шақта, араға жыл салып көңілімізге медеу берген керемет бір мерекенің келіп жететіні. Ол халықаралық әйелдер мерекесі. Басқаға қалай екенін білмедім, өзім үшін ерекше қастер тұтатын мейрамымның бірі. Мәселе, бұл мерекенің кім арқылы, қашан қалыптасып, тойлануында емес, оның барша адамзат баласына ізгілік ниетте қызмет етіп жатқан ұлы мәнінде деп түсінсек деген ойымда бар. Өйткені, әр заттан бір кілтипан іздеген кейбір бауырларымның осы мерекені де қазаққа жат қылып, «сырттан енген», «анау, мынауға» жатқызып күйіс қабақ танытатынын көргенде оған «жақсылықты ту қылған ниет пен істің барлығыадамзаттың ортақ жетістігі» дегім келеді.Сонымен көктемгі нұрмен ұштасқан аналар мейрамы араға жыл салып емес, айда емес, күн салып келе берсе де артық емес. Өйткені, анадан асар күнде, шыңда жоқ.
Бүгінгі әңгіме өзімізбен қатар жүріп, нәзік иықтарымен ауыр салмақты – Отанды қорғау жүгін арқалап жүрген батыл жүректі қарлығыштар, әпке-қарындастар жайлы айтпақпын. Әсілі, әйелдер қоғамның бар саласында еңбек етеді десек те, оның ішінде олардың аз қамтылған саласы да болады. Оның бірі ерге енші болған – әскери қызмет. Кейбіреулер әскери сала қыз балаға қол емес деп жатады. Ол да әскери ортадағы ерекше талаптарға, кейде әйел тұрмақ еркектің де шыдас бермес, қиындығынан айтылған сөз де шығар.Әскери қызмет ауыр жол, салмақты міндет. Оның ыстық-суығына күйіп, темірдей тәртіпке көніп, онымен қоса отбасы мен қызметті қоса алып жүру ауызға айтқанға ғана жеңіл. Сондықтан да осы салада жүрген әпке-қарындастарыма ерекше ілтипатпен қарайтыным да шындық.
Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығында қызмет атқаратын сержант Лезат Халелова осы саладағы өрімді еңбегі 20 жылға жуықтаған. Әрине, кезінде Абай атындағы мемлекеттік университетті тәмамдаған аруға «өміріңіздің әскери салаға бұрылып, осылай тағдыр үкімінің бұйырғанына қалай қарайсыз, өкініш-өкпеңіз жоқ па» деген сауалыма бір ауыздан «жоқ» деп жауап берді. «Адамға жас күнінде өмір жолы ұзақтайкөрінері рас. Бірақ ғұмырыңның орта жалынажеткендеоның олай емес екенін еріксіз аңғарып, «қамшының сабындай болған жалғанның»шындық екен оймен пайымдайсың. Осы уақытқа дейінгі өмірім де көзді ашып жұмғанымдай өте шығыпты. Енді бір жылдан кейін зейнеткерлікке шықпақпын. Саналы өмірімді әскери қызметке арнағанымды тағдырдың маған ең әуелгі берген сыйы деп білемін. Сонау 90-шы жылдардың алмағайып заманында әскери салаға келуге әуелде жүрексінгенім рас еді. Кейін келе-келе барлығына үйрендім. Саптық дайындыққа да, тапаншадан, автоматтан қару атуға да. Ең бастысы қызметім тәртіпке, тәртіпті әулиедей сыйлауға үйретті. Әскери адам қашан да жинақы жүріп, епті де жылдам қимылдайды ғой. Бұл да маған қызметтен енген қасиет болды», - дейді бізбен әңгімелескенде сержант Л.Халелова.
Ал «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылықтың қаржы бөлімінің аға офицері майор Ғалия Мәметова мен осы бөлімінің аға маманы сержант Гүлжан Баймұхановалардың еңбек жүгінің маңыздылығын бір сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Өйткені, мына заманда барлық мәселеде қаржы-қаражаттың игерілуіне, төлемдердің уақытылы атқарылуына тірелетінін ескерсек, онда есепші қыздардың жұмыстары да қат-қабат-ақ. Онымен қоса нәзік жандылардың жауынгерлік дайындықтары да жоғары болуы керек, әскери тәртіп соны талап етеді. Майор Ғалия Мәметова «Қыз бала болсам да, жас кезімнен өр өстім. Кейде ес білгенше ер балалармен қатар атқа қонып, тай-құнан бәйгелерде шапқаным да бар. Содан болар есейгенде әскери қызметке есім кетіп, арманыма айналды. Іште ойлағаның не болса, өмірде жүзеге асады деп жатады ғой, ақыры әскери салаға келдім. Қазір міне, 23 жыл Отан деп, ел деп қызмет етіп жатқан жайым бар. Диана және Диас атты ұл-қызды тәрбиелеп отырмын. Ұлым Диас қазір мектеп жасындағы оқушы болса да, болашағын ел қорғау қызметімен ұштастырғысы келеді. Мен оныңбұл шешімін құп көремін. Өйткені, Абай атамыз айтпақшы, дүниенің бір бөлшегіне кірпіш болып қаланып, егемен елдің еңсесін биіктетуге қызмет атқарудан артық мәртебе жоқ».
Сержант Гүлжан Баймұханова да екі баланың анасы. Қызметіне берік жан. Отағасы да әскери қызметте, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының сержанты лауазымындағы прапорщик Ермек Баймұханов екеуі қызметте де, отбасында да жұптары ажырамаған, жарасты отбасы. Екеуі бірі білгенін екіншісіне үйретіп, әскери қызметке, шынын айтқанда отбасы болып шыңдалып, қызметтің ыстық-суығын тең өткеріп келе жатқан жайы бар. «Қазақ қыздары намыстан жаралған. Қай тарихты алып қарасаңыз да солай. Олар басқа елдің күңі болып кетпеген, ары мен намысын жоғары қойып, ерінің, елінің амандығын тілеген. Ал Қызай ана, Домалақ ана сияқты бір әулетке ғана емес, дүйім елге ұран болған аналарымыз жетерлік. Отбасы тәрбиесі дегенде әйелдердің қай кезде де орны ерекше», - дейді Гүлжан бізге ерекше ойын білдіріп.
Майор Әсия Қалиева да үлгілі қызметімен көзге түскен ару жанның бірі. Үш баланың анасы сонау 1999 жылдан бастап құқық қорғау саласында еңбек етеді. Қазір өңірлік қолбасшылықтың кадр бөлімінің офицері. «Әр қызметтің өз қыр-сыры, ерекшелігі болады ғой. Әскери қызмет аса жауапты жүк арқалаған сала. Мұнда сен әйелсің, сен еркексің деп бөлмейді. Бәрі қару ұстаған Отан қорғаушылар. Сондықтан да бәріне дайын болуың керек. Қару ату, жекпе-жек ұрыс тәсілдері, жедел шешім қабылдау, ең аяғы ішкі түйсігіңді суыққанды басқарып, батыл жүректі болу керек деген сияқты. Адам бәрін туа сала үйренбейді. Ептеп-ептеп, ынта, тілегімен бойына дамытады. Сондықтанда ең бастысы бұл салаға да басты қажеті ынта. Менің ынтам болды, ауыр болса да үйреніп мінеки майор шеніне дейін жетіп отырған жайым бар», - дейді нәзік иықты майор.
Қорыта айтқанда, қысылтаяң сәтте батылдығымен ерден озып, мәңгілік бейнесі ерліктің символына айналған Әлия мен Мәншүктей қазақ қыздары бүкіл шығыстың айбынын асырып тұрған жоқ па.Иә, ол аналарымызды пір тұтқан, намыстан жаралған аруларымыз қазақта жетерлік. Біз олардың бір парасын ғана тілге тарттық. Осы орайлы сәтті пайдаланып, оларды мерекелерімен құттықтап, отбасыларына ырыс, қызметтеріне табыс тіледік. Мерейлеріңіз өсе берсін асыл арулар!
Майор Арман ӘУБӘКІРОВ, Алматы қаласы
"The Qazaq Times"