Тәжік билігі Ирак жерінен Тәжікстаннан барған жиһадшылардың балаларын (жиыны 84 баланы) еліне қайтарып келді. «Ислам мемлекеті» террорлық тобына қосылған тәжікстандық жиһадшылардың балалары бұған дейін Ирактың түрмелерінде және қашқындар лагерлерінде жасап келген. Бұл туралы Asia-Puls ақпараттық сайты хабар таратты.
Тәжікстан билігі осы мәселе бойынша Ирак үкіметімен диалог орнатқан. Нәтижесінде, Бағдат 43 әйел мен 95 баланы Тәжікстан азаматы деп анықтап шыққан. Қазірге 84 бала елге қайтарылып, қалған 11 баланы қайтару туралы келіссөздер жүрігізіліп жатқанын, Тәжікстанның СІМ тарабы мәлімдеген. Бұл балалардың ата-аналары Ирак жеріндегі, Сүриядағы соғыстарға қатысқан, бірқатары соғыстарда қаза тапса, бірқатары түрмелерде.
Ирак жерінен қайтарылған балаларды Душанбенің әуежайынан жақындары күтіп алды. Дегенмен, оларды ең алдымен үкімет арнайы медициналық және психологиялық көмек көрсету үшін арнайы орталыққа апармақ.
Тәжікстан Орта Азиядағы жиһадшылар ең көп шыққан елдің бірі. Таяу Шығыстағы террорлық ұйымдар жиһадқа шақырған тұста, Тәжікстандағы жұмыссыздық пен әлеуметтік жағдайдың нашарлығы да азаматтардың террорлық топқа ілесуіне өзіндік ықпал етті. Мәліметтерге қарағанда 1900-ден астам тәжікстандық жиһадшылар қатарына қосылған.
Тәжікстаннан шыққан жиһадшылар түгелге жуық «Ислам мемлекеті» террорлық тобына кірген. Олардың 500-ден астамы соғыстарда көз жұмған.
Жыл басында Қазақстан билігі де Сүрия жеріне кеткен азаматтарын қайтары әкелуге Орта Азиядан алғашқы ел болып кірісті. 50-ге жуық адамды қайтарып әкелді. Олардың арасында 30 бала және 11 әйел бар.