Журналистика саласындағы ең ірі марапат Пулитцер сыйлығын Дональд Трамптың отбасы мен қаржылары туралы жазған New York Times», «Wall Street Journal» тілшілері және былтыр редакциясына шабуыл жасалған «Capital Gazette» басылымы иеленді.
Мэриленд штатындағы «Capital Gazette» басылымының төрт журналисі қарулы ер адамның шабуылынан қаза тапты. Қайғылы оқиғаға қарамастан, шабуылдан кейін келесі күні редакция жұмысқа шығып, газеттің жұмадағы санын қаза тапқан әріптестеріне арнады. Кейіннен шабуыл жасаған адамның бұрын газетке қарсы сотта жеңіліс тапқаны үшін тілшілерді әдейі өлтіргені анықталды.
Пулитцер марапатын иеленген газет редакциясына жүз мың доллар көлемінде сыйақы берілді.
«New York Times» газеті Дональд Трамптың салық төлеуден жалтарғаны туралы көлемді зерттеу-мақала жариялаған болатын. Аталған басылымның журналистері Дэвид Барстоу, Сюзанна Крейг пен Расс Бюттнер сыйлықты Трамп қаржысы жайлы, оның «бизнес-империясына қолдау болған салықтан жалтару амалдары» жайлы зерттеуі үшін алды. Газет тілшілері 1990 жылдары АҚШ-тың қазіргі президенті күмәнді операцияларға қатысқаны туралы да жазған. Өткен жылы қазанда Нью-Йорк штатының салық инспекциясы газеттің материалдары бойынша Дональд Трамптың мүлкіне тергеу жүргізіп жатқанын растады.
«Wall Street Journal» журналистері де Трамп туралы тергеу үшін Пулитцер сыйлығын алды. Дәл осы газет Трамппен (олардың ішінде сторми Дэниэлс) байланыс жасаған әйелдермен тілдесіп, олардың кейбіреулеріне президенттің ақша бергенін жазды.
Қоғамдық жұмыс үшін беделді жүлдені Флорида қаласындағы Марджери Стоунмен Дуглас атындағы мектептегі қарулы шабуыл салдарын жариялағаны үшін «South Florida Sun Sentinel» алды. Басылым тілшілері биліктің оқыс жағдайларға дайын еместігі, мектеп әкімшілігі мен полиция қызметкерлерінің қателігі туралы материалдар сериясын шығарды.
Пулитцер сыйлығын иеленген үздіктер қатарында Associated Press, «Reuters» сынды алпауыт агнеттіктер де бар. «Халықаралық репортаж» номинациясын Йемендегі соғыс салдары туралы жазған Associated Press журналистері мен Мьянмадағы мұсылман рохинджалар туралы жазып, кейін билік түрмеге кескен Reuters агенттігінің екі тілшісі алды.Әдебиет саласындағы сыйлық Ричард Пауэрс пен Джеки Сибблис Дрери берілді. Ал «Reuters» фототілшілері АҚШ шекарасындағы мигранттар бейнеленген суреттері үшін жүлде иемденді.
Пулитцер сыйлығының тарихы сонау 1917 жылдан басталады: сол жылы американдық журналист Герберт Байярд Своп 1916 жылдың қазан айында «New York World» газетінде жарияланған «Германия империясына іштен көзқарас» деген тақырыптағы материалдар сериясы үшін алғашқы сыйлық алған еді. Қазіргі уақытта 21 аталымда журналистика саласындағы жетістіктері үшін, сондай-ақ әдебиет, драматургия, тарих және музыка саласындағы жетістіктері үшін беріледі.