Кеше Алматыдағы Қазақстан Жазулар одағы Әдебиетшілер үйінде Қазақстан және Еуразия жазушылар одағының мүшесі Жәди Шәкенұлының бес бірдей жаңа кітабының тұсауы кесілді. Жәди Шәкенұлы бұған дейін де «Қаралы көш», «Жәнібек батыр», «Бір уыс сәуле», «Ел бастаған Елісхан», тағы басқа да сүбелі еңбектерін оқырман қауымға ұсынған.
Бұл рет Ж. Шәкенұлы «Алтай алыптары», «Қытай қазақтарының әдебиеті», «Оспан батыр» атты зерттеу еңбектерімен бірге, «Бозмұнар» атты тәуелсіздік жылдарындағы өмір тынысына арналған романын және автордың әдеби-тарихи шығармалары жөнінде жазылған зерттеулер жинағы «Бегзат сөз» атты бес кітабының тұсауын кесті.
Тұсаукесерді Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының орынбасары, ақын Бауыржан Жақыпұлы жүргізіп, «Жұлдыз» журналының бас редакторы, ақын Ғалым Жайлыбай, жазушы Жанат Ахмади, әдебиет танушы ғалым Темірхан Тебегенов, этнограф ғалым Болат Бопай, «Ер Жәнібек» халықаралық қорының президенті Жеңіс Түркия, Оспан батырдың немересі Өркен Нәбиұлы қатарлы қаламгер ғалымдар мен қайраткерлер кітаптардың тұсауын кесті.
Шығармашылық кешке Дүниежүзі Қазақ Қауымдастығы, Қазақстан Жазушылар одағы, «Отандастар» қоры арнайы құттықтау жолдады. Әдебиет танушы ғалым Темірхан Тебегенов, жазушы Жанат Ақмади және ақын Дәулетбек Байтұрсынұлы Жәди Шәкенұлының шығармашығы туралы баяндама жасады.
Бес кітаптың тұсауы кесілген әдеби-шығармашылық кеш әнмен әрленіп, күймен тербелді. Кешке жиналған тарихшы қаламгерлер, ғалымдар зиялы қауым мен БАҚ өкілдері, оқырмандар бес бірдей жаңа еңбекті қазақ руханиятына қосылған сүбелі туындылар ретінде бағалады.