«АҚШ Түркияға санкция салмауы қажет» - деп мәлімдеді Түркия Сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоғлы.

«АҚШ Түркияға Ресейдің С-400 зымыран жүйесін сатып алғаны үшін санкция салмауы тиіс. Себебі АҚШ бұл заңды Анкара мен Мәскеу келісімге келгеннен кейін қабылдады» - деді Чавушоғлы Уашингтонда сөйлеген сөзінде.

Бұған дейін Түркия С-400-ді сатып алудан бас тартпайтындығын мәлімдеген. Ресми Анкара таратқан ақпарат бойынша, С-400-дің алғашқы легі биылғы жылдың соңына дейін келеді.

Өз кезегінде АҚШ «Түркия Ресейден С-400 зымыран құрылғыларын сатып алу арқылы НАТО заңдарына қайшы әрекеттерге баруда» - деген уәж айтуда. Атап айтқанда, Уашингтон «С-400-дің НАТО стандарттарына сәйкес келмейтіндігін» алға тартып, алдағы уақытта өзінің соңғы үлгідегі ұшақтарын Түркияға сатпайтындығын және Анкараға санкция салатындығын мәлімдеді.

"The Qazaq Times"