BBC2 телеарнасының тапсырысы бойынша «Еуропа: 10 жылдық хаос» атты деректі фильм түсірілді. Үш бөлімнен тұратын фильмде Еуропадағы соңғы он жылда орын алған үш басты дағдарыс: «Brexit», Грекиядағы құлдырау және көші-қон мәселесі көрсетіледі. Фильмде Еуропаның жетекші көшбасшылары, саясаткерлері мен олардың серіктестері аталған мәселелер турасында ашық пікір білдірген.

Деректі фильмді америкалық белгілі кинорежиссер, «Уотергейт», «Югославия қазасы», «Путин, Ресей және Батыс» деректі фильмдерінің авторы Норма Перси бастаған команда екі жылдан астам уақыт бойы түсірген. Үш бөлімде Францияның бұрынғы президенттері Николя Саркози мен Франсуа Олланд, Британдық министрлер Уильям Хейг пен Джордж Осборн, Еуроодақтың бұрынғы және қазіргі басшылары Херман ван Ромпей, Жан-Клод Юнкер мен Дональд Туск, Грекияның бұрынғы премьер-министрі мен қаржы министрі Георгиос Папандреу және Йоргос Папаконстантин, Италияның экс премьер-министрі Маттео Ренци және тағы басқа да көптеген саясаткерлер Еуропа елдеріндегі басты кемшілік пен алда орын алуы тиіс жаңалықтармен бөліседі.

Норма Перси – «Уотергейт», «Югославия қазасы», «Путин, Ресей және Батыс» деректі фильмдерінің авторы және бірнеше халықаралық сыйлықтың лауреаты. Фото: www.bbc.com

Фильмде Еуропаның қазіргі орын алып жатқан кризистік жағдайларға қалай тап болғандығы және еуропалық саяси аренадағы тұлғалардың жетістіктері мен жеңіліс тапқан тұстары көрсетіледі. Осы ретте кинорежиссер Перси: «Біз Еуропада не болып жатқанын ашық көрсетуге тырыстық, ал тұжырымдауды көрерменнің өзіне қалдырамыз. Мен әрбір адам өз пікірін, позициясын білдіріп және қажетті ақпаратты ала алады деп санаймын. Британиядағы брексит тақырыбы көпшілікті қызықтырады, менің ойымша. Мен – америкалықпын. Дегенмен, бүкіл әлем халқы саясаттағы сауалдарға осы фильм арқылы жауап табады деп үміттенемін», – деді. Сондай-ақ, Перси «Еуропа: 10 жылдық хаос» фильмі тек Еуропалық Одақ елдерінде ғана емес, одан тыс жерлерде де қызу талқыға түсетініне сенімді.

Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэй және Еурокомиссия төрағасы Жан Клод Юнкер. Фото: https://euronews.com

Brexit: Дауға ұласқан референдум

Brexit жоспары 2016 жылы Ұлыбританияның Еуроодаққа мүше етуді тоқтату туралы референдумға әкелді. Фильмнің алғашқы бөлімі осы Brexit жоспарына арналған. Режиссер фильмді түсіруге кіріскен сәтте, Біріккен Корольдіктегі мәселенің қатты ойландырғанын айтады. «2016 жылы Дэвид Кэмерон неге бұл референдумды жариялады? Жоспардың соңы неліктен дауға әкеп соқты?» сынды сауалдарға жауап іздеп, Дэвид Кэмеронның өзінен және Дональд Тусктен сұхбат алған. Еуропалық Кеңестің төрағасы Дональд Туск: «Әлемдік саясатта Ұлыбритания үшін Brexit – өте қауіпті. Тіпті, ақымақтық. Оның Консервативтік партия алдындағы міндеттемелерін орындау Брекситті жүзеге асырудың бірден-бір себебі болды»,– дейді.

Ұлыбритания Еуроодақ құрамынан 2019 жылдың 29 наурызында шығуы тиіс. Ал 2020 жылдың соңына дейін ішкі нарықтағы жағдай, дипломатиялық байланыс пен еуропалық саясатқа реформалар енгізілмейді. Дегенмен, Одақ құрамындағы елдер Мэй үкіметінің жоспарына қатысты сенімсіздік танытты. Енді британдықтар Еуропарламентте мамырда өтетін сайлауға қатысуға міндетті. Мэй желтоқсанда өтетін дауыс беру кезеңін қаңтар айына ауыстырған болатын. Себебі, брекситтің кедендік және біріңғай нарыққа бағытталған келісімшарты Солтүстік Ирландияны қанағаттандырмаған еді. Бұдан бөлек, Ұлыбританияның үкімет басшысы Еуроодақтың да кейбір дүниелерге кепілдік береміз дегенін тілге тиек еткен. Алайда, нақты қандай мақсаттарға екендігін ашып айтпады. Брекситтің дауыс беруі жақындаған сайын, Британия тұрғындарының да алаңдауы жиілей бастаған.

Режиссердің ойынша, 2016 жылғы референдумға қол қойған Кэмерон, біріншіден, Британияны тұтастай ЕО-дан алып шығу туралы уәдесін орындауға мәжбүр болды. Екіншіден, ол ЕО құрамындағы Франция, Германия сынды басқа да көшбасшы мемлекеттерді басып озудың қиын екендігін және түптің-түбінде референдумның дауға әкеп соғатындығын сезді. Сол үшін, қазір Дэвид Кэмерон елді Еуроодақтан шығарғысы келмейді.

Екінші бөлім: 2010 жылғы грек дағдарысы

2010 жылдары басталған Грекиядағы орасан зор бюджет тапшылығы Еуропаның ортақ валютасы – еуроның тұрақты қалпына қатер төндірді. Сол жылы халықаралық қоғамнан көмек сұраған Грекияның премьер-министрі Георге Папандреу грек бюджетінің үлкен тапшылығынан туған қаржы дағдарысы Еуропа мен дүние жүзінің экономикасын «апатқа» ұрындыруы мүмкін екенін ескерткен. Расымен, Грекиядағы қаржы дағдарысы еуро аумағына жататын өзге 15 елдің экономикалық жүйелеріне теріс әсер етті.

2012 жылы өткен Брюссель саммиті қарсаңында Экономикалық әріптестік және даму ұйымы еуроны әлем экономикасын жалмап бара жатқан «жұлынқұрт» деп атап көрсеткен. Себебі, еуроның дағдарысқа ұшырауы Еуропаны одан бетер тығырыққа тіреді. Тек екі ай ішінде еуроаймақтың проблемалары күллі әлемдегі инвесторларға 4 триллион доллар мөлшерінде шығын келтірген. «Біз Франция мен Германия халықтарынан ынтымақ­тастықты талап етеміз. Грекия – Меркель мен Саркози саясатының неге апарып соқтырғанының жарқын көрінісі. Неміс салық төлеушілерінің жалғыз ғана мұраты банктерді қаржыландыруға барып тірелетін түпсіз бөшкеге ақша құюмен болып отыр», – деді Грекия радикалды солшыл коалициясының жетекшісі Алексис Ципрас. Бұл сөздерді жаңа грек оппозициясының лидері Берлинде айтқан. Ол жоғарыдағы сөзіне «сайлауда кезекті жеңіске жеткен жағдайда Грекияның еуроаймақтан шығуын қолдамайтынын» қосты. Грек парадоксының өзі осында: драхманы ешкімнің де алғысы келмейді, сонымен бірге, еуро үшін ақша қайтаруға әлі дайын емес. Бұған қарамастан, қалталы Еуропа саяси жағынан мешел бола бастаған Грекияға басқалай жан бітіруге әзір болғандай сыңай танытқан. Мұнымен қатар, Еуропалық құрылымдар бұдан сегіз жыл бұрын мәсе­лені оңтайлы шешудің жолы ретінде Грекияны еуроаймақтан шығаруды ұсынған.
Деректі фильмде Францияның экс-президенті Николя Саркози: «Үлкен жиырмалыққа» қатысушылар Меркельді неміс Орталық банкінің резервін тұрақтандыруға көндірген еді. Сол уақытта да Еуропа біраз қиын тұстарды бастан өткерген. Канцлер Меркель көз жасына ерік беріп, Обаманың оны жұбатуға тырысқандығы әлі есімде. Грекиядағы экономикалық дағдарыс та жәл осы кезеңде өршіп тұрған болатын», – дейді.

Еуропа көшбасшылары. Фото: www.bbc.com

Үшінші бөлім: Меркель және миграция

Деректі фильмнің соңғы бөлімі 2015-2016 жылдан бастап еуропалық саясатқа айтарлықтай әсер етіп келе жатқан көші-қон дағдарысы туралы. Бұл ретте көрермендерге «Германияның құшағы бәріне ашық!» ұраны арқылы әлемдегі босқындарды қабылдау керек идеясын жақтаушылар мен қарсылық білдірушілердің бір-біріне деген жауластығы баяндалады. Атап айтқанда, Ангела Меркель мен Жан-Клод Юнкер бір топ, ал Дональд Туск өз серіктестерімен қарсылас топ боп екіге бөлінген.

Миграция мәселесі Германия және Франция кономикасына кері әсер етті. Босқындарға құшағын кеңге жайған Германияда халық наразылығы, саяси талас-тартыстар жиілей түсті. Соңғы жылдардағы қиындықтарды ескерген канцлер Ангела Меркель 2021 жылы өтетін сайлауда көшбасшылыққа үміткер қатарында болмайтынын мәлімдеді. Сонымен қатар, Христиан-демократиялық одақтың (ХДС) жетекшісі Бундестагтағы орын үшін күресуге ниетті емес екендігін айтты. Меркельдің бұл шешімі әлемдік саясаттағы күтпеген жаңалықтардың бірі.

Фото: Германиядағы миграция. Меркель партиясы «Біздің құшағымыз ашық!» ұранын ұстанды. Фото: informator.news

Ангела Меркель канцлер болып тұрған жылдары ең көп бас қатырған ісі – мигранттар мәселесі болды. Оның 2015 жылғы «Елдегі кейбір адамдар үйіне қайтуына тура келеді» деген мәлімдемесінен соң, көпшілік жұрт Меркельді «мейірімсіз, тасбауыр» деп атасты. Дегенмен, мигранттардың ағымы күшейгенде ол ЕО ережелерін уақытша тоқтата тұрып, шекараларды ашу керек деген ұстаныммен ортаға шықты. Меркельдің бұл саясаты БҰҰ жағынан да жоғары бағаланды және «Time» басылымы оны сол жылдың «Жыл адамы» атағына лайық деп тапты.

2015-2016 жылдары Еуропадағы босқындардың қуатты толқынымен не істеу керектігін талқылаған саясаткерлер. 2015 жыл, G7 саммиті

10 жылдық хаос және «Біртұтас Еуропа»

Еуропа халқын бір арнаға тоғыстырған «Біртұтас Еуропа» – тек еуропалықтардың өздері үшін ғана емес, әлем жұртшылығы үшін маңызы жоғары жоба. Сондықтан оның қазіргі күндері өте қиын дағдарыстың үстінде тұрғанын ашық дауыспен айтқың да келмейді. Алайда, соңғы уақыттардағы әрекеттер осыған еріксіз мәжбүр етеді. Грекиядағы дағдарыс, Ұлыбританиядағы Brexit, Германия мен Франциядағы мигранттар толқыны, Италия мен Испаниядағы бюджет жобасындағы қиындықтар және өзге де елдердергі хоас Еуропаның талай жылғы жетістіктеріне біраз сызат түсіргені анық. Қанша дегенмен, он жылдық қиындықтар «Біртұтас Еуропа» үшін үлкен сынақ және алға бастайтын жаңа саяси қадамдардың бастауы болары хақ.

"The Qazaq Times"