Энергетика министрі Қанат Бозымбаев «Қаламқас» кенішіндегі өртке байланысты мәлімдеме жасады.
«Мүмкін дұрыс цементтелмеді немесе каротаж жұмыстары дұрыс жүргізілмеді. Қазір басты мәселе өртті тоқтату. Менің бірінші орынбасарым (Махамбет Досмұхамбетов – ред) қазір сол жерде жұмыс істеуде. Бүгін штаб шешуші мәселелерді сол жерде қабылдайтын болады. Видеода газ, газ-су қоспасы жануда. Зардап шеккендер жоқ. Ол жерде барлығы тәжірибелі мұнайшылар ғой. Елді мекендер алыста орналасқан. Бұдан трагедия жасаудың қажеті жоқ. Анықтаймыз, кінәлілер жауап береді, өтемақы төленеді» - деді Бозымбаев журналистер алдында сөйлеген сөзінде.
Бұған дейін БАҚ беттері мен әлеуметтік желілерде Маңғыстау облысындағы «ҚазМұнайГаз» компаниясына тиесілі «Қаламқас» кенішінің өртеніп жатқандығы жөнінде ақпараттар тараған. Кейіннен №8237 ұңғымасынан наурыздың 16-ынан бері газ-су қоспасы атқылап жатқандығы және оның арты наурыздың 25-і күні өртке ұласқандығы белгілі болған.