Қазақстанның кей аймақтарында қызылша ауруы белең алып келеді. Соңғы үш айда Жамбыл облысында қызылша ауруын жұқтырғандар саны үш есеге артқан.

Мәліметтер бойынша, ауырғандардың дені екпе алудан бас тартқандар мен вакцина алу жасына жетпеген балалар. Бүгінге дейін екпе алғаны туралы ешбір мәлімет жоқ 691 адамға екпе жасалған. Жыл басында 1 жасқа дейінгі және 6 жастағы тағы 3 мыңға тарта балаға қызылшаға қарсы екпе салынған. Мәліметтер бойынша, ақпанда Жамбыл облысы бойынша осы ауруға қырық адам шалдықса, қазір олардың саны жүз отызға жуық. Олардың 100-ге жуығы бала.
Қазіргі уақытта эпидемияға қарсы шаралар қарқын алып, тәулік сайын мониторинг жасалып жатыр.

Жалпы алғанда Қазақстанда қызылшамен ауырғандардың саны көбейгені туралы ақпарат 2018 жылдың соңына қарай айтыла бастады. Деректер бойынша, 22 қаңтарға дейін 700 адам тіркелген. Олардың көбі - Астанада. Одан кейін Шымкент қаласы мен Түркістан, Атырау, Ақмола облыстары тұр.

Қаңтардың басында АҚШ-тың ауруды бақылау және профилактика орталығы Қазақстанда «қызылшаның таралуына» байланысты ескерту жариялаған болатын. Ескертуде «Қазақстанға саяхаттап барушылар қызылшаға қарсы екпе алғанына көзін жеткізуі керек» деп жазылған. Ал екпе алмағандарға мамандар арнайы вакцина салдыруға кеңес берген. Орталық ескертуді ең төменгі «жасыл деңгейлі» деп көрсетіп, қарапайым сақтық шарасы екенін айтқан.

"The Qazaq Times"