«Президент бастамаларының барлығы орындалатын болады» - деп мәлімдеді премьер-министр Асқар Мәмин.

Бүгін Астана қаласында өткен үкімет отырысында Асқар Мәмин президенттің халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған «Әлеуметтік қамқорлық» бағдарламасына қатысты мәлімдеме жасады.

« Мемлекет басшысының барлық бастамалары қаржымен қамтылған және толықтай жүзеге асырылатын болады» - деді Мәмин.

Бұдан бөлек үкімет отырысында әлеуметтік-экономикалық даму және қаңтар-ақпан айларындағы бюджет қаржысын игеруге қорытынды жасалды.

«Біздің алдымызға қойылған басты мақсат – экономиканың тұрақты өсімі. Біз жалпы ішкі өнімнің 5 пайызға өсуін қамтамасыз етуіміз керек. Ол үшін барлығыміз жұмыла жұмыс істеуіміз қажет» - деп мәлімдеді премьер министр.

Естеріңізге салайық, Асқар Мәмин үкіметінің жасақталғанына бір айға жуық уақыт болды. Бұған дейнгі Бақытжан Сағынтаев кабинетін президент Назарбаев отставкаға жіберген. Ол өзінің бұл шешімін « Сағынтаев үкіметінің өзіне жүктелген міндеттерін дұрыс атқармауымен» түсіндірген.

Жалпы, Мәмин премьер-министр болып тағайындалған уақытта сарапшылардың басым көпшілігі оған «президент бастамаларын жүзеге асыратын кезекті орындаушы» деген баға берген.

"The Qazaq Times"