Сүриядағы (Сирия) «Ақ дулыға» атты үкіметтік емес гуманитарлық ұйым жайлы түсірілген фильмнің операторы, «Оскар» жүлесіне үміткер Сүрия азаматы Халед Хатибтің АҚШ-қа келер тұста белгісіз себептермен елге кіруіне тыйым салған деп хабарлайды Ассошиэйтед пресс.
Netflix компаниясының «Ақ дулыға» фильмі «Ең үздік қысқаметражды деректі фильм» номинациясы бойынша «Оскар» жүлдесіне ұсынылған болатын. 40 минуттық деректі фильм Түркиядан Сүрияға аттанған соғыс ошағындағы тұрғындарды құтқарушы топ жайлы түсірілген.
Осыған дейін 21 жасар сүриялық операторға америкалық виза берілген, бірақ Turkish Airlines әуе компаниясы Стамбұлдан Лос-Анджелеске аттанатын ұшаққа отырғызудан бас тартқан. Агенттіктердің ақпаратына сәйкес, АҚШ-тың ішкі қауіпсіздік департаменті Хатиб жайлы түскен «жағымсыз мәліметке» сүйене отырып, елге кіруіне соңғы сәтте рұқсат бермеген.
Бұл түсініспеушіліктер қарапайым визалық режимнің бұзылуынан бастап террористермен байланыс жөніндегі ақпараттардан да болуы мүмкін деген болжам келтіреді.
Ал ішкі қауіпсіздік департаментінің өкілі Джиллиан Кристинсен: «Құрама штаттарға кіру үшін арнайы жол жүру құжаттары қажет» - деп, мәлімдеуде.
Келеңсіз оқиға АҚШ президенті Дональд Трамптың бірнеше мұсылман елдеріне Америкаға кіруге рұқсат берілмейтіндігі жайлы бұйрыққа қол қоюы салдарынан болып отыр. Бірақ Сиэтл сотының үкімімен бұйрықтың жүзеге асу уақыты шегерілген. Ал Трамп жеті мұсылман елдері азаматтарының АҚШ-қа кіруіне тыйым салатын жаңа бұйрыққа қол қоятынын ескертті. Ал аталған жеті мемлекеттің қатарына: Иран, Ирак, Сүрия, Йемен, Ливия, Сомали және Судан мемлекеттері кірген.
«The Qazaq Times»