Сүриядағы ДАИШ-ке қарсы соғыс аяқталды деуге болады. АҚШ Сүрия жерінен әскерін шығару қамында. Ирак пен Сүрия жеріндегі өздерін «Ислам мемлекеті» атаған террорлық топтарға қарсы соғыс бес жылға жуық уақытқа созылды. АҚШ, Ресей, Түркия, ЕО, Иран, Сүрия, Ирак секілді негізгі ойыншылармен бірге 79 ел қатысты. Мыңдаған адам қаза тапты, миллиардтаған шығындар болды.
Алайда, «халифаты» күйреген жиһадшылар осымен бір жолата жеңіліс тапты ма? «ИМ» күштері халифат жариялағаннан кейін Сүрия мен Ирактан шамамен 8 млн халқы бар аймақты өз қарамағына алған болатын. Батыс елдері қарулы күштерін Сүриядан шығарғаннан кейін террорлық топ қайта пайда болмай ма?
Жақында ғана Мюнхенде өткен қауіпсіздік мәселесі бойынша халықаралық жиналыста Британия барлау ұйымының жетекшісі Алекс Янгер террорлық ұйымнан келетін қатердің әлі де сейілмегенін ашық айтты. Ол сөзінде: «Әскери жақтан террорлық ұйымды талқандағанымызбен олардан келетін қатер толық сейілген жоқ. Олар түрін өзгертіп басқа жаққа кетіп жатқанын біліп отырмыз. Олар Сүрия және оған көршілес аймақтарға тарады. Бұл террорлық ұйымға тән форма», – деген.
Германия қорғаныс тараулары «ИМ» күштерінің жасырын түрде өзге террорлық топтармен байланыс орнатып жатқаны туралы мәліметті алға тартқан. Ал, АҚШ тарабы бытырап кеткен террорлық топтың негізгі күштерімен күресті тоқтатпау керектігін, әйтпегенде террорлық топтың қайта ұйысуы мүмкін екенін айтады.
Мәліметтерге қарағанда Сүрия мен Иракта 20 мың мен 30 мың арасындағы «ИМ» террорлық күштері ел арасына сіңіп кеткен. Соның басым көбі өз елдеріне қайта алмаған. Себебі, еліне қайтса оларды абақты жазасы күтіп тұр. Оның сыртында, Солтүстік Африка, Шығыс Оңтүстік Азия елдерінде «Ислам мемлекеті» ұйымдарының жақтастары бар.
«Ислам мемлекеті» ұйымы құрылған кездегі жағдай
«Ислам мемлекеті» террорлық ұйымы (Қазақстанды қамтыған көптеген елдерде террорлық ұйым ретінде танылған және әрекеттеріне шектеу қойған) Иракта «әл-Каиданың» ішінен дамып шыққан. Аталған террорлық ұйым Ирак соғысына ызалы әрі жұмыссыз қалған әскерлерді өзіне тарту арқылы күш құраған. Оған қоса көршілес араб елдеріндегі жиһадшылардың лидерлері арасында байланыс орнатып, астыртын біріктірген.
Сол тұста «әл-Каиданың» жетекшілері Иракқа кірген АҚШ армиясына қарсы жиһадтық соғысқа шақыруы көптеген елдердегі жиһадшылардың басын қосты. Алайда, олардың қоғамдық, діни тәртіптердегі қаталдығы көпшілік жұртты өзіне қарсы қойып алды. Бұл «әл-Каиданың» Иракта оқшаулануына апарып соқты. Азаматтардың көбі Бағдат билігіне бағынып тұрғанымен, шииттік биліктің сүнниттерге қаратқан саясаты қарсылықты күшейтіп жіберді. Осыдан пайдаланған «ИМ» күштері 2014 жылы жазда Ирактың екінші үлкен қаласы Мосулды өз бақылауына алды.
Бұнымен бір уақытта Ирак армиясының да арасынан «ИМ»-ге қосылған әскерлер өте көп болды. Бұның өзі террорлық ұйымның қарамағындағы аймақты тез арада кеңейтіп жіберді. Қысқа уақыт ішінде «ИМ» террорлық ұйымы Ирактың үштен бір территориясын өз иелігіне алды.
Осының бәрі Сүриядағы азаматтық соғысқа тұспа-тұс келді де, билігі әлсіреп, ішкі соғыс болып жатқан елге «ИМ» күштері дендеп кірді.
Бұндай жағдай қайталануы мүмкін бе?
«Халифаттың» қайта құрылуына өзге елдер жол беріп қойып қарап отырмас. Дегенмен, кезінде «Ислам мемлекетінің» құрылуы мен күшеюіне мүмкіндік берген жағдайлар әлі де бар екенін байқаймыз.
Айталық, Иракта жағдай күрделі. Онда құралды шиит күштері көбеюде, олардың Иран астыртын қолдап отыр деген де мәліметтер кездеседі. Бұл құралды топтар Ирактағы кейбір сүнниттерді, анық дәлелі болмаса да, «Ислам мемлекеті» ұйымымен қатысы бар деп айыптайды. Бұндай жағдайлар кейде қақтығыстар мен қайшылықтарға соғуда. «Ислам мемлекетіне» балама террорлық топтың қайта пайда болмауы үшін Ирак үкіметі бұл қайшылықтарды тез арада шешуі керек. Дәл қазір Бағдат билігі бұл жағында әлсіздігін байқатып отыр.
Ал, Сүрия азаматтық соғыстан дел-сал күйде. Башар Асад режимі сақталып қалғанымен, оппозиция тарабы толықтай оны қабылдағысы келмейді. Бұндай жағдай да «Ислам мемлекеті» ұйымының қайта күш алуына мүмкіндік бермек. Себебі, Дамаскімен толық келіспейтін оппозиция күштері «ИМ» күштерімен бірігіп кетуі де ғажап емес.
Біз үшін ең қорқыныштысы Ауғанстан жағдайы. Ауғанстанда жағдайы әлі толық реттеліп кеткен жоқ. Тәліптермен келіссөздер де нақты нәтижеге жетпеді. Үкіметтің елді толық меңгеруге қауқары жоқ. Сүрия мен Ирактық жазық даласында жеңілген террорлық топтар Ауғанстанның түзілісі күрделі тау-тасына тығылып жатыр. Тәліптер мен «ИМ» күштері арасында қандай келісімдер болып жатқаны белгісіз. «ИМ» тобы күйрей жеңілгенімен, оның жаңа күштерді өзіне тарту механизмі өз күйінде қалып қойды. Ал, Ауғанстанға жақын Орталық Азия елдерінде әлеуметтік жағдай төмендеп, билікке деген ыза-реніш көбейсе, қоғамда жұмыссыздық пен әлеуметтік теңсіздікке наразы жастарды террорлық топтардың пайдаланып кету ықтималдығы жоғары болмақ.