Су жаңа Ұлттық экономика министрі Руслан Даленов: «Халық өзгерістерді сезінуі тиіс» - деп мәлімдеді.

Үкімет отырысынан кейін журналистер сұрағына жауап берген Руслан Даленов тарифтердің арзандауына қатысты мәлімдеме жасады.

«Шағымданыңыздар, мен әрбір мәселені өз бақылауыма аламын. Себебі бағалар жоспар бойынша арзандауы керек. Халық өзгерістерді сезінуі тиіс» - деді Даленов.

Министрдің айтуынша, тарифтер жоспар бойынша арзандауда. Ол өзінің бұл сөзіне дәлел ретінде үкімет отырысына Астана қаласының тұрғындарына коммуналды қызмет түрлерін төлегенде берілетін түбіртектің көшірмесін алып келген.

«Мен кеше пошта жәшігінен түбіртекті алдым. Оны әлі қараған жоқпын. Десе де, айтайын: Электр энергиясының тарифі бұған дейін 15,32 теңге болған, қазір 13, 89 теңгеге яғни 10 пайзға арзандаған. Бұл Астана бойынша. Менде барлық жерде 10 пайыз.  Жылу тарифі 3097 теңге болған. Қазір 2788 теңге. Бұл жерде де 10 пайыз және бұл осылай кете береді. Егер осылай болмаса, тікелей маған шағымданыңыздар. Бұл мәселені мен өз бақылауыма аламын» - деп мәлімдеді су жаңа министр.

Бұдан бөлек Даленовқа «жынына ие бола алмай жүрген» аты шулы Ұлттық экономика вице-министрі Серік Жұманғаринге қатысты сұрақ қойылды.

Даленов аталмыш мәселеге қатысты министрлікте қабылданған шаралар жөнінде айта келе: «Менің ойымша, қандай жағдай болса да дұрыс жауап бермеуге болмайды. Біз бұндайдың алдын алуымыз қажет. Аталмыш оқиғаға байланысты біз министрлікте тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Бұндай жұмыс барлық мемлекеттік органдарға қажет деп есептеймін. Біз журналистердің, БАҚ өкілдерінің жай сұрақ қоймайтынын түсінеміз. Бұл қоғамның, халықтың сұрағы. Біз оған сыйластықпен қараймыз» - деп ағынан жарылды.

Естеріңізде болса, осыдан біраз уақыт бұрын Жұманғарин журналистердің тарифтердің арзандауына қатысты сауалына: «Сіздер мына жерге менен тарифтер жөнінде сұйрауға келдіңіздер ме? Маған ресми түрде келіңіздер. Мен сіздерге тарифтер жөнінде басынан аяғына дейін айтып беремін. Жынымды келтірмеңізші» - деп жауап берген.

"The Qazaq Times"