Өткен түні Астана қаласындағы жеке тұрғынүйлердің бірінде болған өрт салдарынан бес бірдей бүлдіршін көз жұмды. Әлеуметтік желілер мен БАҚ беттерінде қайғылы оқиғаға қабырғасы қайысып, көңіл айтқан жұрттың санында есеп жоқ. Бірақ бұл жұрт назарына іліккен бір ғана оқиға. Осы сияқты елімізде жыл сайын қаншама оқиға болып жатыр.

Танымал блогер, азаматтық белсенді Айгүл Орынбек Астанада болған бес бүлдіршінің өліміне Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мадина Әбілқасыова кінәлі деп есептейді. Ол өзінің «Facebook» парақшасына: «Мадина Әбілқасымова бес баланың өлімі сенің мойыныңда» - деп жазды.

Айгүл ханымның бұл пікірімен біреу келісер, біреу келіспес, мәселе онда емес. Мәселе, дәл осындай оқиғаның Қазақстанның бір түкпірінде емес, Астананың қақ ортасында болуында және «екі аттаса» жететін жерге «көп балалы аналар миллионер болып кете ме» деп алаңдайтын министрдің әлі жете алмай жатқанында...

Төтенше жағдайлар комитетінің мәліметінше, 2017 жылы Республика бойынша, 15 мың өрт оқиғасы тіркеліп, 352 адам көз жұмып, 816 адам түрлі дене жарақаттарын алған. Өрт оқтиғаларының 68 пайызы жеке тұрғын үй аудандарына тиесілі. 2017 жылы жеке тұрғын үй аудандарында 10 мың өрт оқиғасы тіркелген. (Екі жыл бұрынғы статистика кешегі оқиғадан кейін анау айтқандай өзгеріп кетті деп айту қиын).

Бұл статистика нені көрсетеді? Төтенше жағдайлар комитетіне сөз берсең, олар барлығына халықтың өзін кінәләйді. ТЖК-нің кез келген өрт оқиғасына ежелден қалыптасқан бір ғана жауабы бар. Ол – «тұрғындар өрт қауіпсіздігін сақтамайды», «электр жүйелері дұрыс орналаспаған» т.т. Бірақ мәселе осыда ғана ма? Жоқ әрине. Бұл жерде «өрт қауіпсіздігінен бұрын» бірінші орында халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы тұр. Анасы жеті қараңғы түнде балаларын тастап, жұмысқа кетсе, «16 мың теңге» жетпейтіндігі анық. Сіздер «Шанель» киесіздер ме, жоқ әлде «Армани» киесіздер ме онда біздің шаруамыз жоқ. Қазір біреудің гардеробы емес, «балапандарын» асыраймын деп жүріп, қапыда бес бірдей «бауыр еті» баласынан айырылып қалған ананың тағдыры көбірек алаңдатады жұртты. Жоғарыда айтқанымыздай, бұл қоғам назарына ілінген бір ғана оқиға. Елімізде президент Назарбаев айтқандай, айына «500 мың теңге» таппайтын, бала-шағасының болашағы үшін емес, бір күндік наны үшін өмірмен алпарысып жүрген қаншама ана, қаншама әке бар. Бес бүлдіршіннің өлімі өрттен бе, жоқ әлде әлеуметтік жағдайдың төмендігінен ме?

Есті министрлер елге жақындаймын десе, осыны ойлағаны абзал...

"The Qazaq Times"