Қазақстан – кезекті мәрте «авторитарлы мемлекет». Ұлыбританиялық «Economist Intelligence Unit» зерттеу тобы осындай мәлімдеме жасады.
Дүниежүзі елдері бойынша жыл сайынғы демократия индексін жариялайтын EIU-нің қорытындысына сәйкес, 2018 жылы айқын демократиялы ел тізімінде –Норвегия, Исландия, Дания, Швеция және Канада көш бастап тұр. Ал АҚШ 25-ші орында, яғни «демократиясы әлсірей бастаған» елдер тізімінде. Сонымен қатар, Эстония, Литва, Латвия сынды посткеңестік елдер де осы тізім қатарында.
Қорытынды бойынша, Молдова (79), Грузия, (89), Украина (84), Қырғызстан (98) және Армения (103) индексте «гибридті режимдегі мемлекет» атанған. Ал Қазақстан барлығы 10 баллдан 2,94 балл жинап, 167 елдің арасында 144-орынға жайғасқан. Жалпы қорытынды бойынша, Қазақстан, Ресей, Беларусь, Әзербайжан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан кезекті мәрте «авторитарлық елдер» атанды.
Әлемдік деңгейдегі зерттеу тобы демократия индексін мемлекеттегі адам құқықтарының сақталуы, сайлау процесі, дауыс беру еркіндігі, пікір алуандығы (плюрализм), желі қолжетімділігі және азаматтардың саяси өмірге араласа білуі сынды басымдықтарды ескереді. Ресми зерттеу тобы «Қазіргі Қазақстанда классикалық түрдегі «демократия» ұғымы толық қалыптаспаған», – дейді. Бұл ретте мемлекеттердің демократиялық көрсеткіштері мынадай кемшіліктер бойынша «авторитарлы елдер» тізіміне енеді: біріншіден, дамыған және көп санды орта таптың жоқтығы; екіншіден, негізгі құндылықтар бойынша қоғамда консенсустың болмауы; нарықтық қатынастардың толық жетілмегендігі; үшіншіден, мемлекет пен бюрократия рөлінің артуы; төртіншіден, биліктің барлық эшелондарындағы (сатыларындағы) сыбайлас жемқорлықтың болуы; бесіншіден, билік органдарына іс жүзінде қоғамның бақылау жасамауы; алтыншыдан, қоғамда горизанталды билікке қарсы әсер ететін патранажды-клиенталды типтегі қатынастар мен байланыстардың сақталуы.