Жаңа заман жастарының жаңа талаптарын елемеу уақыт ағымын ескермегенмен бірдей. Қазіргі уақытта жұмысқа орналасудағы қиындықтар, баспанасыз өмір және непотизм (тамыр-таныстық) қазақстандық жастар үшін негізгі проблемаға айналып отыр. Осындай мәселелерді шешу мақсатында 2019 жыл Қазақстандағы жастар жылы болып жарияланды. Бұл жыл да жалған ұранмен басталып, арты халықтың еті үйренген бутафорияға айналып кетпей ме?! Ол үшін қандай проблемалар басты назарда болуы тиіс? Жастар жылы несімен ерекшеленуі мүмкін? Осы тектес сауалдарға жауапты арнайы сарапшы мамандардан сұрап көрген едік.

Дәурен Бабамұратов, «Болашақ» жастар қозғалысының жетекшісі:

– Қазақ тарихында тұңғыш рет жастар жылы белгіленіп отыр. Бұл үлкен бетбұрыс, жастарға біріншіден мүмкіндік, екінші жағынан жауапкершілік. Жастар жылында меніңше ескерілу керек ең басты мәселе –  аймақтар сабақтастығы. Қандай іс-шара не жиын өтпесін, ол әркез аймақтардағы белсенді жастарды қамтуы керек. Яғни, тек қана орталық пен Алматы Шымкент қана емес, бүкіл аймақтардың белсенді жастарын бір жұдырыққа жұмылдырылған істерді күтеміз. Ол солай боларына сенімдімін де. Тағы бір ескерерлік дүние, жастарға қатысты атқарылар істер ішінде олардың сапалы және мардымды жалақы алып, өз ісін дөңгелетуіне себепкер болатын дағдыларды қалыптастыратын әдіс тәсілдерді тәжрибемен көрсететін шаралар көбірек болса. Себебі, ең негізгі мақсат –  бәсекеге және жалпы заманға қабілетті жастарды тәрбиелеу. Дәл сол уақытта «Жастар жылы» екен деп, бүгінгі жастарды тәрбиелеп отырған дәстүрлі әрі тұрақты іс-шаралар да назардан тыс қалмауы керек. Яғни, дөңгелек үстелдер де, акциялар мен флешмобтар да, тренингтер мен семинарлар да қажет. Бірақ олардың сапасын арттырып, құрамына мән беру керекпіз. «Жастар жылының» басты мақсаты көпті таңқалдыру емес, жүйелі жұмыс істеп, ұзақ мерзімді нәтиже көрсету.

Аталған тақырып аясында «Жас Отан» Жастар қанатының төрағасы Данияр Сүндетбаевқа сауал жолдадық. Бірақ, берілген жауапта 2019-шы жастар жылына қатысты жоспарланған істер емес, өткен жылы атқарылған істердің қорытындысы көбірек айтылды. Зер салып көрелік:

– «Жас Отан» үшін 2018 жыл өзгерістер жылы болды. Биыл мемлекеттік жастар саясатында елеулі оқиғалардың бірі «Жас Отанның» IV Съезі өтті. Өңірлерден 1500-ден астам белсенді жастар келді. Нәтижесінде «Жас Отанның» алдағы атқаратын жұмысы мен жүзеге асыратын жобаларын талқыладық. Қабылданған жобалардың біразын іске асыруды бастап кеттік. Келесі жылы сол жобаларды бұдан да ауқымды етіп өткізуді жоспарлап отырмыз. Инновациялық жобалары бар жастарды қолдау үшін «Nurintech» байқауын үшінші жыл қатарынан өткізіп отырмыз. Биылғы жеңімпаздар анықталды. Жастар жылында марапаттауды жоспарлап отырмыз. Жастардың баспана мәселесі бойынша көтерілген «7-20-25» жобасымен тұрғын үйге қол жеткізу мүмкіндігі көбейді. Жастар жылында жастар мәселелері шешімін табады деп үміттенемін. Біз жас қазақстандықтарға арналған барлық жобаларымызды жаңа ауқымда өткізуге дайындалып жатырмыз».

«Жас Отан» тарапынан атқарылған іс қатарында жұмыспен және баспанамен қамту туралы нақты ұсыныстарды біле алмадық.

Арман Әубәкір, «Адырна» бірлестігінің басшысы:

– Биыл жастар жылында ұранға толы шаралар көп өтуі мүмкін. Бірақ қанша дегенмен, жастардың біршама әлеуметтік мәселелері де шешімін тауып қалар деген үмітім бар. Қазақта «Ат аунаған жерінде түк қалар» деген сөз бар. Жастарға арналған жыл болған соң аз да болса оң өзгеріс болмай қоймайды. Жастар жылы ұрандатылған бос іске ұрынбауы үшін өз тарапымнан бірнеше ұсыныс жасағым келеді.

Біріншіден, бүгінде «ақыл-ойдың, идеяның шетелге ағылуы» үрдісін тоқтатуға нақты әрекет жасалуы тиіс. Көптеген білімді, қолынан іс келетін жастар шетелге көшіп кетіп, өзге елдің мүддесіне еңбек етіп жүр. Соңғы жылдары бұл көрсеткіш еселеп көрініс табуда. Бұл жағымсыз жағдаймен күресу үшін жастарға елде қалуына нақты қолдау қажет. Жастардың инновациялық идеялар байқауы жиі өткізілуі тиіс деп есептеймін. Ол жерде жеңімпаздар жобасының толықтай іске асып, өндіріске айналғаны қарастырылуы тиіс.

Екіншіден, жалындап тұрған жастардың елге, мемлекетке қызметін сарқа пайдалану үшін оларды қағазбастылықтан арылту керек. Қызметте, түрлі жобаларды атқаруда жастар қағазбастылықтан шаршап нақты іс атқаруға деген шынайы құлшынысынан айрылып қалады.
Бізде, өкінішке орай, дәстүр сабақтастығы жойылып барады. Өткен күн – тариx, баға жетпес құндылық. Жастардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, шын мәніндегі патриот жастарды қалыптастыру үшін ұлттық мәдениетімізді жүйелі түрде насиxаттау керекпіз. Өз мәдениетін, тариxы мен тамырын дұрыс білмеген жастар ешқашан толыққанды тұлға болып қалыптаса алмайды. Бұл идеяның «Руxани жаңғыру» бағдарламасымен үндесіп жатқан жайы бар.

Үшіншіден, алдыңғы толқын ағалардың тәжірибесін қолданып, қателіктерінен сабақ алып, дұрыс іс-әрекетін бойға сіңіру, үйрену дәстүрі үзіліп барады. Сол үшін әр салада жетістікке жеткен ғалымдармен кездесулер қатары көп болуы тиіс. Жастар – қазақ елінің болашағы. «Алмас қылыш қын түбінде жатпас» дегендей қазақты тұғыры нық, шаңырағы биік ел ететін жүрегінде оты бар жастар.

Сонымен...

Еліміз тәуелсіздіктің 28-ші жылына аяқ басты. Тәуелсіз Қазақстан ретінде осы жылдар аралығында сан түрлі реформалар қабылданды. Бүгінгі күнге дейінгі саяси бағдарламалардың нәтижесін бағамдап қарасақ, кез келген бастама көтерілгеннен бастап төрткүл дүниеге жар салып қабылданады, ортан белге келгенде бәсеңдеп, соңында ұмыт қалады. Қандай да бір жаңалық болса, халық тарапы кезекті мәрте қоғамды алдаусыратудың сиқы деп айтарлықтай мән бермейтін болған. Бірнеше бастамалар осындай ұранмен басталып, науқаншылдыққа айналып кете береді. Соңында «көп қайнаған сорпаның» күйін кешеді. 2017 жылы Астана қаласының әкімдігінде өткен жиналыста Астананың сол кездегі әкімі Әсет Исекешов есеп беріп, «Біздің білім басқармасының қызметкерлерінің жалақысы 150 мың теңге және барлығы баспанамен қамтамасыз етілген» – деген болатын. Ал президент Н.Назарбаев журналистермен кездесу барысында баспана мәселесіне қатысты: «Егер (отбасыда) екі адам Қазақстандағы орташа жалақымен жұмыс істесе, бұл шамамен 500 мың теңге, онда 50 мың теңге деген соншалықты көп ақша емес, оның үстіне ақырын-ақырын төлеп бітіреді», – деді. Шынтуайына келгенде, салыстырмалы түрде отбасының бір мүшесі 45-60 мың теңгенің арасында айлық алады және басым көпшілігі баспанамен қамтамасыз етілмеген. Баспанасыз сенделіп жүрген жастар жеткілікті. Екі қолға бір күрек табылмай, жұмыссыздықтың дендеп тұрғаны тағы бар. Әлі күнге дейін нақты шешімін таппаған түйткілді мәселелер салдарынан шетелге ағылған жастар саны артты. 2018 жылдың басынан бері 7000-ға жуық отандасымыз өзге елдің тұрғынына айналған. Олардың басым көпшілігі жас отбасылар. Articlekz.com сайтының мәліметі бойынша, 2013 жылы жұмыссыздық деңгейі 5,4% яғни жұмыссыздар саны 488,1 мың адам болған. Ал 2016 жылдың үшінші тоқсанында жастар арасындағы жұмыссыздықтың деңгейі 4,6%-ға азайса, 2017 жылдың төртінші тоқсанында жұмыссыздық деңгейі Қазақстанның 16 өңірінің жетеуінде біршама төмендеген. 2018 жылғы статистикаға бойынша, Қазақстанда жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,9%-ға қысқарған. Біздегі статистикаға жүгінсек, жұмыссыздық саны жыл өткен сайын қысқарғандай. Бірақ қазіргі күннің өзінде 82 мың жас жұмыссыз жүр. Енді осы цифрды бес есеге көбейтсеңіз, нақты жұмыссыз адам саны белгілі болады...

Былтыр «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы жүйелі саяси реформаларға жалғасар деген үміт те аз болмады. Ал 2019 жыл «Жастар жылы» деп жар салғаннан кейін, қағазбастылық азайып, нәтижелі жұмыс қолға алынуы тиіс. Әйтпесе, бұл да жылдағыдай желеулетіп, халықты алдаусыратып өтетін «айтулы даталар» немесе үй шатырына ілінген жылтырақ баннер күйінде қалып қоймасына кім кепіл?!

"The Qazaq Tımes"