Қырымбек Көшербаев мұнай кен орындарының азаюы 70% Қызылорда облысында екенін мәлімдеді. Бұл туралы ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі бейресми кездесу барысында айтты.
«Мұнай кен орындарының азаюынан 2015-2017 жылдары мұнай өндіру 3 миллион тоннаға азайды. Республика бойынша азайған мұнайдың 70% біздің облысқа тиесілі. Соның кесірінен мұнай кәсіпорындарының инвестициялық шығындары да азайды. 2016 жылдың қортындысы бойынша мұнай кәсіпорындарының инвестициялық шығындары 30% түсіп кеткен. Бұл өз кезегінде құрылысқа да әсер етіп отыр» деді Қырымбек Көшербаев.
Облыс әкімі аймақтағы мұнай саласындағы қалыптасқан жағдай «Сексеуіл-Жезқазған» теміржолы, «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» тас жолы, «Бейнеу-Шымкент» газжолы жобаларына да кері әсер етіп жатқанын айтты.
Алайда, облыс экономикасы тек қана мұнайға тәуелді емес. Мәселен, 2014 жылдан бері аймақ экономикасының өңдеу секторы жақсы қарқынмен дамып келеді. Соңғы төрт жылда бұл сектор 52% өскен. Және жұмыссыздықты да 4,9% ұстап тұруға аймақ экономикасындағы жүйелі жұмыстар мүмкіндік беріп отыр дейді облыс әкімі.
“ The Qazaq Times”