Мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен тапсырыспен өлтірілген.

Алматы қаласының мамандандырылған сотында Оксана Теннің адвокаты Нұрлан Өстеміров Денис Теннің өліміне қатысты жүргізіліп жатқан қылмыстық іс жөнінде мәлімдеме жасады.

«Іспен танысу барысында 14 бірдей қарама-қайшылықты анықтадық және бұл адам өлтірудің тапсырыс бойынша жүзеге асқанына меңзейді. Біз қылмыстық істі прокуратура қарауына жіберу керек деп есептейміз. Бұл жерде мәселе – дәлелдерге назар аударылмай жатқанында» - деді Өстеміров.

Денис Теннің өліміне қатысты күдіктілер ретінде Арман Құдайбергенов, Нұралы Қиясов және Жанар Толыбаева ұсталған. Олардың үстінен ҚР Қылмыстық Кодексінің 188, 192, 99, 434, баптары бойынша қылмыстық іс қозғалған. Қылмыстық іс қазірдің өзінде 38 томнан тұрады. Адвокаттың бүгінгі мәлімдемесіне қарағанда, болашақта олардың саны өсуі мүмкін.

Естеріңізге салайық, 19 шілде күні мәнерлеп сырғанаушы Денис Тенге тал түсте Алматы қаласының орталығында көлік тонаушы ұрылар шабуыл жасап, пышақ салған болатын. Салдарынан Олимпиада ойындарының жүлдегері, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы көз жұмған. Осы оқиғадан кейін азаматтық белсенділер мен журналистер қауымы Қалмұханбет Қасымов бастаған ІІМ сынға алып, ведомства басшысының отставкаға кетуін талап еткен. Бірақ президент Назарбаев Қасымовқа жететін Қазақстанда полиция қызметкері жоқ екендігін айтып, ІІМ реформалауды Қалмұханбет мырзаға сеніп тапсырған.

"The Qazaq Times"