Ресей президенті Владимир Путиннің орнын басуға үш кандидат лайықты. Олардың бірі осы лауазымға ие болу үшін, 2021 жылы премьер-министр болып тағайындалуы тиіс – дейді жапондық «Nihon Keizai Shimbun» басылымы.
Басылымның сараптамасы бойынша, алдағы уақытта Ресей жаңа басшы тағайындауды тағатсыздана күтеді. Әлем ғана емес, ресейлік саясаткерлер де Путиннің мұрагері кім болатынын ойлай бастады. Постпутин кезеңін болжай отырып, саясаттанушылар Ресей көшбасшысының мұрагерін анықтамақ. Әрине, оппозициялық күштер билікті басып алатындай сценарий құра алмайды. Сонда да «агрессорлық Ресей» билігін жаңа реформалар күтіп тұғаны мәлім. Расымен, Ресейде мерзімінен бұрын сайлау бола ма? Путиннің орнына кім үміткер? Жапондық тілші Мотохиро Икэданың сараптамасына және өзге де саясаткерлердің пікіріне зер салсақ.
«Солғын саясат»
Ресейде президент Путиннің танымалдығына көлеңке түсті. Бұған халықтың зейнетақы реформасынан туындаған наразылықтары әсер етті. Жер-жерде көтерілістер орын ала бастады. Қазіргі уақытта Путиннің билік басындағы төртінші мерзімдік кезегі өтіп жатыр. Осы жылдың қыркүйек айында өткен аймақтық сайлау басшылықтың соңғы мерзіміне аяқ басқан Путин үшін соққы болды. 9 қыркүйекте Приморск және Хабаровск өлкелерінде, сондай-ақ басқа да облыстарда Путин бастаған «Біртұтас Ресей» партиясы бірінші турда жеңіске жете алмады.
ҚХР төрағасы Ши Жинпиң, Жапонияның премьер-министрі Синдзо Абэ және т.б. қатысқан шығыс экономикалық форумнан кейін 16 қыркүйекте Приморск өлкесінде губернаторлық сайлаудың финалдық туры өтті. Дегенмен, билеуші партиядан үміткер Андрей Тарасенко финалдық турда да қиындықтарға тап болды.
Билік қателіктері мұнымен шектелмейді...
Сарапшылар Путин әкімшілігі ұсынған зейнетақы реформасы «Біртұтас Ресей» партиясының аймақтардағы жеңілісіне әкеп соқты деп санайды. Үкімет қаржылық жағдайды жақсарту үшін зейнеткерлік жасты көтеру туралы ой тастады, алайда бұл ресейліктердің наразылығын тудырды. Соған қарамастан, тамыздың соңында президент Путин ымыраластық нұсқа ұсынды: бастапқы жобада көрсетілгендей, ерлер үшін зейнет жасын 60-тан 65 жасқа дейін көтеру, ал әйелдер үшін 60 жасқа дейін ұлғайту. Осы нұсқа бірден қабылданып, парламент президенттің түзетуіне сәйкес зейнетақы реформасы туралы заң жобасын қабылдады. 3 қазанда Путин аталған заң жобасына қол қойды. Нәтижесінде В.Путиннің рейтінгісі 2016 жылмен салыстырғанда күрт төмендеп кетті. Халық арасында дау бұрынғынан да ушыға түсті. Ресми мәліметтер бойынша, 2018 жылдың қазан айында Путиннің рейтингі 66%-ға төмендеген. 2014 жылдың көктемінде Ресей Қырымды аннексиялап алғаннан кейін, Путиннің саясаттағы орнына және биліктегі әділеттілігіне күмәнмен қарайтындар саны артты. Әлем БАҚ-тары «агрессорлық Ресей» туралы жарыса жазды.
Зейнетақы реформасына наразылықтан басқа, Путиннің танымалдығының төмендеу себебі – 2000 жылдан бері «созылмалы биліктің» қалыптасуы болды. Бірінші және екінші мерзім кезінде Путиннің әкімшілігі жоғары экономикалық өсім мен әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етті; үшінші ретте орталық билік күші кезінде Қырым аннексиясы есебінен төмендеді. Төртінші кезеңде экономика құлдырады. Дипломатия да тығырыққа тірелді. Саяси шаралар орындалған жоқ. Осыған байланысты оның мерзімі аяқталған соң, жалпы билікке келу ықтималдығы азаяды.
Путиннің орнына үміткерлер кім?
Бұл сұрақ қазір әрбір ресейлік азаматты ойландыратын сауалға айналды. Президент Путиннің лауазымнан кетуіне бес жарым жыл қалды. Билік басшылығын ауыстырудың ауылы әлі де алыс. Алайда, шетелдік сарапшылар алдын-ала сайлау барысын талқылап, кандидаттарды ұсынуда. Яғни бұл дегеніміз – Ресей президентінің жүргізіп отырған саясатына күдік ұялады деген сөз.
Ресей Ельцин әкімшілігі кезінде экономикалық құлдырау мен ішкі саясаттағы хаосты бастан кешіп үлгерді. Сонымен қатар, реформаторлар рейтингі тек 1-2% болды. Ал Путин әкімшілігі оппозицияны жою мақсатында сансыз реформалар ұсынып, сайлау жүйесіне әртүрлі шектеулер енгізді. Сондықтан да сарапшылардың басым көпшілігі мұрагерді тек қана президент Путин анықтайды деп есептейді. Осы ретте Саяси технологиялар орталығының сарапшысы Алексей Макаркин: «2007 жылдың соңында Медведев президенттікке кандидат болып тағайындалды және бұл Путин кез келген уақытта президенттік орынды қайтарып алатындай мүмкіндік, әрі таңдау болды. Бұл жолы таңдау одан да мұқият болуы тиіс», – дейді. Макаркиннің айтуынша, Тула облысының губернаторы Алексей Дюмин президенттікке нағыз лайықты үміткер. Ол біраз уақыт Қорғаныс министрінің орынбасары лауазымын атқарған. Кейіннен Путин оны Тула облысының губернаторы міндетін атқарушы етіп тағайындады. 2016 жылдың қыркүйегінде Дюмин губернаторлыққа ие болды. Дюмин тағайындалғаннан кейін Тула облысының экономикалық жағдайы реттелді. Қала қарқынды дамып келеді. Қазір облыс үлгілі және айтарлықтай дамыған.
Ал саяси ақпарат орталығының директоры Алексей Мухин: «Мұрагерді Путиннің өзі сайлайды. Ресейде басқа сценарий ұсыну қиын», – дейді. Сонымен қатар, оның айтуынша, мұрагер белгілі бір шарттарға сәйкес болуы тиіс: Путиннің сеніміне ие болу; мемлекеттік органдардың немесе ірі компаниялардың басшылығында жұмыс істеу; өңірлік әкімшілікте жоғары тәжірибесі болуы тиіс. Саясаткер Мухиннің пікірінше, қазіргі уақытта үш кандидат бар: Ярослав облысының губернаторы Дмитрий Миронов, азаматтық қорғаныс істері, Төтенше жағдайлар министрі Евгений Зиничев және губернатор Дюмин. Миронов ІІМ Министрінің орынбасары болды, кейін 2016 жылы Путин оны Ярослав облысының губернаторы етіп тағайындады. 2017 жылдың қыркүйегінде ресми губернатор болды. Ал Зиничев 2016 жылы Калининград облысының губернаторының міндетін атқарушы болып тағайындалды. Соған қарамастан, Путин оған ФСБ директорының орынбасары лауазымын ұсынды. 2018 жылдың мамырынан бері азаматтық қорғаныс министрі қызметінде.
Бұл үш кандидат халықаралық аренада мүлде танымал емес. Бірақ, ресейлік БАҚ-тар аталған кандидаттарды мықты, тәжірибелі және үздік үміткерлер ретінде дәріптеп келеді.