Бүгін Алматы қаласында «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі «Отан оттан да ыстық» жобасын қорытындылау мақсатында «Әр қазақ-менің жалғызым» атты дөңгелек үстел отырысын өткізді.

Жиынға «Адырна» бірлестігінің басшысы Арман Әубәкір, «Отан оттан да ыстық» жобасының жетекшісі Құрметолла Мұхаметханұлы, Алматы қаласы мемлекеттік еңбек инспекциясы және көші-қон басқармасының көші-қон бөлімінің басшысы Күлбарам Ғалиева және Алматы қаласы ішкі саясат басқармасының бас маманы Әбдіқадірова Ақерке қатысты. Дөңгелек үстел барысында Алматы қаласы мен облысындағы көші-қон мәселелері, арғы беттен келген қандастардың құжаттық проблемаларын шешу жолдары талқыланды. Басқосуда Гүлбарам Темешқызы соңғы уақыттары қандастар арасында үлкен проблемаға айналған ықтиярхат пен азаматтық алу, тұрғылықты тіркеуге тұру сияқты бірқатар мәселелерге байланысты сұрақтарға жауап берді.

Бұдан бөлек дөңгелек үстел барысында «Адырна» бірлестігі өкілдері алдағы уақытта сыртқы істер министрлігі мен парламентке қандастар мәселесіне қатысты қорытынды ұсыныс жасайтынын мәлімдеді.

"The Qazaq Times"