Өзбекстан 2018 жылдың соңына дейін әліпбидің латын қарпіндегі жаңа нұсқасын енгізуді жоспарлап отыр. Бұл туралы "УЗА" мәлімдеп отыр.
Ташкент Мемлекеттік Университетінің Өзбек тілі және әдебиеті жанынан құрылған арнайы топ жаңа әліпбиінің жобасын көрсетті. Сарапшылардың айтуы бойынша, жаңа нұсқаға апострофтармен бірге диакритикалық белгілер де енгізілмек. Осылайша, жаңа әліпби өзге де түркі тілдеріне жақынырақ, әрі пайдаланғанға да ыңғайлы болады деп межелейді.
28 әріптен, 30 белгіден тұратын жаңа әліпбиде қазіргі «ш» және «ч» әріптері «sh» мен «ch» болып емес, «ş» және «ç» болып көрсетіледі. Бұдан бөлек, сарапшылар ӯ» мен «ғ» әріптерін енгізу кезінде апострофтардан бас тартып, оның орнына «ŏ» және «ğ» енгізді.
Өзбекстанның жаңа латын әліпбиі нұсқасында кириллицадан енген "ц" әрпі мүлде алынып тасталған. Сол секілді, жаңа әліпбиде бұрынғы «нг» дыбысын беретін «ng» -да көрсетілген.
Естеріңізге сала кетейік, Түркі тілдес елдердің ішінде Түркия, Әзірбайжан сынды мемлекеттер латын әліпбиіне аса бір қиыншылықсыз өткені белгілі. Бірақ Өзбекстан ұзақ жылдар ішінде қос әліпбиді (кириллица және латын) пайдалануда.
Өзбекстан жазу тарихына көз жүгіртетін болсақ, 1917 жылдарға дейін бізге ұқсас араб әліпбиін пайдаланған. Бірақ 1926 жылы Баку қаласында өткен І Түркі тілдес халықтар съезінде қабылданған шешім бойынша, Кеңестер одағы құрамындағы барлық түркі тілдес халықтардың бір ауыздан араб әліпбиінен, латын әліпбиіне көшуі керек деген шешіміне байланысты 1930 жылы Өзбекстан латын әліпбиіне ауысқан. Ол кезде Өзбекстанға латын әліпбиіне көшу аса бір қиындық тудырмаған. Өйткені, сол кездегі өзбек халқының басым көпшілігі сауатсыз болған. Алайда, арада он жыл өткен соң 1940 жылы 8 мамыр күні ел билігі Өзбек ССР Жоғары кеңесінің ІІІ сессиясында толықтай кирилл әліпбиіне өтуге байланысты шешім қабылдаған.
Ал, осыдан бір жыл бұрын ғана Қазақстанның да латын әріпіне көшуге қадам басқаны белгілі. Нұсқадан нұсқаға өтіп, әртүрлі сөздердің жазылу кезінде күлкіге қалған қаріптер, тек үшінші нұсқада ғана көңіл көншітерліктей көрінді. Бұл туралы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев латын қарпіне негізделген қазақ әліпбиінің соңғы жобасы қызу талқыланып, қоғам тарапынан қолдау тапқандығын атап өтті. Соның қзінде де сын-пікірлер әлі де айтылуда. Мемлекет басшысы қазақ әліпбиін латын қарпіне кезең-кезеңмен және жүйелі түрде көшірудің маңызына назар аударғаны белгілі.
Бұған дейін Қазақстан «Ғалымдар одағының» мүшелері 2017 жылдың 26 қазанындағы қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы жарлыққа қатысты ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа ашық хат жолдаған. Осылайша, ғалымдар ҚР президентіне латын әліпбидің жаңа жобасы туралы концепция негіздемесін ұсынған болатын.
Өзбек ағайында латын қарпінің жаңа нұсқасына өтетін тұста, кириллицадан енген өз ұлтының төл дыбыстауында жоқ дыбыстардан бас тартуда. Осындайда еске түсетіні – қазақ әліпбиіне латын қаріптерін жеткізе алмай жатсақ та, латынның "W" және "C" әріптерін керексіз етіп қалдырып, "У" дыбысын бейнелейтін дайын тұрған "W"-дің орнына "Y"-ды (уай) қосымшасымен зорлап таңғанымыз зор қателік болып қалып барады. Өзіне қолайлы тілде сөйлеу үшін ана тіліне қарсы шығатын шенді-шекпенді, бұл ретте де көзі үйір болған қаріпке бұра тартып, ұлт қамы, тіл болашағы деген ұлт жандылардың, ғалымдардың, халықтың сөзіне құлақ аспай-ақ қойды.