АҚШ-тың Иранға қарсы жаңа қатаң санкциялары күшіне енді. Ядролық келсім бұзылғаннан кейін ел қайтадан Батыспен бизнес жүргізу мүмкіндігінен – мұнайды сатудан және әлемдік қаржы жүйесінен айырылмақ.
Әлемдік БАҚ-тың пікірінше, осы санкциялардан соң Иран басшылығы ядролық және ракеталық бағдарламаларынан және Уашингтонның одақтастарына қарсы тұратын Сүриядағы Башар Асад, Ливандағы «Хезболла» және Таяу Шығыстағы басқа да күштердің қолдауынан бас тартуға мәжбүр болады. Ал ресми Теһран АҚШ-тың шынайы мақсаты – келіссөз емес, билікті ауыстыру дейді.
Жалпы, Иранға қарсы санкциялар 2015 жылы күшін жойған болатын. Сол жылы қос мемлекет арасындағы ядролық келісімге қол қойылып, ол 2016 жылдың қаңтарында күшіне енді. 2018 жылдың мамыр айында Уашингтон «Америкаға пайда әкелмейтін келісімнің» күшін жойды. Осы уақыттан бастап АҚШ тарапынан салынған «ескі» санкциялар қайта қалпына келтірілді. Ресми Уашингтон санкциялар Иранның «дұшпандық іс-әрекеттеріне», оның ішінде кибершабуылдарға және баллистикалық зымырандарды сынауға қарсылық есебінде салынатынын айтты. Сонымен қатар, Теһранға Таяу Шығыстағы радикалды топтарға қолдау көрсетуге кедергі жасау мақсатында жүзеге асады. Санкциялық тізімде 700-ден астам жеке тұлға, ұйымдар мен компаниялар, оның ішінде елдің негізгі банктері, мұнай экспорттаушылары мен кеме қатынасы компаниялары бар.
Ендігі кезекте қатаң қаулылардың Иран экономикасының қай саласына бағытталғанына зер салсақ. 7 тамыздан бастап құжаттық ретте тыйым салулар:
Иранға қолма-қол ақшаларды сату және беру;
Иранмен алтын және басқа да қымбат металдар саудасын жүргізуге;
Риал мәмілелерін жасауға;
Иран мемлекеттік қарызын шығаруға байланысты кез келген іс-әрекеттер;
Алюминий, графит, болат, көмір және өнеркәсіптік мақсаттағы сауда жасау;
Иран кілемдері мен қара уылдырықты қоса алғанда, сән-салтанат заттарын импорттау және жолаушылар ұшақтарын Иранға жеткізуге тосқауыл қойылды.
5 қарашадан бастап негізгі 3 шектеу күшіне енді:
Иран мұнайын сатып алуды тоқтатпайтын мемлекеттердің банктері үшін долларды тұтынуға тыйым салу; Иран порттары мен негізгі салаларға қарсы санкциялар: энергетика, кеме қатынасы және кеме жасау. Сонымен қатар, Иранның Орталық банкімен шетел банктерінің барлық есептері және Иранның шетелдік шоттарда сақталатын валютаға қол жеткізуіне тыйым салу.
АҚШ Қаржы министрі Стивен Мнучин: «Біздің мақсатымыз – астыртын әрекеттерге қарсы тұру. Осы арқылы Ираннан мұнай экспортын азайтпақпыз. Егер тосқауыл болам деушілер табылса, жағдай одан сайын нашарлайды. Иран өзге аймақтарға соғыс ашу және жаулаушылық әрекеттерінен арылуы тиіс», – дейді. АҚШ бұған дейін жаңа санкция бойынша Ираннан мұнай сатып алу тыйымын бұзғандарға айыппұл салынатынын ескерткен. Бірақ, Ақ үй әкімшілігі сегіз елге қатысты тыйымның күшін алты айға дейін тоқтата тұру жоспары барын мәлімдеді. Яғни сегіз ел – Қытай, Үндістан, Оңтүстік Корея, Түркия, Италия, Греция, Жапония және Тайвань Иран санкцияларының ықпалынан құтыла алады. Сонымен қатар, доллар әлемдік резервтік валюта және халықаралық саудадағы төлемнің негізгі құралы болғандықтан, америкалық қаржы жүйесінен алшақтау көптеген елдер үшін қауіпті болмақ. Сол себепті Иранмен импорттық байланыс орнататын өзге 8 мемлекет алдағы қадамын аңдап басуы тиіс. Осы ретте мамыр айында Трамп Иранмен мәмілені үзген кезде нарықтағы қосымша мұнайдың негізгі көзі – Сауд Арабиясы АҚШ-тың негізгі одақтасы болады деген. Алайда, саудиялық журналист Жамал Хашоггидің қазасынан кейін екі ел байланысы кенеттен күрт нашарлады.
Тарихқа зер салсақ, 1979 жылғы төңкеріс уақытынан бастап Иран мен АҚШ байланысы нашарлай түскен. Террорлық әрекеттердің өршуіне байлнысты 1984 жылы АҚШ Иранды «лаңкестік демеушілеріне» жатқызып, ауқымды санкциялар енгізді. 2010 жылдың маусым айында БҰҰ Иранға қарсы қосымша санкцияларын жүзеге асырды. Екі жылдан кейін Еуроодақ Иран мұнайын сатып алуды толығымен тоқтатты.
Өткен ғасырдың соңынан бастап Иранға АҚШ, БҰҰ және Еуроодақ санкция салды. Қатаң қаулылардан көз ашып үлгермеген Иран үшін Дональд Трамп әкімшілігінің жаңа санкциялары соққы боп тиді. 2013 жылы Иран Қытай, Франция, Ресей, Ұлыбритания, АҚШ және Германиямен мұнай экспортына қатысты уақытша келісімге (JPA) қол қойған болатын. Келесімнің арқасында Иран $4,2 млрд шетелдік активтерге қол жеткізді және тәулігіне 1,1 млн баррель мұнай экспорттауға рұқсат алды.