Тәжікстандық саясаткер "Рогун" гидро электр станциясына ел президенті Эмомали Рахмонның атын беруді ұсынды.
Тәжікстан парламентінің төменгі палата депутаты, Демократиялық партия жетекшісі Саиджафар Усмонзода "Рогун" гидро электр станциясына Эмомали Рахмонның атын беруді ұсынды. Оның сөзінше, Кеңестер одағы құлағалы бері тоқтап тұрған "Рогун" құрылысының қайта жандануына бірден бір мұрындық болған мемлекет басшысы Эмомали Рахмон. Ол өзінің осы шешімі арқылы тәжікстандықтардың өмір сүруге деген құштарлығын оятып, көңілдеріне сенім ұялатқан.
Жалпы, Орталық Азия елдерінде мемлекет басшыларының құрметіне әуежай немесе университет атауын беру дәстүрге айналған. Мысалы, Қазақстанда президент Нұрсұлтан Назарбаевтың атында мектеп, университет, әуежай, көше бар. Ал Түркіменстанда тіпті Түркіменбасы атты қала бар.