Жақында Халықаралық валюта қоры 2019 жылға арналған экономикалық болжамын жариялады.

Болжам бойынша, келесі жылы әлем экономикасы бұрын соңды болмаған қиындықтарға тап болады. ХВҚ мәліметінше, 2019 жылы сауда соғысы салдарынан әлемдік экономика 1,52 трлн доллар табысынан айырылады. Бұл өз кезегінде жаһандық нарықтың 17 пайызға қысқаруына және жалпы ішкі өнімнің 1,9 пайызға азаюына алып келеді.

Халықаралық валюта қоры сарапшыларының пікірінше, 2018-2020 жылдары аралығында әлемдік экономиканың жылдық өсімі 3,7 пайыз болады. Бірақ бұл өсім жыл өткен сайын баяулап, 2022-2023 жылдарға қарай 3,6 пайызға тұрақтайды. Яғни әлемдік экономика ұзақ уақыт рецессиялық кезеңде болады.

2014 жылдан бері дағдарыстың терең тұңғиығында келе жатқан Қазақстан үшін ХВҚ-ның бұл болжамы жақсы емес екендігі айтпаса да түсінікті шығар. Десе де, «мұнай инесінде» отырған елімізді келер жылы не күтіп тұр?» деген сұрақ кімді болса да алаңдатары анық. Енді осы сұраққа жауап іздеп көрсек.

Сарапшылар пікірінше, Қазақстан экономикасы келесі жылы 2008-2009 жылдардағы дағдарыстанда ауыр қиындықтарға тап болады. Себебі Қазақстан қай уақытта болса да мұнай бағасы  мен сырттан келетін инвестицияларға тәуелді. Ал келесі жылы әлемдік экономикалық тербелісте сырттан келетін инвестициялар көлемі азайып, мұнай бағасы құлдырауы мүмкін.

Жалпы, соңғы айлары АҚШ-тың қаржы-неси саясатын күшейтуі дамушы елдердің экономикасына оңай тиген жоқ. Уашингтонның қысымынан бірінші кезекте Аргентина мен Түркия экономикасы теңселді. Жоғарыда аталған екі елдің екеуінің де ұлттық валютасы құлдыраудың әлемдік рекордын орнатты. Құнсыздану марафонынынан қазақтың теңгесіде қалыс қалған жоқ. Біздің ұлттық валютамыз әп-сәтте Ресей рублі мен Қытай юані бастап тұрған құлдырау тізіміне еніп кетті.

"The Qazaq Times"