Алматы – жыл сайын халық саны өсіп, аумағы күн санап кеңейіп келе жатқан алып шаһар. Халық көп жерде қозғалыстың да ауырлайтыны белгілі. Көлік кептелісі – шаһар басшылығы шеше алмай келе жатқан күрмеулі мәселе болып тұр. Биыл жазда көптеген көшелер жөнделді. Мұнысы қуантарлық. Бірақ бірнеше мекемеге қарасты аумақтардың асфальті сүріліп, оның орынына тас тақтайшалар төселген. Сөйтіп, біраз көлік тұрақтары да жоғалып кетті. Бұл әрине, өз кезегінде кептеліс санын арттырды. Қала бастықтары болса, бұл мәселені шешу үшін жанталасып жатырмыз дегенді аңғартады. Сол мақсатта Тимириязев көшесіндегі аялдамалардың орынын ауыстырып, қозғалыс бағыттарын өзгерткен. Бірақ осы өзгеріске риза болған көлік жүргізушілерін аз байқадық. Кіммен пікірлессек те, барлығы «Тимириязев көшесінің бойымен жүргіміз келмей қалды. Тым тарылтып жіберді. Әрі аттап бассаң – бейнебақылау» деп шағынады. Ал қала басшылығы «осы арқылы қоғамдық көлікті дамытамыз» деп міз бақпайды.
Бұл туралы Мұрат Шакуов есімді желі қолданушысы да пікір білдірген.
«Қаптаған камера не үшін керек? Қаншама елде болып жүрмін, бірақ біздердегідей камераларды көрмедім. Қала емес, зонада жүрген секілдіміз. Төлеп отырған салығымыздың әрбір артық басқан миллиметр үшін бізге айыппұл жазатын камераға шығындалғанын қаламаймын. Одан да жаяу жүргіншілер жолағын жарақтандырсын, бағдаршамдар орнатсын, жарық жақсын. Паркингтер салған болса, көшеде тұрған көлік те азаяр еді. Ал қазір мейлінше айыппұлды көп өндіріп алу үшін ғана жұмыстар істеліп жатыр. Кім-кімге жұмыс істеп жатқанын түсіну қиын: үкімет халық үшін бе, әлде халық үкімет үшін бе?» деп жазады ол.
Негізі, Алматы жолдарын ақылы ету бастамасы Байбек келгелі, сонау 2015 жылы көтерілген. Сол кездің өзінде Саин көшесін, Шығыс айналма жолы мен Әл-Фараби даңғылын ақылы ету жоспарда бар делінетін. Әлі сол қауесет тарап келеді. Алайда мұндай бастамамен «Жол қозғалысы қауіпсіздігі қауымдастығының» басшысы Арсен Шакуов келіспейді.
«Егер айтылып отырған қала аумақтарын ақылы етіп тастайтын болса, мәселе тығырыққа шындап тірелмекші. Яғни, адамдар Шығыс айналма жолымен азырақ жүреді де, көліктер тасқыны қала ішіне қарай ағылады. Ал қаланың іші онсыз да көлікке тығындалып тұрады» дейді ол.
Бірақ қала басшылығының бұл идеядан бас тартар түрі байқалмайды. 2016 жылғы мәлімдемесінде қала әкімдігі мегаполистің жекелеген аймақтарын ақылы қылу – ұтымды шешім деген еді:
«Осы саясатты жүргізу арқылы қаланы жеке көліктерден тазартып, адамдарды қоғамдық көліктерге отырғызуды қолға аламыз. Ол жерде ешқандай қоршау болмайды. Ақылы жолды шлагбаумы бар арнаулы жол деп түсінбеу керек. Тек ол жерде көліктерді есептеуіш құрылғы орнатылады» деген еді қала әкімінің сол кездегі орынбасары Юрий Ильин.
Қалаға күніне аудандар мен ауылдардан бірнеше автобус және жеке транспорттардың келетіні рас. Себебі, тұрғындардың көпшілігі Алматы қаласындағы жұмыстарына қатынап істейді. Ал қалалық жолаушылар транспорты және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ерлан Әділов қалаға кіруді ақылы қылу дәл қазір қарастырылып жатқан жоқ деп мәлімдеген. Жақында ғана.
«Қаланың шет жағынан келетін көліктер үшін қалаға кіруді ақылы ету дәл қазіргі сәтте қарастырылып жатқан жоқ. Алайда халықаралық тәжірибені ескере отырып, қаладағы көлік ағынын реттеу үшін және жеке транспортты азайту мақсатында қала жолдарын ақылы ету мәселесі қарастыруға тұрарлық».
Әділовтің ә дегеннен не айтқысы келгенін түсіну қиын. Қалаға кіру жолдарын ақылы ету керек пе, жоқ па? Түсінуімізше, бұл мәселеге әкімдік дәл қазір бас қатырып отырған жоқ. Бірақ бас қатыруға лайықты проблема-мыс. Солай. Сірә, әкімдік бұл жобаны қашан пісіріп, дайын қылғанша халыққа жария етудің қажеті жоқ деп санаса керек. Өйткені көптеген көлік жүргізушілері бұл бастамаға наразы. Қазіргі таңдағы мәлімет бойынша күн сайын Алматыда 500 мың автокөлік қозғалады. Оның 200 мыңы – қала сыртындағы аймақтардан келетіндер.
Ал Алматы облысында тұратын жеке көлік жүргізушісі Нұртас Темірбаевтың (аты-жөні өзгертілді) айтуынша, ақылы жол жасаудың астарында мүлде басқа амбиция бұғып жатқан көрінеді.
«Қаламыз Еуропа елдері сияқты болса бір сәрі. Кәрі құрлықтағыдай стандартқа жету үшін бізге әлі көп уақыт керек. Бәлкім, ол он жыл, бәлкім жиырма жыл. Бұл жерде әкімдік халықты екі тапқа бөліп тұр. Бірі – ақ, бірі – қара деген сияқты. Сонда Алматыда тұрған адамдар бізден артық болғаны ма? Облыстан келетін көліктерге ақша төлетіп, кептелісті азайтамыз деу бекер әңгіме. Кептелісті кетіруге шындап кірісетін болса, қаншама айналма жолдар мен көпірлер салуға болады. Керек болатын болса көпірдің үстіне көпір салсын. Жолды кеңейтсін. Тиімді ережелер қабылдасын. Метроны созсын» дейді көлік жүргізушісі.
Әлемдік тәжірибені алып қарасақ, ақылы жол жүйесін енгізген бірнеше қалалар тілге оралады. Олар – Лондон, Мәскеу, Стокгольм, Сингапур, тағы басқа. Алайда көптеген сарапшылардың болжауынша, әлеумет мұндай өзгеріске бірден дайын болмайды. Рас. Оның үстінде Қазақстанда. Осы әңгіме шыққалы бері «бір күні ауаны да сататын шығар» деген сыңайда пікір айтып жатқандар баршылық. Және олармен түбегейлі келіспей қою тағы болмайды. (Біздің ел қазір кез келген жолмен ақша жасауға шындап кірісті)
Ақылы жол дегенде Лондон мен Стокгольмді мысал ете жөнелеміз. Бірақ олар қалай енгізді? Енгіземін дегенше бірнеше жыл тынымсыз мәселені жан-жақты талқылады. Стокгольмде тіпті осы шаруа үшін бүкіл халықтық референдум жасалды. Билік халыққа ақылы жолдың не үшін керек екенін түсіндірген. Бұл – тіпті де үгіттеу емес: оппозициямен, әлеуметтік қызмен өкілдерімен, өзге де тараптармен белсенді келіссөз жүргізілген. Сонымен қатар ең басты факторды да ескеру керек. Ол – «ақылы жол жүйесі» енгізілген елдердің шаһардағы қоғамдық көлік мәселесін толыққанды шешуі. Ал біз мұндай жетістікпен мақтана аламыз ба?