Парламент Мәжілісінің депутаттары «2018-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бюджет» заң жобасына енгізілген өзгертулер мен толықтыруларды мақұлдады.

Заң жобасына сәйкес, 2018 жылғы республикалық бюджет шығыны 26,3 миллиард долларды құрады. Бюдженттің негізгі шығындары жаңадан құрылған Түркістан облысы мен Шымкент қаласын дамытуға, «Алматы-Қорғас» бағытындағы «Нұр Жолы» өткізу бекеті мен «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» тас жолының жұмысын жақсартуға бағытталған.

Бұдан бөлек 26,3 миллиард доллар қаржының бір бөлігі ауылды жерлерге ауызсу тартуға, білім ошақтарын салуға, инфроқұрылым жүйелерін жаңалауға және газбен қамтамасыз етуге жұмсалады деп жоспарлануда.

Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулинның сөзінше, бюджеттен Түркістан облысы мен Шымкент қаласын дамытуға 30 миллиард теңге (81,7 млн доллар), кәсіпкерлерді қолдау жол картасы бағдарламасына 5,6 миллиард теңге (15,5 млн доллар), агроөнеркәсіптік кешендерді дамытуға 19 миллиард теңге (51,8 млн доллар) және тұрғын үй саласына 15 миллиард теңге (40,9 млн доллар) бөлу қарастырылған.

Естеріңізге салайық, бұған дейін премьер-министр Бақытжан Сағынтаев министрлер мен облыс әкімдеріне бюджет қаржысын уақытылы игеруге тапсырма беріп, өйтпеген жағдайда қаржыны кері қайтарып алатындықтарын айтқан.

"The Qazaq Times"