Орталық Азияда атам заманнан су мәселесі үлкен маңызға ие. Су үшін Ислам Кәрімовтың тұсында Өзбекстан мен Тәжікстан ашық соғысқа дейін бармақ болған. Қазір заман өзгерді, адам өзгерді, билік өзгерді. Алайда су мәселесі әлі күнге дейін шешімін тапқан жоқ. Не істеу керек? Орталық Азия елдері «ғасыр дауында» қандай да бір келісімге келе ала ма?
Осыдан біраз уақыт бұрын Дүниежүзілік Банк Тәжікстанға Рогун гидро электр станциясын салуға қаржы бөлуден бас тартты. Банк өкілдерінің сөзінше, Рогун ГЭС-і салынатын болса, аймақ Арал теңізінің аяғын құшатын экологиялық апатпен соқтығысады.
Рогун ГЭС-нің құрылысы 1975 жылы Кеңестер одағының «тірі» кезінде басталған. 3600 МВт электр энергиясын беретін Рогун құрылысына сол кездегі инженер біткен «ғасыр жобасы» деген атақ берген. Бірақ уақыт өтке келе Рогун «ғасыр жобасы» емес «ғасыр дауына» ұласты. 1991 жылы Кеңестер одағы әлемнің саяси қартасынан жоғалғаннан кейін 1993 жылы Рогун ГЭС-нің құрылысыда орта жолдан тоқтатылды. Қаржы тапшылығынан Тәжікстан билігі «ғасыр құрылысын» уақытша тоқтатты. Бірақ көп ұзамай ресми Дунашбе «ғасыр дауының» басталуына себеп болды. Кеңестер одағы құлап, Орталық Азия елдері тәуелсіздік алған жылдардың басында ресми Душанбе Рогун ГЭС-нің құрылысын қайта жалғастыратынын мәлімдеді. Барақ бұған Өзбекстан билігі үзілді-кесілді қарсы болды. Осыдан кейін екі ел арасында 20 жылға созылған текетірес басталды. Ташкент пен Душанбе шекаралық аймақтарға миналап тастауға дейін барды. Сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық, адами-туыстық қарым-қатынастың барлығы үзілді. Әрине бұның барлығына тек Рогун ГЭС-нің құрылысы себеп болды десек артық айтқан болар едік. Бірақ басты себептердің бірі осы болды.
Экологиялық апат алдында тұрған Орталық Азия немесе «бұлыңғыр болашақ»
2014 жылы Халықаралық дағдарыс тобы «Орталық Азиядағы су қысымы» атты арнайы баяндама жариялады. Онда қазірдің өзінде су дауына байланысты мемлекет аралық қақтығытар басталып жатқандығы жөнінде, алдағы уақытта бұл ашық соғыстарға алып келуі мүмкін екендігі жөнінде айтылған. «Nature» халықаралық журналының мәліметінше, Оралық Азия елдері суды ретсіз пайдалануда әлем бойынша алдыңғы қатарда. Суды тиімсіз пайдалану бойынша әлемдік рейтингті Түркіменстан бастап тұр. Одан кейінгі 4 және 5 орындарды Өзбекстан мен Қырғызстан өзара бөліскен. Ал Тәжікстан мен Қазақстан 7 және 11 орындарға жайғасқан. Бұл өз кезегінде Орталық Азияның күре тамыры саналатын Әмудария мен Сырдария суының тартылып, Арал тағдырының қайталануына алып келуі мүмкін.
Орталық Азиядағы су қатынасы саяси сауда мен бопсалауға ұласуда.
Жоғарыда айтқанымыздай Ислам Кәрімовтің тұсында Өзбекстан мен Тәжікстан су мәселесінде ашық соғысқа бармақ та болды. Ол кезде Ислам Кәрімов Эмомали Рахмонға Өзбекстанға келетін су бастауларының басына электр станцияларын салуды тоқтатуды талап етіп, керек болған жағдайда әскери іс-қимылдарға баратындығын айтып саяси қысым жасаған. Дәл осыған ұқсас саяси картаны былтыр Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев Қазақстанға қарсы пайдаланбақ болған. Естеріңізде болса, Атамбаев мырза Қырғызстанда өткен президент сайлауы уақытында болған шекара дауы кезінде «Біз суды басынан бөгеп тастайтын болсақ, Қазақстан өздігінен шекарасын ашатын болады» деген мағынада мәлімдеме жасаған. Дәл осы уақытта халық арасында «Қырғызстан Қазақстанға келетін өзендердің басында тұрған су бөгеттерін ашып, Жамбыл облысындағы елді-мекендерді су астында қалдырмақ» деген қаңқу сөздерде жиілеген. Нұрсұлтан Назарбаевта өзінің кезекті мәлімдемелерінің бірінде: «Біз судың бастауында отырған бауырларымызға сәлем жолдағымыз келеді. Төмен жақта отырған Қазақстан, Өзбекстан және Түркіменстан су тапшылығын жиі көреді. Біз бұл мәселені бірлесе отырып, барлығына ыңғайлы келісім бойынша шешеміз деп ойлаймын» - деген.
Жалпы, Өзбекстанда билік басына Шавкат Мирзиеевтың келуімен Орталық Азия елдері арасындағы қарым-қатынас жаңа деңгейге көтерілгенімен су және азық түлік тапшылығы мәселесі сол қалпында қалды. Су тапшылығы салдарынан Ферғана алқабы сияқты Орталық Азиядағы халық ең көп шоғырланған аймақтардан халық жаппай көшуде. Бұл қазір тас-талқаны шығып жатқан Таяу Шығыстағы «Араб көктеміне» дейінгі оқиғаларды еске түсіреді. Ол жақтада «Араб көктеміне» дейін халықтың аштықтан, жоқшылықтан ешқандай бақылаусыз қоныс аударуы болған. Қазіргі таңда Өзбекстан мен Тәжікстан халқының 30 пайызының ет өнімдерін сатып алуға мүмкіндігі жоқ. Бұл өз кезегінде балалар мен жасөспірімдер арасында салмақсыздық пен дұрыс жетілмеу ауруларын туғызуда. Айналып келгенде ет өнімдерін тұтынуға мүмкіндігі жоқ 2 миллионға жуық адам ұлт генофонның бұзылуына әсер етуде.
Мамандар пікірінше, дәл қазіргі жағдайда Орталық Азия елдеріне Кеңестер одағы тұсындағы тренсшекаралық өзендерді бөлісу моделіне ұқсайтын ортақ жүйе құру керек. Су қатынасындағы барлық мәселелер сол жүйе аясында шешілуі тиіс. Мысалға, Кеңестер одағы тұсында трансшекаралық өзендердің басында отырған Қырғызстан мен Тәжікстан төмен жақта отырған Қазақстан, Өзбекстан және Түркіменстанға егін уақыты кезінде суды керек мөлшерде жіберіп отырған. Ал өз кезегінде Қазақ-өзбек-түркімен үштігі қыс уақытындағы жылыту маусымында Қырғызстан мен Тәжікстанға көмір, мазут, бензин және мұнай өнімдерін төмен бағада берген. Нарық тілімен айтқанда ол уақытта Орталық Азиядағы бес мемлекет су қатынасын «бартер» жасау арқылы реттеген.