Жанжал 12 қыркүйекте кешкісін Тәжікстанның Исфара елді мекені мен Қырғызстанның Баткен тұрғындары арасында болған. Бұл жолы даудың басы судан болған.
Тәжік тарапының мәліметінше, Баткен тұрғындары «Тоджикон» ауылына су құбырын өткізуге кедергі келтірген. Су құбырын жүргізу үшін, Ага Хан қоры 500 мың сомони (55 мың доллар шамасында) бөлген. Барлық жұмыстар уақытша тоқтап тұр.
Тәжік белсендісі Адолат Рахимова су құбыры салынатын аумақтың даулы жерге еш қатысы жоқ дейді. «Мен көршілердің наразылығын түсінбеймін. 1990 жылдан бері ауылда ауыз су жоқ. Суды өзеннен, каналдан тасып ішуге мәжбүрміз. Жұмыс уақытша тоқтап тұр. Зерттеу нәтижесін күтіп отырмыз», - дейді Рахимова.
«Тоджикон» ауылының тұрғындары қырғыз шекарашылары біздің әр қадамымызды бақылап отырады дейді. Қазіргі уақытта туындаған дауды тексеру үшін көрші ауданнан прокуратура өкілдері келген.
Қырғызстан БАҚ өкілдерінің мәліметінше, Баткен (Қырғызстан) әкімі мен Исфара (Тәжікстан) ауданы басшысы келіссөз жүргізіп жатыр. Мұнан бөлек екі өңірдің облыс басшылары жақын күндері кездесу өткізбек.
Қырғызстанның Баткен тұрғындарының айтуынша, Тәжікстан азаматтары су құбырын қырғыз аумағы арқылы жүргізбек болған. Даудың басы осыдан басталған.
Ресми мәлімет бойынша, тәжік-қырғыз шекарасының жалпы қашықтығы - 976 шақырым, оның 504 километрі демаркацияланған. Қалған учаскелер әлі даулы күйінде қалып отыр.