Ресейде зейнет жасын ұлғайтуға қарсы наразылық акциясы күннен-күнге өршіп келеді. Ресми мәліметтер бойынша, Ресейдің 33 қаласында өтіп жатқан қарсылық акцияларында полиция 900-ге жуық адамды ұстаған.
Тергеуге алынғандардың басым бөлігі Санкт-Петербург, Мәскеу, Екатеринбургтен. Мәскеудегі Пушкин алаңын қоршауға алған жұрт «Ақшамызды қайтарыңдар, жемқорлар!», «Бұл нағыз тонау!» және «Билікте реформа орнасын!» деп жазылған плакаттарды ұстап, айқайға басқан.
Ресейдегі сайттардың мәліметі бойынша, қазір наразылық акциясына шыққандардың жалпы саны бес мыңнан асып жығылады. Ашынған топтың жаңа реформаға қарсылығы соншалық, олар нақты нәтижеге ие болу үшін бәріне дайын. Тіпті, «Театральная» метро бекетінде полиция шеруге шыққандарды соққыға жыққан.
Ресейдегі әділетсіздікке қарсы белсенді, оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйдың серігі Леонид Волков Twitter-де: «Шерудегілердің саны 80 мыңға дейін жетеді. Сіздерге айтылған деректер жалған. Егер осы уақытқа дейінгі шерулер мен ондағы зардап шегушілерді санасақ, наразылық тіптен ұлғаяды», – дейді. Белсендінің бұл пікірі «елдегі қисық реформаларға тұтас халық қарсы болғандықтан, мемлекет тізе бүккені дұрыс» – дегенге саяды.
Ресей үкіметі жоспарлаған жаңа заң бойынша ерлер 65 жаста, әйелдер 60 жаста зейнетке шығуы тиіс. Алайда, зейнет жасына қатысты жоспар пікір қайшылығына әкеп соққан. Бұл реформа туралы ресми ақпарат тарағаннан кейін, бұған дейінгі астыртын әрекеттерге көз жұмып келген ресейліктердің шыдамы шегіне жетті. Арты ұмытылмас дауға айналған наразылық шерулердің салдарынан президент Владимир Путинге деген халық сенімі азайған. Әлеуметтік зерттеу ұйымдарының сараптамасы бойынша, жыл сайынғы келеңсіз жайттар мен олқылыққа ұшырайтын құбылмалы бастамалардан соң Путиннің рейтингісі әлдеқайда төмендеп кетті.
Бүгінде Ресейдегі хал-ахуал өте мүшкіл. АҚШ пен Ұлыбритания салған сұрапыл санкциялар экономикалық дамуға тосқауыл болса, Францияның Ресей спутнигі жасамақ болған «ұрлық» жайлы мәліметі қос бүйірінен қысып тұр. Оның үстіне, жаппай халық наразылығы тағы бар.
Естеріңізге сала кетейік, 2017 жылы Мәскеуде жиырма мыңға жуық адам жемқорлыққа қарсы шеруге шыққан болатын. Әділдік іздеп шыққан кез келген шерудің мемлекет билігі үшін жақсылық әкелмейтінін білген тәртіп сақшылары 360-қа жуық адамды мәжбүрлі түрде алып кеткен. Жылы жабылған әрекет биыл тағы да қайталанды. Осы уақытқа дейін жан-жақтан келген ауыр айыптарға «пысқырып» та қарамауға тырысқан Ресей билігі бұл жолы жаһандық мәселеден тықыр таяғанын сезе түскендей. Мәскеу енді зейнеткерлер мұңына құлақ түрмесе, жылдан-жылға артқан халық наразылығына тосқауыл болу қиындай түспек.