Бүгін Алматы қаласының «Kinoplexx Sary Arka» кинотеатрында режиссер Ерген Тоқмурзинның Алаш ұлт-азаттық қозғалысына арналған «Алаш туы астында» атты деректі фильмінің тұсаукесері өтті.
Тұсаукесерге фильмнің бас кеңесшісі, тарих ғылымдарының докторы Мәмбет Қойгелді, сценарий авторы, журналист Болат Мүрсәлім және қоюшы оператор Мұстафа Өнер қатысты.
Мәмбет Қойгелді: «Алаш қозғалысына қатысты деректерді бір фильмде қамту мүмкін емес. Бірақ Болат Мүрсәлім түсірген фильмде Алаш қозғалысының шығу негізі, құрылу кезеңдері, оның соңы немен аяқталды деген дүниелер толығымен қамтылды деп ойлаймын. Фильм осы тұрғыдан өте бағалы. Менің ойымша, концептуалдық тұрғыдан тұтас ғылыми негізге сүйенген фильм осындай деңгейде алғаш рет түсіріліп отыр. Бұл тұрғыда Болат Мүрсәлім өте үлкен жұмыс атқарған. Ол Алаш қозғалысына қатысты бар үлкен мәдени орталықтардың барлығында болмаса да негізгілерінде болған. Мысалы, жаңағы Петербургке, Мәскеуге, Семейге байланысты түсірілген сюжеттер соның айғағы. Бұл фильм дұрыс таралымын тапса, әсіресе университет, оқу орындарының оқу процестеріне өте пайдалы болар еді».
Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ «Ел» продюсерлік орталығы бірлесіп түсірген «Алаш туы астында» деректі фильмі «Оян, қазақ!», «Жарияланбаған автономия» және «Қатерлі өткел» атты үш бөлімнен тұрады.
«Оян, қазақ!» бөлімінде Алаш қозғалысының қалыптасу кезеңі, жәдидтік ағым мен батыс мәдениетінің ықпалы, қазақ баспасөзінің қалыптасуы, 1916 жылғы көтеріліске көзқарас мәселелері айтылады.
Екінші «Жарияланбаған автономия» бөлімінде фильм авторлары Алаш қайраткерлері неге тәуелсіздікті емес, автономияны таңдады? Алаш әскері қалай құрылды? Алаш автономиясы құрылды ма, жоқ па? Ә. Бөкейхан мен М. Шоқай Уфадағв Мемлекеттік мәжілісте ұлт-азаттық күрес мүддесін қалай қорғады? Деген сұрақтарға жауап іздейді.
«Қатерлі өткел» қорытынды бөлім Алаш қайраткерлерінің қазақ шекарасын шегендеуімен басталады. Бұдан бөлек «Қатерлі өткел» бөлімінде Голощекин қырғыны, Сталиндік репрессия сияқты тарихи оқиғалар көрсетіледі.