Бүгін АҚШ президенті Трамптың Ауғанстанға бағытталған жаңа стратегиясын жариялағанына бір жыл толды. Алайда, осы бір жыл ішінде Ауғанстан АҚШ қарулы күштері ауған жеріне кіргеннен бергі ең ауыр зорлық-зомбылық жағдайын бастан кешірді. Енді бір есептен, зорлықты күш әрекеттерінің көбейгеніне қарамастан бейбітшілік процесінде де ілгерілеушілік бар деуге де болады.

Былтыр осы уақытта президент Трамп Ауғанстанға қаратқан АҚШ стратегиясы айтарлықтай өзгергенін мәлімдегенімен, Ауғанстанның жағдайында айтарлықтай өзгеріс болған жоқ. Керісінше осы жылдарда Талибанның «ірге кеңейту соғысы» қызу жүрілді, кейбір провинция орталықтарына шабуыл жасады, кейбір аудандарды басып алды. Террорлық топтың көлемі қысқа уақыт ішінде артып, соғыс тактикалары жетілді.

Ал, АҚШ қорғаныс министрі Жеймс Меттис: «Дұшпандар Газниге шабуыл жасауда алты түрлі мақсаты болған. Алайда, олар бірде бір провинцияны толық басып ала алған жоқ. Олардың көздегені ақпараттық соғыс. Олар БАҚ-тың назарын аударғысы келді, әрі бұл мақсаттарына жетті», – деді. Дегенмен, қазіргі Ауғанстан жағдайында америкалық әскерилердің көрсеткен деректеріне сену қиын.

Олай дейтініміз, 2015 жылдың мамыр айында Ауғанстанның 16 пайыз аумағы Талибанның бақылауында тұрған еді. Бір жылдан кейін 19 пайыз ауған жері тәліптердің қарамағына өтті. Бұған келгенде америкалық шенеуніктердің айтар уәжі мынадай: «Террорлық топпен соғыстағы жеңіс жер көлемінің артуы мен кемуінде емес, қаншалықты халықты өзіне қарата алуда». Бірақ, үкіметке немесе Талибанға бағынған халық санына назар аударсақ та, нәтиже көңіл көншітпейді. Айталық, бір жыл бұрын террорлық топ Ауғанстанның 9 пайыз халқына өз өктемдігін жүргізіп тұрған болса, қазір 12 пайыз ауғанстандық тәліптердің шылауында. Ал, жалпы тәліптерге қарсы күресте тек 25 айыз ауғанстандық қана ат салысуда.

Бұл көрсеткіштерден тыс, АҚШ әскерлері Талибанның бұрын соңды болып көрмеген шабуылдарына тап болды. Биыл жыл ортасында АҚШ басқарған халықаралық коалиция күштері Ауғанстан территориясында бомбалауды бастады. Дегенмен, террорлық топтарға бағытталатын бомбалау операциялары биыл ең төменгі көрсеткішке түсті.

Ауғанстанда арна түскен зорлық-зомбылық әрекеттері бейбітшілік процесіне кедергі келдіруде. Дегенмен, жақында АҚШ пен Талибан арасында тікелей диалог өткізу келісіміне келді. Бұндай жағдай 7 жылдан бері болмаған еді. Әрине, атысты тоқтату, бейбіт бітімге келуге қарай ауқымды істер атқарылғанымен, бұл істер мен АҚШ-тың былтыр жариялаған Ауғанстанға бағытталған жаңа стратегиясы арасында жер мен көктей парық бар. Ақ үй жағы Ауғанстанда бейбітшілік процесі біртіндеп орнап кететініне сендіргісі келеді. Алайда, бұған ұзаққа шыдайтын сабыр мен төзім керек секілді. Тағы бір маңызды мәселе: Егер Ақ үйдің әпербақан басшысының сабыры түгесілсе не болмақ?

Қазіргі кезде, соғысты жекешелендіргісі келетін Стратегиялық сараптама жасайтын орталықтар (RAND корпорациясы секілді соғыс арқылы пайда түсіретін компаниялар) Трампты соғыс білтесін тартуға көндіргісі келеді. Олар да Ауғанстандағы ақпараттық соғысқа қол үшін беруде. Дегенмен, Құрама Штат шенеуніктері Трамп қабылдауы мүмкін бұл шешімді кері теуіп отыр. Солай деген күнде де, Трамп Ауғанстан жағдайын тез арада жөнге салғысы келсе кез-келген жаңа ұсынысты сынап көруі де мүмкін.

“The Qazaq Times”