Әлемдегі үлкен мегаполистердің негізгі әрі ұтымды транспорттық жүйесі метро екендігі белгілі. Бірақ бұл үрдіс біздің елімізге тән емес. Қазақстандағы алып шаһарлардың транспорттық жүйесінің негізгі функцияларын қоғамдық көлік пен такси қызметі атқарып келеді.

Осы тұста қалалық жерлерде бүгінгі күні заңсыз таксистердің «алтын дәурені» жүріп тұр десек артық айтпаспыз. Себебі олар ресми тіркелмегендіктен салық төлемейді. Көпшілігі жүргізуші куәлігін сатып алған. Тиісті органдар тарапынан ешқандай тексеру жоқ. Тексеру жұмыстары болған күннің өзінде көп жағдайларда бұл тексерулердің барлығы пара беру және пара алумен аяқталады.

Әрине, бұл тірлік табыс табудың бір көзі екендігі де рас. "Екі қолға бір күрек таппаған" кейбір адамдар осы «кәсіптен» нәпақа айырып, отбасын асырап отыр. Қазір зіңгіттей жігіттердің бой тасалап, қуыс-қуыстан жолаушы торып жүргендері таңсық нәрсе болмай қалды. Енді, мұндай күнкөріс тұрақты жұмыстың жоқтығынан екендігі айтпаса да түсінікті шығар.

Такси қызметін заңдастыруға байланысты жүргізушілер арасында сауалнама жүргізгенімізде аталмыш мәселеге байланысты пікірлердің сан алуандығын байқадық.

Еламан Әбіхан Тараз-Алматы тас жолының тасымалдаушысы: «Жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, патент алу тиімді емес. Себебі көліктің бұзылуынан және заңсыз жолаушы тасымалдайтын жүргізушілердің бәсекелестік туғызуынан Үкімет белгілеген айлық есептік көрсеткіш мөлшерін уақытылы төлеу қиынға соғады».

Алинұр Рахымқұл қала аралық такси жүргізушісі: «Үйреніп қалғам, өзіме ұнайды. Осы жұмыстан кеткім жоқ. Бұл да оңай жұмыс емес, ебін тапсаң болды. Негізінен  такси қызметінің көрігі түнгі уақытта қызады. Таң атқанша көз ілмей жұмыс істейтіндер көп. Соның ішінде мен де бармын».

Және де Алматы қаласында арнайы заңдастырылған  «Яндекс Такси» қызметінде жұмыс істейтін Нұрлан Рамазановтың пікірін білген едік: «Осы мекемеде бір жылдан бері жұмыс істеймін. Біз адам­дарға тәулік бойы қызмет көр­сетеміз. Әрине, жүргізушілер ауысыммен ауысып отырады. Алматыда такси қызметінде бәсекелестік күшті. Әсіресе, жа­байы (заңдастырылмаған) таксилер алдымызды орайды. Сонда да өз клиентте­рі­міздің көңілін қалдыр­май­мыз. Күніне ком­панияға машинаны жалға алған үшін белгілі бір мөлшерде ақы төлейміз. Оның сыртында жанармай бар, диспетчер қызметі де ақылы. Қалған табысымызбен отбасымызды асыраймыз».

Такси қызметін заңдастыруға байланысты бастамалар билік тарапынан осы уақытқа дейін бірнеше рет айтылған. Бірақ көпшілік жұрт бұл бастамаларға:«Биліктің халықтан кезекті рет ақша жинауы. Жеке кәсіпкер болып тіркелген мыңдаған жұмыссыз адам ертең өзін өзі жұмыспен қамтығандардың қатарын көбейтеді. Бұл бастама тек статистика агенттігіне ғана тиімді» - деген пікірлер айтқан. Жалпы, дәл қазіргі уақытта такси қызметін заңдастырудан бұрын. «Заңдастыруды қалай жүзеге асыруға болады?» деген сұраққа жауап іздеген дұрыс шығар. Себебі қалалық әкімшілік немесе заң шығаратын орган ғимараттарының ішінде не болып жатқанын білмесек те, қарапайым өмірде не болып жатқанын барлығымыз күнде көріп, біліп жүрміз. Жемқорлық пен парақорлық перзентханадан басталып, Үкімет үйінде аяқталатын елде такси қызметін заңдастыру жөнінде әңгіме қозғау өте күлкілі әрі аянышты.

“The Qazaq Times”