Германияның Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі кеше, 8 тамыз күні  Германия Федеративті Республикасына (ГФР) келуші кейбір босқындарды қайтару туралы Испаниямен келісімшартқа қол қойылғанын хабарлады. Бұл туралы «lemonde.fr» жазды.

Аталған хабарламаға қарағанда, келісімшарт дүйсенбі күні Германия мен Испанияның  сыртқы істер министрлері тарапынан жасалған. Енді, 11 тамызда күшіне енбек. Бірақ, ол Испанияда босқын ретінде тіркелгендерге ғана жарамды. Осы келісімшартқа сәйкес, босқындар Германияға келгеннен кейін 48 сағаттың ішінде кері қайтарылуы керек.  Айта кететін жайт, бұл — босқындар ісіне қатысты Еуропада жасалған алғашқы келісімшарт. Сонымен қатар, Германияның ішкі істер министрі Хорст Зеехофер еуропалық өзге де елдермен осындай келісімшарт жасауға дайын екендіктерін мәлімдеді.

Негізі, Еуропа Одағының (ЕО) ережесіне сай, ЕО шекарасынан тыс аймақтардан Еуропаға келуші босқындар елге келе салысымен тіркеуден өтулері тиіс. Себебі, олардың бассауға алулары үшін жасаған өтініштері қарастырылуы керек. Тағы айта кететін жайт, осы жылы босқындардың көпшілігі Солтүстік Африка мен Еуропаға Испания арқылы кетуде.

Еске салайық, Еуропалық комиссия босқындар дағдарысын шешу үшін Испанияға төтенше көмек көрсету мақсатында 3 млн еуро бөлген еді. Бұл көмек Испанияның Азаматтық гвардияның қосымша күштерін елдің оңтүстік шекарасына орналастыруға кететін шығындарға бағытталмақ.

Африка елдеріндегі әлеуметтік жағдайға байланысты, сонымен қатар, Таяу Шығыс елдеріндегі азаматтық соғыстар мен террорлық қақтығыстардың салдарынан үй-жайларын тастап кетуші босқындар көбіне-көп Еуропаның есігін қағатыны ендігі, бәрімізге белгілі жағдайға айналды. Осындай мәселелермен бетпе-бет қалған ЕО оған мүше-мемлекеттерге бөлінетін қаржылық көмектерін еселеуде. Мәселен, бұдан бұрын да Еуропа Одағы босқындар мәселесін шешу үшін Испания мен Грекияға 45,6 млн еуро бөлген еді. Кейін белгілі болғандай, елге келуші босқындар санының көптігіне байланысты Испания 25,6 млн еуро, яғни аталған қаржының басым бөлігін иеленген. Сонымен қатар, 29 маусымда Еуропа елдері ортақ мәлімдеме жасаған болатын. Онда Грекия мен Испания территорияларына, әсіресе, босқындарға арналған лагерьлер көптеп шоғырланған Эгей аралдарының маңына көмек керек екені айтылып, дабыл қағылған.

Босқындар мәселесіне қатысты Еуропада мемлекетаралық кикілжіңдердің жиі бас көтеретінін ескерсек, осындай өзара келісімшарттар бұл мәселенің жүгін жеңілдетуге көмектесетіндей.

“The Qazaq Times”