Жиын барысында Қазақстан халқына «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты жолдаудың басты мақсаттары мен міндеттері талқыланды. Елбасы 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарын әзірлеу кезінде «Қазақстан-2050» стратегиясының мақсатты индикаторларын назарға алуды тапсырды. Бұл туралы ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПРЕЗИДЕНТІНІҢ РЕСМИ САЙТЫ хабарлады.
Кеңесте Ұлттық банк төрағасының, Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрінің, Ұлттық экономика, Қаржы, Инвестициялар және даму министрлерінің, сондай-ақ Шығыс Қазақстан мен Алматы облыстары әкімдерінің баяндамалары тыңдалды.
Нұрсұлтан Назарбаев ел экономикасын одан әрі дамыту үшін қажетті әлеует бар екенін айтып, ішкі жалпы өнімнің тұрақты өсімін 5% деңгейінде сақтау қажеттігіне тоқталды.
– Таяу жылдары импорт алмастыру ішкі жалпы өнімнің 5%-ға дейінгі өсімін бере алады. Экспортқа белсенді түрде мемлекеттік қолдау көрсету жағдайында өнеркәсіптің басымдығы бар секторларындағы өсімнің өзі ғана 6 миллиард доллар болады. Бұл экспорттың көлемін 20%-ға дейін, ішкі жалпы өнімнің көлемін 5%-ға дейін арттыруды қамтамасыз етеді. Орта мерзімді перспективада тек Қашағанның үлесі ішкі жалпы өнімнің 2-2,5% деңгейінде болады деп жобаланып отыр, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында қолға алынып, өңірлерде тұралап қалған жобаларға назар аударды. Елбасы әкімдерге даму институттарымен және басқа да мемлекеттік органдармен бірлесіп, қалыптасқан жағдайды түзеуді тапсырды.
Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев Үкімет пен әкімдер тарапынан шешім қабылдауды қажет ететін бірқатар түйткілді мәселелердің өзектілігін атап өтті.
Бизнестегі ахуал
Мемлекет басшысы қатысушылар назарын шағын және орта кәсіпкерліктің тауар шығару мен қызметтер көрсету деңгейінің төмендеуі, оның субъектілері мен онда жұмыс істейтін адамдар санының қысқаруы үрдістеріне аударды.
Қазақстан Президенті бизнесті реттейтін нормативтік-құқықтық актілердің көп екенін ескертіп, азаматтардың қауіпсіздігі мен денсаулығын қорғауға қатысы жоқ басы артық кедергілерді азайтуды тапсырды.
– Үкімет жоспарлы тексерістердің тоқтатылғаны, қатерлерді басқарудың жаңа жүйесінің енгізілгені, мемлекеттік қызметтер көрсетудің электрондық нысанға көшкені жөнінде баяндайды. Алайда, тексеруші органдар қызметкерлерінің саны іс жүзінде қысқарған жоқ. Үкіметке Бас прокуратурамен және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, бақылау-қадағалау функцияларына ауқымды ревизия жүргізуді тапсырамын. Мерзімі – тоқсанның соңына дейін, – деді Елбасы.
Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев бизнес саласындағы қазіргі заңнаманы ізгілендіру, сондай-ақ жаңа Кеден кодексін әзірлеу барысында әкімшілендіру рәсімін жеңілдету жөнінде жұмыс жүргізуді тапсырды.
– Ревизия жүргізіп, барлық тиімсіз салық жеңілдіктерін және артықшылықтарды алып тастау қажет. Салық заңнамасы іскерлік белсенділікті, инвестиция тартуды ынталандырып, көлеңкелі экономиканың үлесін азайтуға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.
Кәсіпкерлік аясын кеңейту
Қазақстан Президенті мемлекеттік кәсіпорындар үлесін азайту қажеттігін, жекешелендірудің қорытындысы бойынша мемлекеттік меншікте қалдырылуы негізді деп танылған ұйымдардың нақты тізімін жасаудың маңыздылығын атап өтті.
– Үкіметке «Yellow Pages» қағидатына сәйкес мемлекет иелігінде қалуға тиіс мекемелер мен кәсіпорындардың түпкілікті тізбесін әзірлеуді тапсырамын. Бұл тізбезге енбеген кәсіпорындар 2020 жылға дейін жекешелендірілуге немесе жабылуға тиіс. Бұған дейін бекітілген Жекешелендірудің кешенді жоспарының тізбесіне қатысты жұмысты 2020 жылға дейін емес, 2018 жылдың соңына дейін іске асыру қажет, – деді Елбасы.
Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет-жекеменшік серіктестігін дамыту жөнінде жүргізіліп жатқан жұмыстың жеткіліксіздігін айтып, бұл жұмысқа тікелей әкімдер жауапты екенін атап өтті.
– Мемлекет-жекеменшік серіктестігін, әсіресе коммуналдық және әлеуметтік салаларда дамыту қажет. Мемлекеттік тапсырыстарды орналастырғанда орындаушы ретіндегі мемлекеттік мекемелердің жекеменшік сектор алдында ешқандай басымдығы болмауға тиіс. Үкімет рәсімдерді жеңілдету, үйлестіру тұрғысынан және әдістемелік, инфрақұрылымдық тұрғыдан барлық қажетті қолдауды қолдауды көрсетуге тиіс. Бизнеске нақты шарттар ұсынып, мемлекеттік тапсырыстың ұзақ мерзімге негізделген кепілдігін қамтамасыз ету қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Мемлекеттік сату алу саласы
Қазақстан Президенті мемлекеттік сату алу саласында импортты алмастыруға және отандық өндірісті дамытуға мүмкіндік туғызатын жағдай жасау қажеттігіне назар аударды.
Осы орайда Мемлекет басшысы Үкіметке әкімдіктермен және бизнес өкілдерімен бірлесіп, ірі кәсіпорындарда жергілікті қамту үлесін арттыру жөнінде мақсатты түрдегі нақты индикаторлар белгілеуді тапсырды.
Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев отандық өндірушілерге мемлекет тарапынан қолдау көрсету шараларын қабылдаудың маңыздылығын атап өтті.
– Ұзақ мерзімге арналған, яғни «оффтэйк» келісім-шарттарын жасауды қамтамасыз ету керек. Заманауи технологиялар мен инновацияларды енгізу қажет. Бюджеттік нысандарға қатысты жобалық-сметалық құжаттамалар әзірлеу кезінде ең алдымен отандық өнімді қамтыған жөн. Сатып алу рәсімдері мен өндірушілерге қатысты бірыңғай IT-платформа әзірлеу керек, – деп тапсырды Қазақстан Президенті.
Ауыл шаруашылығы кешенін дамыту
Қазақстан Президенті ел экономикасында аграрлық сектордың әлеуеті жеткілікті түрде пайдаланылмай отырғанын, былтыр өндіріс көлемі бес жыл бұрынғы деңгеймен салыстырғанда елеусіз өсім көрсеткеніне тоқталып өтті.
– Агрохолдингтердің қаржылық жағдайы қанағаттанарлықтай емес. Ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу мен лизингке алуды субсидиялауға мол қаражат бөлінуде. Сонымен бірге, бұл жұмыс жеткілікті түрде бір жүйеге қойылып, ұйымдастырылмаған. Елімізде ауыл шаруашылығы техникасы түрлі өндірушілерден сатып алынады. Сол себептен қосалқы бөлшектер бірізділендірілмейді. Машина паркі ұтымды пайдаланылмайды. Бір өңірде комбайндар бос тұрса, басқаларында олар жетіспейді, – деді Мемлекет басшысы.
Осыған орай Бас прокуратураға Есеп комитетімен бірлесіп тиісті тексеріс жүргізу, ал Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министріне қалыптасқан жағдайды түбегейлі өзгерту тапсырылды.
Бұған қоса, Нұрсұлтан Назарбаев астықты үш өңірдің әкімдеріне биылғы жылдың 1 наурызына дейін проблемалы агрохолдингтерге қатысты келісілген шешім шығаруды тапсырды.
Денсаулық сақтау саласы
Мемлекет басшысы денсаулық сақтау саласында жүргізіліп жатқан реформалардың маңыздылығына ерекше тоқталып, солардың нәтижелеріне сәйкес көрсетілетін қызметтер сапасының артуы көзделіп отырғанын атап өтті.
Сонымен қатар, Қазақстан Президенті бұл саланы дамытуға бөлінетін бюджет қаражатының тиімділігі төмен екендігін айтты.
– Түрлі елдерден сатып алынып жатқан құрал-жабдық бірқатар өңірде кәдеге аспай тұр. Тиісті бірізділендіру болмаса, оларды қалай пайдаланамыз? Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге қатысты да түйткілдер бар. Мемлекет нормативті дәрі-дәрмекпен тегін қамтамасыз ететіндігін баса айтқым келеді. Бұл ретте жаңа фармацевтік өндірістер салуға да мүмкіндік бермейтіндер бәсекелестіктен қорқады, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев Денсаулық сақтау министріне барлық түйткілді мәселелер бойынша талдау жүргізіп, шешім қабылдауды, реформаларды сапалы іске асыруды, сондай-ақ «СК Фармация» кәсіпорнында кадрлық ревизия жүргізуді тапсырды.
Білім беру саласы
Мемлекет басшысы 12 жылдық білім беру жүйесіне көшудің, үш тілде білім берудің және ҰБТ-ның жаңа жүйесінің маңыздылығына тоқталып, осы орайда бұл реформалардың мазмұнына қатысты халықты хабардар ету онша тиімді іске асырылмай отырғанын атап өтті.
Осыған байланысты Қазақстан Президенті жауапты мемлекеттік органдарға тиісті шаралар қабылдауды тапсырды.
Мемлекет бюджетін тиімді пайдалану
Нұрсұлтан Назарбаев бүгінде жүргізіліп жатқан барлық реформалар қажетті қаржыландыру көзімен қамтамасыз етілгенін атап өтті. Бұл орайда, Есеп комитетінің ақпаратына сәйкес, былтыр 160 млрд теңгеден астам қаражат мөлшерінде қаржылық заң бұзу жайттары анықталған.
– Әкімшілік жауапкершілікке – 47, тәртіптік жазаға 223 лауазымды тұлға тартылған. 2015 жылмен салыстырғанда, бюджет қаражатын тиімсіз пайдаланудың анықталған көлемі үш есе артып, 382 млрд теңгеге жеткен. Үкіметке мемлекет қаражатына қылмысқа барабар немқұрайлылық таныту фактілерін қарастыру үшін арнаулы комиссия құруды тапсырамын. Алдымен білім, денсаулық сақтау министрліктерін тексеру қажет, – деді Қазақстан Президенті.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы мемлекеттік органдар басшыларына лауазымдарды оңтайландырып, содан үнемделген қаржыны басқа қызметкерлер арасында қайта бөлу құқығын беруді ұсынды.
Соңында Нұрсұлтан Назарбаев Астанада «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі өтетіндігіне және кейін оның инфрақұрылымын ұтымды пайдалану қажеттігіне қатысушылар назарын аударды.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы жүргізіліп жатқан реформалар мен белгіленген міндеттердің іске асырылуына әрбір басшы тікелей жауапты болатындығын айтты.
“The Qazaq Times”