Әлемде тотаритарлық өктем биліктің шеңгелінде отырған Солтүстік Корея халқына сырт елдер еміс-еміс назар салып келеді. Әсіресе, Ким әулетінің режимі ұлғаусар қадамдар жасап, өңір қауіпсіздігіне қатер төндірген кездерде әлем жұртшылығы осы бір жабық режимде жасап жатқан 25 миллионнан астам халықтың тағдыры туралы ойланады. Былтыр Солтүстік Корея мен АҚШ қарым-қатынасы ядролық соғыс қаупін жақындатқан кезде де әлемнің беделді ақпарат агенттіктері КХДР-да жасап жатқан корейлер туралы мәліметтер таратқан еді. Жақында BBC аталған тақырыпқа тағы да айналып соқты.
Шынында да шетелден барғандар үшін солтүстік кореялық қарапайым тұрғындармен сөйлесу өте қиын. Себебі, әрбір шетелдіктің соңынан міндетті түрде қауіпсіздік қызметкері еріп жүреді. Дегенмен, КХДР-ның екі азаматы қауіпті екеніне қарамастан, «Victoria Derbyshire» бағдарламасының журналистеріне сұхбат беруге келіскен. Анығында BBC журналистері бірнеше ай бойы жасырын желілерді пайдаланып, КХДР тұрғындарынан жауап алуға тырысып келген. Бұл еңбектің нәтижесінде Солтүстік Кореяда жасайтын тұрғындар туралы бірқатар маңызды ақпараттарға ие болған. Айталық, КХДР тұрғындары үшін Ким Жоң Ун (Ким Чен Ын) Құдай болып елестейді. Ол бәрін білетін, көп нәрсеге қаблетті, киелі адам деп насихатталады.
Сатушы болып жұмыс істейтін Сүн Хи (аты өзгертілген) ел лидері туралы ашық сөз айтудың өмірін бәске тігіп, тәуекелге бару екенін білсе де, елдегі көпшілік пікірі туралы бірқатар мәліметтермен бөліскен. Одан елдегі лидерге қарсы қандай да бір қарсы пікір бар, жоғы туралы сұрағанда: «Адамдар Ким Жоң Унды бизнеспен айналысады деп сынап жатады», – деп жауап берген.
Сүн Хи мен күйеуі екі қызымен қалада тұрады. Саудасы жақсы жүріп жатса күніне үш уақыт тамақ ішетіндерін айтады, ал саудасы нашар кездері күріш пен жүгеріні қайнатып аужал қылудан артық шарасы жоқ. Ол және өзі істейтін базарда азық-түлік, киім-кешектен тыс, контрабандалық жолмен әкелінген техникалардың сатылатынын айтады. Сол елдегі «Daily NK» басылымының мәліметінше, шамамен 5 млн адам осындай ұсақ-түйек базарлар арқылы күн көреді екен.
Анығында, базардағы сауда-саттық қатал коммунистік режимдегі елдің саясатына қайшы. Алайда, экономикалық санкциялардан тұралаған, барлық азық-түлікті талон арқылы алатын елде көпшілік жұрт осындай заңды-заңсыз базарларды күн көрістің бірден бір көзі болып қалған. Сүн Хидің айтуынша Ким Жоң Ун осындай базарларға тиіспегені үшін халық оны алқайды. Ол «Америкалық президент келеді екен деген сөзді де осы базарда жүріп естідік. Шынын айтқанда тұрғындар екі ел басшыларының кездесуі туралы ештеңеден хабарсыз. Американы ешкім жақсы көрмейді», – дейді.
Ел билігі өткен ғасырдың соңында болған ауқымды ашаршылық жағдайының қайталанбауына әрекет етіп келеді. Кейбір деректерде сол кездегі аштықта миллионға жуық халық қырылған. Сүн Хи сөзінде: «Әдетте өмірде біздің кедейшілігіміздің басы жауапкері Америка деп айтамыз. Себебі, ол бізді екіге бөліп тастаған», – деді.
Елге кіретін шетелдік ақпараттардың барлығы үкімет жағынан қатаң бақыланып, сүзгіден өтіп отырады. АҚШ пен оңтүстік көршісін аяусыз сынға алады. «Дегенмен, соңғы кездері көп нәрсе өзгеріп жатыр. Оңтүстікпенен дос болуымыз керек деп те айтылып жатыр. Тіпті жақында ғана бізге «Бәріміздің жақсы өмір сүруіміз үшін Америкамен тыныштықта болуымыз керек» деп те хабарлады», – дейді Сүн Хи.
Мейлі қалай десе де, бұл Солтүстік Корея тұрғындары үшін шынында үлкен өзгеріс. Үкіметтің Батысқа деген көзқарасын жұмсартуы, ядролық сынақ полигонын жауып тастауы және келіссөз үстеліне келуі Ким Жоң Унның ашық саясат жүргізуге және АҚШ-пен мәмілені жақсартуға деген шын ниеті екенін дәлелдей алады. Соған қарағанда, барлық кедергілерге қарамастан Трамп пен Ким арасындағы кездесудің болатыны анық байқалады.
BBC журналистеріне жауап берген екінші КХДР азаматы Чол Хо (аты-жөні өзгертілген) әскери қызмет атқарған. Ол елдегі жағдайға наразы адамдардың бар екенін айтады. «Кейде бірер ауыз ағат сөзі үшін адамдарды қауіпсіздік қызметкерлері қамауға алып жатады. Тіпті, мұндай адамдар сол күйі із-түссіз жоғалып кетеді. Бірақ, соңғы кезде мұндай оқиғалар мүлде аз ұшырасатын болды», – дейді Чол Хо. Ол және бұндай қамауға алынған адамдардың еңбек лагеріне жөнелтілетінін айтады. Amnesty International ұйымының мәліметіне қарағанда, осындай лагердің бірінде кемінде 20 мың адамның қамалатынын айтылған. Чол Хо кей жағдайда жоқ істі мойнына артып, айыптап лагерлерге айдап кететінін де жасырмайды. Ондайларға көбінде «Қытайға немесе өзге шетелге кетуге әрекет жасағам» деп күштеп мойындатады.
Елдегі ереже бойынша, шетелдік фильмдерді, теле-бағдарламаларды, тауарларды таратқан адамға он жылдық еңбек лагері дайын тұр. Билік шетелдік ақпараттарды қатты шектейді. Соған қарамастан кейбір адамдар Қытайдан USB-флешка немесе DVD-диск арқылы кино фильмдерді көшіріп таратады екен. Чол Хо өзінің де шетелдік фильмдерді елден жасырып көргенін айтады. «Әрине мұндай іспен ұсталсаң құтылу үшін көп мөлшерде пара беруіңе тура келеді. Бірақ, қаншалықты шектеген сайын, адамдар шетелдік фильмдерді көргісі келеді де тұрады. Әсіресе, тілі түсінікті Оңтүстік Кореяның фильмдері көп сұранысқа ие. Ондағы біздің жұртты қызықтыратыны оңтүстік кореялықтардың қандай жағдайда жасап жатқаны», – дейді ол ағынан жарылып.
Қатаң цензура астында ел тұрғындары өз елінен сырттағы жұрттың өмірі мен қоғамы туралы тым аз біледі. Кейбір аймақтың тұрғындары арасында тәуекелге бел буып, Қытайға немесе Оңтүстік Кореяға қашып өткісі келгендер, солай жасағандар да бар. Бірақ, соңғы жылдары шекара бақылау күшейтіліп, ондай тәуекелшілдердің саны бірден азайған. Ал, шетелге қашып өткендер туралы хабар мүлде таратылмайды. Жұрт арасында да әңгіме қылуға қатаң тыйым салынған. Оңтүстік Кореяға қашып өткен «жеке батырларды» ондағы жұрт «төменгі қалаға кетіп қалыпты» деп қана қояды.
Міне бұлар Солтүстік Кореяның екі азаматынан алынған мәліметтер. Егер олардың аты-жөні мәлім болса, Чол Хо мен Сүн Хи ендігі өлім жазасына кесіліп немесе өмірінің қалғанын еңбек лагерінде өткізуі мүмкін. Елдегі жабық түзім миллиондаған халықтың тағдырын шеңгеліне шырмап ұстап отыр. Осыдан кейін де ондағы халықтың арман-тілегі, ең қарапайым кісілік рухы мен өмірінің мән-мағынасы туралы айтудың өзі қиын.