Киевте ресейлік оппозиционер журналист, жазушы әрі блогер Аркадий Бабченконың өліміне қатысты түрлі жорамалдар айтылуда. Мәліметтерге қарағанда, қастандық жасаушы Бабченконы көп қабатты тұрғын үйдің кіре-берісінде күтіп тұрған. Кейін, Аркадий пәтерінің есігін ашуға қамданғанда ту сыртынан бірнеше рет атқан. Киев полициясы қылмыс күмәндісінің жай сызбадағы портретін таратты. Олар марқұмды нақты кімнің өлтіргенін тек Бабченконың әйелі ғана айтып бере алады дейді. Қазір оның куәлік беруі негізінде тексеру істері жүргізілуде.
"BBC" хабарына қарағанда, халықаралық ұйымдар бұл істі бүге-шігесіне дейін тәптіштей тексеруді талап етуде. Бабченконың әріптестері «саяси себеппен өлтірілді» деген пікірде және өзге жорамалдардың бәрін теріске шығарды. Әлеуметтік желілерде де бұл туралы қызу талқы өрістеген. Соның көбі Бабченконың өліміне Ресей билігін айыпты деп санайды. Алайда, қылмысты кімнің жүзеге асырғаны туралы қазірге дейін иландырарлық дерек жоқ.
«Дождь» каналының хабарында, «Новая газета» басылымының (Бабченко қызмет еткен басылым) редакторы Дмитрий Муратов оның өлімі саяси ұстанымына тікелей қатысты деген пікірін білдірді. Муратов сұхбатында: «Оған жазушылық, журналистік іскерлігі үшін қастандық жасалды. Одан өзге менде күмән жоқ. Мұны кім істеді, оны әзірге білмейміз. Бірақ біз осы істің соңына түсетін боламыз», – деді. Редактордың айтуынша, Бакбченко ақша және бизнес мәселелерінен өзін аулақ ұстағанымен, әскери-саяси сыр-құпияларға келгенде екіленбестен кірісіп, батыл позициясын көрсететін. Әрі, осындай тақырыптарда ол қашанда құрбандық болған, зардап шеккендер тарабында тұрғанын айтады.
РИА Новости агенттігі «Московский комсомолец» басылымының бас редакторы Павел Гусевтің пікірін жария еткен. Гусев Бабченконың мемлекеттік басылымдарда әскери журналист болып істегеннен айтып, оның жоғары кәсіптік қабілетке ие болғанын мәлімдеген. Дегенмен ол соңғы жылдары Ресей-Украина қайшылығына байланысты Бабченкомен ұқсамаған көзқараста бөлінгенін мойындады. Гусевтың ойынша бұл оқиғаның «Ресей Арнайы Қызметімен қатысы жоқ».
Алайда, Гусевтың бұрынғы орынбасары Айдер Муждабаевтың пікірі оған қайшы. Муждабаев қырымдық татар, Қырымды Ресей аннекцияларғаннан кейін Мәскеуден Киевке қоныс аударған. Бакченконың өмірдегі жақын араласқан досы. Ол Бабченконың өліміне Ресей арнайы қызметінің қатысы бар екенін айтады.
Шекарасыз журналистер халықаралық ұйымы, Журналистерді қорғау комитеті бұл істі «Жан түршігерлік оқиға» деп бағалаған әрі Киев билігінен істі тез арада анықтап, қылмыскерлерді табуды талап еткен.