Ауғанстанның шекаралық ауылдарының тұрғындары аймақтағы қарулы қақтығыстардың кесірінен үйлерін жаппай тастап кетуге мәжбүр. «Азаттық» радиосының түрікмен қызметінің хабарлауынша, бір ғана Калайзал ауданындағы 86 ауыл қарулы топтың қоршауында қалған. Бұл туралы жергілікті депутат Саид Эседулла Садат мәлімдеген.
«Талибандар Калайзадағы 86 ауылды басып алды. Ол жердегі үкіметтік күштер Талибандар тарапынан ығыстырылуда», - деп хабарлаған шенеунік.
Ауғанстанның шекаралық аудандарындағы әскерилер сәуір айының ортасында шабуылға көшкен. Сол уақыттан бері тұрғындар тұрғын үйлері мен мал-мүліктерін тастап кетуге мәжбүр болған. Олардың арасында түрікмендердің саны басым. Енді Ауғанстан үкіметі әскерилер тарапынан жаулап алынған ауыл тұрғындарын қауіпсіздікпен және азық-түлікпен қамтамасыз ете алмай отыр.
12 мамыр күні жүздеген этникалық түрікмен отбасы Гураиш ауылының маңайына бас сауғалап барған. Олардың кедейшіліктің шегіне жетіп, ішерге ас таба алмай жатқандары туралы да айтылуда. «Азаттық» радиосының Ауғанстандағы тілшісі Шамердануглу Мырадының хабарлауынша, Талибандар тарапынан басып алынған ауылдар мен басқа да қарулы топтардан қашып шыққан адамдардың саны туралы тіпті үкіметтің өзі нақты мәлімет бере алмайды. «Бұны тіпті лагерь деп те атай алмайсың. Адамдар қара жерде, ешқандай төсенішсіз тұрып жатыр. Ас-сусыз, киім-кешексіз, тіпті бастарында баспаналары да жоқ. Олардың қаншасы аштық пен аурудан қайтыс болатынын Құдай білсін. Қауіпсіздік себепберіне байланысты оларға үкіметтік ұйымдар да, халықаралық ұйымдар да, оның ішінде Қызыл Крест қоғамы да жақындай алмай отыр» , - деді Ш.Мырады.
Еске салайық, сәуір айының басында «Талибан» қозғалысы көктемгі шабуылдың басталғаны туралы хабарлаған еді. Бұл жылы қарулы топтың әрекеті «Хандек» деп аталды.