Батыс Фара аймағындағы Бала-Болук (Bala Boluk) ауылында өткізу-бақылау пунктіне "Талибан" әскерилері жасаған шабуыл кезінде кемінде 18 ауған сарбазы қаза тапты, - деп хабарлайды Al Jazeera ақпарат агенттігі.
Ал оңтүстік Гилменд (Helmand) аймағында 2 террорист тағы екі сарбазды өлтіріп, бірнешеуін жаралады.
Гилменд аймағына "Талибан" әскері бірінші рет шабуыл жасағанда оларды жергілікті сарбаздар артқа шегіндірді. Соның өзінде 2 сарбаз қайтыс болды.
Екінші шабуыл Гилмендтағы Лашкар-Гахқа (Lashkar Gah) жасалды. Бұл шабуыл кезінде 7 адам мерт болды.
Сенбі күні таңертең Кабулда дипломатиялық аймақ жанында террорист өзін және кемінде 3 адамды өлтірген. Кейіннен бұл шабуыл ИГИЛ тарапынан жасалғаны анықталды.
Ішкі істер министрі Наджиб Даништың (Najib Danish) мәлімдеуінше, терpорист Кабулдың Шаш-Дарак маңында "жасыл" аймаққа жақын жерде өзін жарып жіберген. Бұл аймақ НАТО-ның штаб-пәтеріне және АҚШ елшілігіне жақын жерде.
ІІМ хабарлауынша, 6 адам жарақат алып, олардың екеуі хәл үстінде жатыр.
"Бұл шабуылдар ИГИЛ-дің аймақта әлі де белсенді екенін дәлелдейді. Америкалықтардың да "Талибан" мен ИГИЛ-ға қарсы әуе шабуылдары жиілеп кетті. Күнде бір қантөгіс, адам өлімі немесе шабуыл жайлы бір жаңалық шығып тұрады", - дейді жергілікті халық.
Ауған әскері мен АҚШ қол астындағы коалициялық күштер аймақтағы билікті қолына алу үшін талибандықтармен күресіп келеді. Бірақ аймақтағы жағдайдың жақсарар түрі жоқ.
21 қаңтар күні "Талибан" әскері Кабулдағы "Интерконтиненталь" қонақүйінде 20 адамды мерт қылды.
Бірнеше күн өткеннен кейін ИГИЛ сарбаздары шығыстағы Джелалабад (Jalalabad) қаласында "Балаларды құтқарыңыз" ұйымының кеңсесінде 3 адамды өлтірді.
27 қаңтар күні "Талибан" сарбазы іші жарылғыш заттарға толы жедел жәрдем көлігін Кабул орталығына айдап әкеліп, салдарынан 103 адам қайтыс болып, 235 адам жараланды. Ертеңіне Кабулдағы әскери академияға тағы шабуыл жасалып, 11 адам көз жұмды.
Жақында АҚШ президенті Дональд Трамп Ауғанстанға тағы 3 мыңға жуық әскер кіргізді. Сонымен Ауғанстандағы америкалық әскердің саны 14 мыңға жетті.
Бірақ соңғы кездегі шабуылдардан кейін АҚШ президентінің 16 жылдық соғыста жеңіске жету стратегиясына қатысты кейбір мәселелер қайта қаралатын секілді.