Халықтың зейнетақы қорына жинап жатқан ақшасы банктер мен бизнеске берілетін болды. Өткен аптада Ұлттық банк төрағасы қордағы 200 млрд теңгенің облигациялық бағдарламаны іске қосу үшін жұмсалатынын мәлімдеді. Яғни, осы қаражатқа банктердің құнды қағаздары сатып алынбақ. Данияр Ақышев зейнетақы қорынан алынатын қаржы - барынша қорғалады, сондықтан жұрттың алаңдауына себеп жоқ деп, кесіп айтты. Сондай-ақ, ол зейнетақы қорындағы қаражатты салмшылар үй алуға жарата алмайды деді. Ұлттық банк төрағасының бұл сөзі біраз адамның шымбайына батып, ашуын келтіргені рас. Бұқара: "Тірнектеп жиған ақшамызға Ұлттық банк неліктен қол салады? Әлгі қаражатты не себепті тап қазір баспаналы болуға жұмсай алмаймыз?" деп, шамырқанып жатыр. Елді елеңдеткен осы мәселеге қатысты белгілі экономист, "Pro Gente" экономикалық зерттеу орталығының жетекшісі Мақсат Халық өзіндік ойын білдірді. Жұрт көкейінде жүрген сауалдарға жауап беруге тырысты.
- Ұлттық банк екінші деңгейлі банктерді қолдау үшін зейнетақы қорынан 200 млрд теңге бөлу туралы шешім қабылдады. Қаржы реттеушінің бұл шешімі дұрыс па?
- Қордан бөлінетін ақша кейін қалай қайтарылады дегенге мән берелік. 200 млрд теңге аз ақша емес. Оның үстіне ол зейнетақы қорынан бөлініп отыр. Яғни, халықтың зейнетке шыққанда өз пайдама жаратамын деген қаражатын билік қазір банктерді сауықтыруға жұмсап отыр. Демек, оның жауапкершілігі де мол. Егер зейнетақы қорынан бөлінетін ақша, қайтарылатын кезде инфляция деңгейінен жоғары болса, онда тиімділігін көрсетеді. Бірақ инфляция деңгейінен төмен болып жатса, сөзсіз табысы кемиді. Басқаша айтсақ, 200 млрд теңгені құрдан-құр бөлгендей болады. Сондықтан Үкімет тәуекелге барып отыр. Бөлінетін ақша инвестициялық тиімділігін көрсетпесе, онда халықтың қаражатты желге ұшты деген сөз.
- Екінші деңгейлі банктерді мемлекет тарапынан қолдауды доғару керек деп, Елбасы биылғы халыққа жолдауында да айтқан еді. Алайда, соған қарамастан, Ұлттық банк шатқаяқтауға шақ қалған қаржы институттарына "дем" беріп келеді. Сонда Ұлттық банк Президенттің тапсырмасына қарсы келіп отыр ма?
- Мен мына жайтты түсінбеймін. Зейнетақы қорындағы 200 млрд теңгені банктерге бөлу туралы шешімді Ұлттық банк басшылығы жеке-дара қабылдаған жоқ. Үкімет те бұл іске араласты. Өйткені, бюджетті алдын ала бекітетін солар. Меніңше, олар екінші деңгейлі банктерді сауықтыру керектігін білгендіктен, осындай қадамға әдейі барып отыр. Одан кейін, "Біріңғай жинақтаушы зейнетақы қорының" акционерлік қоғам екенін ұмытпауымыз керек. Яғни, қордың өзіндік акционерлері бар. Банктерге қолдау көрсету туралы шешімді қабылдар кезде олардың да пікірі ескерілгені сөзсіз. Естеріңізде болса, өткенде Елбасы еліміздегі 3 банктің жұмысын сынға алған болатын. Қазір солар күйреудің аз-ақ алдында тұр. Осыны біле тұра, зейнетақы қорының басшылығы банкротқа әне-міне ұшырайтын әлгі банктерден зейнетақы қорынан бөлінген қаражатты қайтарып алуға асығып отырған жоқ. Мұның астарында бір гәп бар сияқты... Себебі, зейнетақы қорында триллиондаған қаражат жатыр. Оған әлдекімнің көзі түсіп жатқаны айдан анық.
- Осы тұста, зейнетақы қорындағы қаражатты ел неліктен игілігіне қазір жарата алмайды? Мәселен, Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев зейнетақы қорындағы ақшаға салымшылар үй алуға жұмсай алмайды деп, бұл ұсыныстан үзілді-кесілді бас тартқан. Халық зейнетақы қорындағы қаражатын бастапқы жарна ретінде пайданалып, баспаналы болғысы келеді. Бірақ Ұлттық банк оған шектеу қоюда. Мұның мәнісін қалай түсіндіруге болады?
- Таяқтың екі ұшы бар. Біріншіден, зейнетақы қоры азаматтардың қартайған кезде жұмсайтын ақшасы болуы керек деген оймен құрылған. Бұл - дұрыс пайым. Егер зейнетақы қорындағы ақшаны халыққа қазір үлестіріп беретін болса, онда кейбір адамдар оны мақсатсыз жұмсап, қартайған кезінде құр алақан қалуы мүмкін. Сондықтан зейнетақы қорындағы қаражатты депозиттік жүйе ретінде қолдануға болмайды. Екінші мәселе - мынада. Өткен аптада осы зейнетақы қорындағы ақшаны халық Президент ұсынған "7-20-25" бағдарламасы бойынша үй алу үшін алғашқы жарна ретінде қолданса қайтеді деген сауал айтылған еді. Меніңше, орынды сөз. Айталық, зейнетақы қорындағы ақшаны түгел емес, тек жартысына жуығын ғана халыққа бөліп берсе, олар кейін сол қаржыға баспана алса, несі жаман?! Дамыған елдердің көбінде мұндай тәжірибе бар. Мәселен, Малайзияда зейнетақы қорына жинап жатқан ақшасына қажылыққа барып келемін десе де, бөліп береді екен. Бірақ Ұлттық банк төрағасы бұл ойға қарсы шығып, қаржы реттеуші мұндай мәселені мүлдем қарастырмайды деп, үзілді-кесілді қарсы шыққан.
- Ұлттық банк зейнетақы қорындағы ақшаны осылай оңды-солды жұмсай берсе, елдің зейнетке шыққанда алатын ақшасы қалмай қалады деген үрей бар. Бұқараның бұл қорқынышы заңды ма?
- Зейнетақы қоры төңірегінде болып жатқан түрлі келеңсіз оқиғалар халықтың бұл қорға деген сенімділігін төмендеткені сөзсіз. Егер инвестициялық табыс инфляция деңгейінен төмен болса, жиған-тергеніңіз еселенбей, керісінше кеміп жатса, зейнетақы қорына ақша салудың қандай мәні бар? Жұрттың бұлай алаңдауы, ертеңгі күніне елеңдеуі өте орынды. Сырттан тон пішпей, халық қаржылық сауаттылығын қазірден бастап арттыру керек. Зейнетақы қорындағы ақшасын жиі тексеріп, мамандардан талап етіп отырса, бәлкім жағдай басқаша болар ма еді... Осы тұста, мемлекет тарапынан да ашықтық болғаны дұрыс. Ақыры азаматтық қоғам құрғымыз келеді екен, онда жиналған ақшаны жария түрде бұқпай айтсын. Қанша қаражат жиналғаны, қанша ақшаның қайда жұмсалғаны туралы ақпаратты тұрақты түрде беріп отырсын. Сол кезде зейнетақыға деген халықтың күпті ойы сейілетін шығар.
- Әңгімеңізге рақмет!
“The Qazaq Times”