Ресей тарабының өтінішімен өткізілген БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің жиналысында ресейлік өкіл Ұлыбритания үкіметін айыптап, Сергей Скрипалдың өліміне қатысты ойдан шығарылған шағымдармен Ресейге жала жауып отыр деп сынға алды. Ресейдің БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Василий Небензя сөзінде: «Лондон отпен ойнап отыр», – деп салды. Бұл туралы BBC хабарлады.
Мәскеу тарабы Сергей Скрипал мен оның қызының улануына қатысты тергеу ісіне ресейлік тексеруші өкілдерді де қатыстыру керек дегенді орта салды. Бұған қарсы пікір білдірген Ұлыбритания өкілі: «Ресейдің бұл талабы өрт қойған адамның қайталай өрт себебін анықтауға қатысамын дегенімен бірдей», – деген пікірін білдірді.
БҰҰ-дағы Ресей өкілі сөзінде, Сергей Скрипал Ресей азаматы бола тұра, Британия жақ ресейлік консулды оған кіргізбей жатқанын айтып шағымданды. «Лондон Мәскеумен ынтымақтастықтан бас тартты. Соның себебінен Ресейдің өзге батыс елдерімен қарым-қатынасы қиындап кетті», – деді. Ол және: «Лондон жағы тергеу істеріне ресейлік өкілдерді кіргізбей отыр, бұған қоса тергеудің жаңа мәліметтерімен бөліскісі келмейді», – деп сынға алды. Ресей өкілінің айтуынша, «Новичоктың» аты орысша болғанымен, оны Батыс елдері ойлап тауыпты және дәлелсіз айыптауларын тынбай жолдап жатқаны да күмән туғызады екен.
Дегенмен, ресейлік өкілдің бұл сөзі де жауапсыз қалмады. Ұлыбританияның БҰҰ-дағы өкілі Карен Прис сөзінде: «Британия Юлия Скрипалдың мақұлдығы болмаса ресейлік консулды оған жолықтыра алмайды. Портон-Дун лабораториясының зерттеушілері шабуылда қолданылған заттың «Новичок» екенін дәлелдеген. Қастандық ісінің артында Мәскеудің тұрғанына бір емес, бірнеше дәлел бар», – деді. Ол Ресейде жасалған улы заттың не үшін Ұлыбританияда болып қалғанына Кремль әлі жауап бере алмай отырғанын алға тартты.
Тыйым салынған химиялық қарулар жөніндегі ұйым өзінің эксперттерін Ұлыбританияға жіберген. Оларға зардап шегушілерден алынған биологиялық үлгілер көрсетілген. Олар мұқият тексеруден кейін қорытынды шығармақ.
Британияның талабы бойынша Ресей осы эксперттердің шығарған қорытындысына мақұл болуы керек. Алайда, Ресей жағы өзінің экспертін тексеруге қатыстырғанда ғана иланатынын айтып отыр. Бірақ Лондон тарабы бұған жол бермейтінін жеткізді.