Көзсүзген

 

                                                                    Жатып қалған тайлағы,

                                                                       Жардай атан болған жер.

                                                               Жабағылы тоқтысы,

                                                                                Қой болып, қора толған жер.

Махамбет

 

Менің туған жерімде төбе-дөңдер көп еді,

Қияғы қылыш секілді,

Құрағы ырыс секілді,

Бетегесі жусандай, орасаң ол да шөп еді.

 

Үйеңкі,

Терек-ағашы өскенде өзін тараған,

Тіреуі сынды аспанның иілмей төмен қараған.

Жебесі қолдан түскен соң жау жылап кеткен жер еді,

Содан соң бейбіт өмірге маужырап кеткен жер еді.

 

Есігін түнде ілмеген еркіндеу жатқан елі бар,

Өзеуреп келген есерге бейіттер жатқан белі бар.

Басыңа жүрсе бақ қонбай,

Жақындай келгін жат болмай,

Дана қарттарым бар әлі дала жайындай сені ұғар.

 

Қырмызы тектес қыздарын көрінгенге үзіп бермеген,

Қандасым дейтін қалқаға жанарын сүзіп көрмеген.

Осындай жерде тұрам мен,

Осындай елде тұрам мен,

Кесілген бастың зары бар,

Көзінде кек бар сөнбеген.

 

Жау іздеп келсең – тозақпын,

Жайыңмен келсең – жұмақпын,

Суына ғана жуынғам мөп-мөлдір, таза бұлақтың.

Түнде жортсам, ай – қылыш,

Жұлдыздар жұбым боп келген,

Күндіз жортсам, күн – қылыш,

Көзіме салып шоқ берген.

 

Көңілін берген адамға көктемгі қар боп ерігем,

Көңілім қалған наданға қара тас болып көрінем.

Шіренгенімді көрсең сен – үзеңгі бауым үзілген,

Қуанғанымды көрсең сен – қоралы қойым кеміген.

 

Өзіме тартқан далам бар,

Төбе-дөңдері молынан,

Қияғы  қылыш секілді қырқаның түспес жонынан.

Тұяғы жұмсақ малым бар – аялап көкке жайылған,

Шығарда-шықпас жаным бар осының бәрін қорыған.

 

Көңілшектігім қартайған,

Жасарып қазір келемін,

Құдайсынбағын, көзсүзген, бола да қоймас дегенің.

 

 

Тіреусіз көпір

 

Басканың сүйреп арбасын,

Жағалап жүрсе ол жар басын,

Бұл іске Жарас Сәрсектің

Қатысы қанша, қарғашым?

 

Байсылды қарттың көзі еді,

Байыптап айтқан сөзі еді.

Байлықты бақ деп ұғынып,

Байшыкеш болған өзі еді.

 

Айтқанда сөздің төтесін

Ақша деп ұқты ол көкесін.

Бұл іске Жарас Сәрсектің

Қатысы қанща, көкешім?

 

Қарпыды,жеді, асады,

Қарлығып әнге басады.

Қалтасы қалың қайран ұл

Қандасын көрсе сасады.

 

Ойласаң соңы – көңіл кір,

Көңіліммен , көкем, көмір бір.

Өзекке өксік байланып,

Өртеніп жатқан өмір бұл.

 

Тіршілік суын ішпеген ,

Жемісін мына піспеген.

Көзімді өзім ағазып,

Тілімді тісім тістеген.

 

Жағама қолым жармасып,

Жағым мен жағым қарғасып,

Жалаңбас, жалаңаяқпен

Барады жұртым қар басып.

Көктем жоқ,

Жаз жоқ өңірде,

Өлең жоқ,

Өң жоқ өмірде.

Құлазым тұрған белім бе,

Құлазым турған көңіл ме?!.

 

Құрдымға кеткен сезім бе,

Құрдымға жеткен өзім бе?

Ойлантып қойған өмір-ай,

Ойнатып жылтыл көзімде!..

 

Қолым бар – алу білмейтін,

Аяқ бар – шалу білмейтін.

Көзім бар – тану білмейтін,

Көңілім бар – жану білмейтін.

 

Алатын болсам – қайтерсің,

Шалатын болсам – қайтерсің?

Жанында тұрып жалындап,

Жанатын болсам – қайтерсің?

 

Бүлінгендерді бүтіндеп,

Керек деп оған күтім деп,

Безектеп жүрім бел ассам,

Тұрасың ылғи түтіндеп.

 

Келтіріп алып кетірген,

Өлтіріп алып өкірген,

Осы бір мінез аумайды

Тіресіз тұрған көпірден.

 

Көпірден тұрған тіреусіз,

Өтпейтін болдық біреусіз.

Үрейде ғана көппіз біз,

Үрейзіс кезде жоқпыз біз.

 

Құнарсызға да дән септім,

Құнарлыға да дән септім.

Қатысы болса боларды,

Бұл іске Жарас Сәрсектің.

 

 

Мән

(диалог)

 

– Тауда туған адамсыз,

Тау биік пе, не биік?

– Күн көтерген басына

қолың жетсе деп түйіп,

Маңғаз қалпын бұзбаған

Аспан биік,

Көк биік...

 

– Түпсіз дүние жоқ, сірә,

Не тұңғиық?

Не терең?

– Жалғыздықта қалдырып

өзегіңді өртеген,

Ой – тұңғиық,

Жер – терең,

Жер дегенім – көр терең...

 

– Ненің қымбат екенін

Сіз де ұқпайсыз шамасы?..

– О, бұл жайлы пенденің

Қызып тұр-ау таласы.

Дана айтпаған байламды,

Қайдан айтсын баласы.

Ең қымбаты мен айтсам –

Көк пен Жердің арасы...

 

 

 Кафеде

 

Отырам ұзақ,

Жұрт екеу, үшеу – топ болып

келеді-дағы кетеді сосын жоқ болып.

Жалғыздық емес, жанымды менің сондайда

Қариды бір мұң – қоздаған қызыл шоқ болып.

 

Тобылға күрең алдырып сыра жаңадан,

Қоздатып ойды әбігер болам санадан.

Даяшы қыздар ойлайды, бәлкім, мен жайлы:

«Отыр-ау байғұс, біреуді күтіп манадан...»

 

Кімімді күтем?..

Қайрауым үшін өзімді,

Өзімді-өзім етуім үшін төзімді,

Осылай кейде оңаша қалам өзіммен,

Осылай қанша өлеңім ерте көз ілді?

 

Отырып алып сапарлап кетем өткенге,

Төл баққан кезім есіме түсіп көк белде.

Қозы-лағымды қолымда бармен қалқалап,

болушы ем бәйек көкекте жаңбыр төккенде.

 

Ертесі күні бір мұздап денем, бір ысып,

Жатушы ем жалғыз төрінде үйдің бүрісіп.

«Құрысын бүйткен малы»,  – деп анам әкемді

Жанымда менің отырушы еді ұрысып.

 

Айында бір рет сөйлесе, сөйлер Иемді,

Жылында бір рет өй десе, өй дер Иемді,

Иілмей әсте ит тірлік кешкен Иемді,

Егіліп еске алатын болдым жиі енді.

 

Шуақты күндер соңымда қалған сыңайлы,

Ауылдың шаң-шаң жолында қалған сыңайлы.

Арманымды ерттеп Алатау жаққа келгенмін,

Тек соным рас,

Қалғаным жалған сыңайлы.

 

Бұл да бір, қайтем, дәрменсіз даусы сезімнің,

Біле алмай далмын мінезін осы өзімнің.

Келер күн-сорлы алдыма қарсы жайғасып,

Іздейді өзін қарашығынан көзімнің.

 

Одан соң оның жанары сырғып төменге

дүрсілді тұсқа тоқтайды барып дегенде,

Күрсініп алып орнынан тұра береді,

Дегендей, «Сорлы, не құның бар ед өлеңде?..»

 

Күңкілдер өстіп ылғи да күннің жаңасы,

Кешегі күннен аумайды түрі, қарашы.

Тоқтатып алып сөйлесер ме еді өзімен,

Келмейді-ау бірақ ешкімнің оған шамасы.

 

Қой енді,

болмас,

жолымды мен де табайын,

Түс көріп жатқан шақта бұл тегіс ағайын.

Мезгілсіз өлген өлеңдерімнің басына

барайын-дағы бір-бірден шырақ жағайын...

 

 

***

Мен бақытты шығармын...

Анаумен салыстырғанда жүре аламын ғой,

Жүре аламын ғой, аяулым.

Қаласам барлық есікке кіре аламын ғой,

Кірмесем-дағы таяумын.

 

Мен бақытты шығармын...

Анаумен салыстырғанда жанарым бар ғой,

Көре алам бәрін, жарығым.

Ақ пен қараны ажырата алар амалым бар ғой,

Мені де солай танығын.

 

Мен бақытты шығармын...

Анаумен салыстырғанда сөйлей алам ғой,

Сөйлей алам ғой, көркемім.

Өктемсігенге «өй» дей алам ғой,

Ұлымын құлсыз өлкенің.

 

Мен бақытты шығармын...

Анаумен салыстырғанда бауырларым бар ғой,

Аллаға шүкір, аз емес.

Одан да бөлек тәуірлерім бар ғой,

Ішінде өзім мәз емес.

 

Мен бақытты шығармын...

Анаумен салыстырғанда жарым бар, жай бар,

Жарым бар, жай бар, жамағат.

Мың тәуба Хаққа, наным бар, шай бар,

Қанағат соған қанағат.

 

Мен бақытты шығармын...

Анаумен салыстырғанда өз елім бар ғой,

Өзегім бар ғой, қылықтым.

Үзілсем жатар өз жерім бар ғой,

Басқаның бәрін ұмыттым.

 

***

Отан дейді ә?..

Отан Оның өз басы,

Өз басына лайықты сөз басы.

Бәлкім дұрыс,

Бәлкім бұрыс, білмеймін,

Отан дейтін...

Отан – Менің көз жасым,

Отан – Сенің көз жасың.

 

Сол жасыңды жанарыңда тұндырғын,

Нұр да қылғын,

Жыр да қылғын,

Сыр қылғын.

Көзшұқығанкөпкещеніңсаусағын,

Отанағыптүспеуүшінсындырғын.

 

Біржиырмажыл,

Өтсінмейліжүзғасыр,

Отан – жасым,

Жанарымдақұрғасын.

Кемсеңдетекөрмеңдершімені, Адам.

ДемесеңдерОтанкөздемұздасын.

Ку жүрегімқуысымдасыздасын,

Отан – меніңкөзжасым.

 

Сол жасымды жанарымда тұндырдым,

Нұр да қылдым,

Жыр да қылдым,

Сыр қылдым.

Көз шұқығыш көп кещенің саусағын,

Отан ағып түспеу үшін сындырдым.

 

Не өтпедіменіңғазизбасымнан,

Қақырардайталайжердеашынғам.

Жыламауғатиістіедім, өйткені

ЖанарымаОтанымдыжасырғам...

 

 

Адасқақтың айтқаны

 

Сыйласар көп сырласқа сыйым болмай,

Жүрген-ай мына күнде күйім болмай.

Сыздаған жүрегіме сырқат жамап,

Дертті еткен қу мінезім қиын қандай!..

 

Құлаған қиын қандай әлің барда,

Әжімсіз ажарың бар,

Әрің барда.

Сыртымнан сырқатымды емдеп жүрген,

Сиқыршым,

Дәрің бар ма,

Дәрің бар ма?

 

Білмеймін, қазір менде жалын бар ма,

Мәз болам былғанбаған арым барға.

Аспанда ұша-ұша аш құрсақпын,

Алданып ағымдар мен сағымдарға.

Құлдилап құшағыңа келем құлап,

Жер-Апа-ау, наның бар ма, наның бар ма?

 

Айтпаған,

Айтылмаған әнім де алда,

Әу дейін қу кеудемде жаным барда.

Бір торғай бір жағымда шырылдайды,

Құс патшам,

Дәнің бар ма,

Дәнің бар ма?

 

Қиялап тартсам деп ем кезеңіме,

Өмірім өрт боп түсті өзегіме.

Аптапта көлеңке іздеп аласұрам,

Су патшам,

Ағыз мені өзеніңе.

 

Кәрінен уақыт пен замандардың

тал қармап талай-талай аман қалдым.

Қалғу жоқ қазір маған

қайтармаған

алдында қарызым көп адамдардың.

Онсыз да өкінішке толы өмір бұл,

Онсыз да келер бәрін тәмамдар күн.

 

Қол да аман,

Аяқ – мығым,

Бас – қалпында,

Жан-дүнием жалындайды жас қалпында.

Кез әлі келген жоқ-ау

қыр басынан

қасқайып қарап тұрар тас қалпымда.

 

Қиялап тарттым, міне, кезеңіме,

Қарамай қарайғанның кезегіне.

Осыдан көлеңке іздеп көзге түссем,

Су патшам, ағыз мені өзеніңе.

 

  

Қасқажирен

 

Құдай-ау,

Не болғансың Қасқажирен,

Тұрқыңа тұрмын қарап басқа күймен.

Алдымнан мың-сан үйірін өтсін айдап,

Өзіңдей болсын қайдан басқа жирен.

 

Баяғы қайда қалған таныс құлақ,

Таныс құлақ дегенім қамыс құлақ.

Құдай-ау, не болғансың, не болғансың,

Қамыс құлап қапты ғой қамыс құлап,

Кеудемде жатыр менің намыс жылап...

 

Жалыңда өзі қалған бала кездің,

Өзіңмен қыр жайладым, дала кездім.

Жер сиған,

Аспан сиған –

Бәрі сиған,

Орнында ойық қапты қара көздің.

 

Жүргенде қу тағдырдың силығын-ай

арманға кеткен есті жидыра алмай!..

Тойдым ғой,

Қойдым ғой мен, Қасқажирен,

Уақытты уысыма сидыра алмай.

 

Кезінде ен далама көрік болған

Қасқам-ай, көрінгенге көлік болған.

Сен үшін мына дүние жоқ сияқты,

Сен үшін мына дүние өліп қалған.

 

Сен – ең ғой мына мені қазақ қылған,

Қуғаннан,

Құтырғаннан азат қылған.

Қасқам-ай, қайтсем екен заманыңа,

Заматта дәл осылай мазақ қылған?!

 

Қасқам-ай,

Қанатым-ай,

Жиренім-ай,

Күйдірді-ау кездескенің күйде бұлай.

Қамалсам – айырып алар Түздегім-ай,

Қаңғысам – қайырып алар Үйдегім-ай!..

 

Сен желген паң далаға мен сыя алмай,

Мен жүрген тар қалаға сен сыя алмай

барады басымыздан дәурен өтіп,

Қашқан аң,

Ұшқан құсты еш қия алмай!...

 

Жерде – тоң,

Аспанда – аяз,

Үй – шешесіз,

Қалтырап,

Тоңып күн де күй кешеміз.

Түнерген мынау аспан аясында

екеуміз қалай, қайтіп үйлесеміз?!

 

Сен қасқа не білесің,

тас қалада,

күніге куә болып масқараға

кешкісін күрсінумен атау ұрттап,

Құлаймыз көрінбестен жас балаға.

 

Сұраймыз аз қылғай деп заман жүгін,

Жылаймыз жұрттың тілеп амандығын.

Баянды бола ма өзі Бостандығым,

Қу көңіл соған тағы алаң бүгін.

 

Білмеймін,

Білмейтінім көп боп кетті,

Мәлімім көз алдымда жоқ боп кетті.

Өмір деп жүргенімнің көбі өтірік,

Ұлтарақ тұсым тағы шоқ боп кетті.

 

Дәл сендей мен де бір кез биік болғам,

Бөріксіз басым мынау – иіп болған.

Қас та жоқ,

Қабақ та жоқ қазір менде,

Өртелгем,

Өртетілгем,

Күйіп қалғам.

 

Мен деген адам дейтін ұяттының,

Сен деген тұлпар дейтін тұяқтының

тұқымы саналғанмен жай-күй мынау...

Бәріне мен кінәлі сияқтымын.

 

Бәріне біз жазықты сияқтымыз

бәйгеде

озса,

қалса

тұяқтымыз.

Ұзартқан аяғымды қайран, Қасқам,

Алдыңда өле-өлгенше ұяттымыз.

Ер-тұрман сенен қалған есекке өтті,

Ешқашан кешілмейтін сияқтымыз.

 

Шабатын жерің қалмай,

жайылымың

былғанып нәжісіне бай ұлының

осындай заман келді,

Заман өлді

беретін қасқаларға қайырымын.

 

Көңілім Көптен бүгін шет қонады,

Көлкілдеп шер кеудеге дерт толады.

Адамдар жүрген жердің бәрін де ылғи,

Әйтеуір арғымақтар мерт болады!..

 

Қараймын қажып саған қайран Қасқа,

Қартпын мен қайраты жоқ ойдан басқа.

Қайманам не біледі қойдан басқа,

Қайманам не біледі тойдан басқа.

Серттескен жұрт сындымыз ойланбасқа...

 

Жалт етіп өтер бәрі  қас-қағымда,

Жал құшқан,

Жанған шағым,

Тасқаным да.

Әйтеуір кісінегім кеп тұрады,

Осы мен адаммын ба,

Басқамын ба?..

 

 

***

Өмірде болмасам да өзім өктем,

Қарайып хатқа түскен сөзім өктем.

Кеудесі кір тасындай кісіңізге

кішіріп күмімжитін кезім өткен.

 

Әй қойшы...

Болмасам  да өзім жақсы,

Сүзіліп сыртқа шыққан сөзім жақсы.

Патшадай паң қалпында ойға шомып,

Отырар оңашада кезім жақсы.

 

Әйтеуір алабарқын күй кешемін,

Жоқ әсте жүк артатын үйде есегім.

Келемін өзімді-өзім өрге сүйреп,

Жүрмейді сыйға есебім, күйге есебім.

 

Қирағам,

Қиратылғам,

Өлгемін жоқ ,

Өнгеннен кез де болған көмгенім көп.

Әйтеуір алабарқын осы күймен

адамнан аласарып көргемін жоқ.

 

Ұнасын,

Ұнамасын,

Анығында

Өзімнің өмір сүрдім қалыбымда.

Қараңдап әлдекімге көрінермін

Білтенің дір-дір еткен жарығында.

 

Ой – құнар,

Өлеңім – дән,

Дән – дерегім,

Дәнімнің бәрін емес, ал керегін.

Суындай абылхаят болмасам да,

Аз-аздап аз жақсыға нәр беремін.

 

Бірде – күз,

Бірде – көктем,

Жаз боламын,

Бірге – көп,

Ал, екеуге аз боламын.

Құйылған құтыдағы су секілді

Ортайып бара жатып мәз боламын.

 

 

Балаға баян

 

Біріміздің жейдеміз бірімізге жарасып,

Бірімізге біріміз өстіп өстік – қарасып.

Алматыңды ол кезде білмеуші едік біз тіпті,

Саз-балшықтан қала сап ат қоямыз таласып.

 

Астауына Арманның Мақсат, Мұрат толатын,

Көбелегі қиялдың ұшатын да қонатын.

Бұзып қайта саламыз ұнамаса жаңасын,

Бәріміздің әйтеуір өз  қаламыз болатын.

 

Ойнадық біз аулада бір кіндіктен он болып,

Он бір болдық содан соң әке арманы сол болып.

Бір ауылдың  бар ісін бала боп-ақ атқардық ,

Бір көшенің бойында тұрдық қалың қол болып.

 

Біріміз мал жөндейміз – шөп саламыз жағалап,

Ал біріміз астауға су құямыз жаңалап.

Тіл алуды білмейтін сүт кенжесі әкейдің

сыбаға алса жақсылап шырылдайтын «ағалап».

 

Көктем келсе көк белге мал өргізген бала едік,

Дейтін біз жоқ «бала едік»,

Дейтін біз жоқ «шала едік».

Қой төлдеттік өрісте,

Төлмен бірге есейдік,

Үлкен шапан жамылған кіп-кішкентай шал едік.

 

Шақырымдап жол жүріп су әкелсек бұлақтан,

Қатал қысы Сүмбенің ой-хой  талай жылатқан.

Қолғабымыз су болып,

Жолдағымыз мұз болып,

Аяз ата секілді оралушы-ек жырақтан.

 

Жазда жасыл желекпен көмкерілер жан-жағы,

Біздің шағын бақшаның еңселі еді-ау талдары.

Дән егеміз жер кепсе,

Тал егеміз жер жетсе,

Қолда күрек-кетпені  біз – диқанның балдары.

 

Біз – диқанның балдары,

Анамыз – жер қайырымды,

Неңді айтайын  өмір-ай қалыңдатқан қайғымды?!

Еменіміз, қайтеміз сәл ертерек  теңселді,

Қанатымыз, қайтеміз сәл ертерек қайырылды.

 

Қазір бір-бір әкеміз,

Қазір бір-бір анамыз,

Баяғыдай  жарысып салмай кеттік қала біз.

Бірімізге біріміз сол баяғы бауырмыз,

Естілеуміз,

Қартаңбыз,

Ескілеуміз,

Жаңамыз...

 

Көңілім босап барады, балам, маған қарама,

Ескі күнім жанымды елжіретіп бара ма?!

Сен – қаланың жаңасы секілдісің далаға,

Мен – даланың ауасы секілдімін қалада...

 

P.S.  Сен қалада туғансың, туған жерде құлдайсың,

Ауылына әкеңнің барып-келіп тұрғайсың...

 

 

*  *  *

Жоғалып кетеді көп өлең,

Жоғалып кетеді көп ойлар.

Құдай-ау бейғамсың не деген,

Өзіңнен басқа оны кім ойлар?!

 

Кім іздер өзіңнен басқа оны,

Сүрт анау көзіңді жас толы.

Қағазың қалыпты ашығып,

Қаламың қалыпты  шашылып

қазанды аңсаумен ас толы.

 

Талпындың,

Алқындың азырақ,

Жан-жағың бара ма азынап?

Түгенде жоғалтқан дүниеңді

ұйқыңнан азырақ қарыз ап.

 

Өйтпесең өмірің оңбайды,

Дейсің бе өзге одан сорлайды.

Жек көріп,

Көп көріп өзгені

шет қонып жүруге болмайды.

Болмайды...

Болмайды...

Болмайды...

 

Өлеңнің жоғалған бағы бар,

Ойдың да жоғалған жаны бар.

Бағы бар,

Жаны бар десек те,

Олар да бастауын сағынар?

Тек ізде,

Табылар...

Табылар...

 

 

***

Жаз келді ме?..

Әй қайдам ұқсамайды,

Кірпіктерім көзімнен шық санайды.

«Бір мезгілді бір мезгіл мүйіздеп жүр»,

Деп тұрғандай мен анау ұқсам айды.

 

Жаз келген жоқ,

Келген жоқ көктем әлі,

Тас та,

Тау да,

Таңым да – өктем бәрі.

Жаз келсе егер жайқалып жатпас па еді,

Құнарымда құлшынып еккен дәнім.

Жаз келген жоқ,

Келген жоқ көктем әлі.

 

Мың тұрамын, мың құлап тайғанақтап,

Болды лезде жан-жағым қайдан аппақ.

Келген жерін жаз-жеңгем неге ұмытты,

Жүр екенсің қай маңда айналақтап.

 

Жоғалтып алғандай-ақ бірдеңені,

Көңілімді көңілсіздеу жыр көмеді.

Тон киген,

Тоңып қалған біздің жаққа,

Әйтеуір жаз жадырап бір келеді.

 

Мен емес адамыңыз жоқ шыдамы,

Сенімнің жанды жанда көп шырағы.

Әйтеуір бір күндері құстар сайрап,

Өртенген өрісіме шөп шығады,

Шөп шықса бұрынғыдан көп шығады.

 

 

Шырша махаббат

 

Бұл халыққа жоқ мүлде дау етерім,

Доспын ба әлде жұмбақтау жау екенім.

Таудың өзін сүйерін білген болар,

Шырша ағашы сүйеді тау етегін.

 

Болмаса да бұл елге масқарам көп,

Емін-еркін сөйлеуге жасқанам көп.

Алматыда өсетін шырша біткен,

Тауды ғана ұғады астанам деп.

 

Адам тауды «сүйем» деп айқайлайды,

Айқайшылға тау жауап кайтармайды.

«Сен халкыңды сүйсеңші» деген сөзді,

Шыршалы тау, әрине, айта алмайды.

 

Бұл халықка жоқ мүлде дау етерім,

Сөз шешпейді кімнің дос, жау екенін.

Таудың өзін сүйерін біліп болған,

Шырша ағашы сүйеді тау етегін.

 

Қарағайлы ой тізіп қашыққа әсем,

Шырша ағашы көңілімді жасытпа сен.

Халық біткен ақынын сүйер болса,

Мен халықты сүюге асықпас ем.

 

Жаралғаның шын болса Күн елінен,

Жалғыз ақыл сұрайын білгеніңнен:

Әз халқымды сүйем деп неге айтпаймын,

Бұл халықты сүйердей кім едім мен?..

 

 

Арман-ай!

(монолог)

Абыздарым-ай!

Аталарым-ай!

Алаш аталатын асқақтың

Иесі де, киесі де едіңдер.

Ертедегідей ойыма қарай сөз қозғап,

Сөзіме қарай ой қозғап,

Алты қанат ақшаңқан

үйдің төріне шақырып,

Ата сақалдарың дірілдеп,

Абыз кеуделерің күбірлеп,

Болашағыма – нұр,

Сандық кеудеме жыр сыйлап

бата беретіндерің қайда?

Өшпесем де өспей қалған жоқпын ба?

Не боп кетті өзі?

 

Ақжаулықты әжелерім-ай!

Даналығымен күллі ауылға сыйған,

Келіндерін келеке болудан тыйған

ел анасы сендер едіңдер.

Ертедегідей ұршығыңды иіріп,

Ел баласын үйіріп

ыңылдып қана ән салған,

Сыртынан жұрты тамсанған

сол бір кезді сағындым.

Бесігімді тербеп жыр айтушы едің,

Қиялымды қияндарға өрлетіп,

Ғажайыптарға шөлдетіп

ертегі әлеміне жетелеуші едің.

Ертегісіз қалдым ғой,

Ертеңімді не қылдың?

Не боп кетті өзі?

 

Ағаларым-ай!

Бөлек еді ғой бағаларың-ай!

Қорғаным да,

Орманым да сендер едің ғой.

Қорғаным – әлсіз,

Орманым – нәрсіз бүгінде.

Жалғасы қайда жақсы әннің,

Балғасы қайда бабамның?

Не боп кетті өзі?

 

Мен болашаққа қарай адымдап барам,

Атадан бата ала алмай,

Ағадан көрмей өнеге,

Әжеден ақыл тыңдамай ауырлап барам.

Осыны түсінесіздер ме Сіздер?

Жалаңаш кетіп барам!..

Не боп кетті өзі?

 

 

Жалқы сауал

 

Біресе – көп,

Ал біресе – аз дейсің,

Барым осы басқа қалай жаз дейсің?

Айдыныма айлап әрең қондырған

аққу-жырды қаңқылдаған қаз дейсің,

Барым осы басқа қалай жаз дейсің?

 

Біраз қағаз ақ жем болып жыртылды,

Біраз қалам жазды, сосын құртылды.

Біраз жырым тізбек құрып алған соң,

Аралауға кеткен шығып жұртымды.

 

Содан бері еш хабар жоқ олардан,

Елеңдеуді мен де сосын доғарғам.

Ертелі-кеш ойлап қоям есінеп,

Еш дерексіз кеткендерді жоғалған.

 

Жырдың жолын жылтыл емес оңғарар,

Онда ақынға бақ ғайып та,

Сор қонар.

Бір жырымның тым келте еді көйлегі,

Біраз қуға біразға сөз сол болар.

 

Бір өлеңім жүрген шығар нан сұрап,

Бір өлеңім қалған шығар қансырап.

Қай өлеңім қарсы алады жайраңдап,

Бара қалсам бір күндері хал сұрап.

 

Қай өлеңнің жанарынан жас ағып,

Қай өлеңім тұрады екен жасарып.

Бір оқырман шығар алдан досым боп,

Бір оқырман тұра ұмтылар тас алып.

 

Бір жырымды жетім жайлы дендетіп

жазған едім сезімімді селдетіп.

Түн жарымда бір-бір жесір егіліп,

Отыр ма екен сол жырымды тербетіп.

 

Бір өлеңді қасаңдау  қып шығардым,

Бір өлеңді жасаңдау қып шығардым.

Бергенімді берер қайта берен – жұрт,

Сен – талғампаз,

Мен – асаулау шығармын.

 

Басқа қалай, басқа қалай жаз дейсің!..

Біресе – көп,

Ал біресе – аз дейсің.

Айдыныма айлап әрең қондырған,

Аққуымды неге, неге қаз дейсің?!.

Енді қалай,

Енді қалай жаз дейсің?

 

 

Шабытсыз шақ

 

Сенің жаның жазылмаған жыр,

Ақ параққа ақтарылшы бір.

 

Ұнамаса умажда да жырт,

Оқымаса оқымасын жұрт.

 

Бір серпіліп қаларыңа сен,

Өзіңді өзің осылайша жең.

 

Сиқырлы сөз бар дейді жұрт, тап,

Таба қалсаң от кеудеңе жақ.

 

Тым болмаса әуенге сал, сал,

Әуен барда әлем бар ғой, бар.

 

Ұйқы шіркін болмаса да бақ,

Есінесең мамығыңа жат.

 

Тек ертесі іс біткендей бір,

Күлмесең де күлімсіреп жүр.

 

Себебі сол – жазылмаған жыр,

Сенің әлі сеніміңде жүр.

 

Қалайда бір алдыңда бар күн,

Қалайда бір алдыңда бар түн...

 

 

Мәңгілікті аңсау

(Мұңлы әзіл)

 

Аялдай тұршы, Уақыт!

Артымда қалып қойғандай менің аларым

Өрт болып ішім,   айналды жасқа жанарым.

Өзіме тіптен естілмей кейде өз үнім,

Өзіңмен бірге үн-түнсіз еріп барамын.

 

Аялдай тұршы, Уақыт!

Отырар сынды ойраны шыққан мекендей

орынымды көміп өлейін,

Үлгермей әлде кетем бе ей!

Ғұмырым менің – Құдайдан алған бір қарыз,

Қарыздың құны қалмасын деймін өтелмей.

 

Аялдай тұршы, Уақыт!

Алладан, рас, аз ғана күнді жалға алдым,

Алдады өмір,

Алдандым,

Қанша алдадым.

Адамнан айуан жасаған ғасыр сен де ақтал,

Қансыз бетіңді түрткілеп жансыз балдағың.

 

Аялдай тұршы, Уақыт!

Әлдебір дауыс әлдебір жақтан «кет» дейді,

Көп өмір сүрсең – күнәң да сонша көп дейді.

Күнәсіз емен,

Аз өмір сүрген жоқпын мен,

Күнәһарларды құдай да қажет етпейді.

Өзің біл енді...

 

 

Дауыс

 

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында іргедегі көрші елдің диаспорасы Қазақстанның шығыс аймағын өз жеріне балап байбалам салғаны әлі естен кете қойған жоқ. Сондай-ақ, 1992 жылы Өскемен қаласынан онша қашық емес «Овечий ключ» деген ауылда шешендердің қазақтың төрт бірдей азаматын бауыздап тастағаны да жадымызда. Қаһарына мінген халық оларды Өскеменнен ары асырып жібергені де есімізде.

 

Күн шығатын жағымды ғайып қылам деді ме,

Күн сүйетін тәнімді майып қылам деді ме?

Көлденеңдеп көк атты көңілімді қалдырды,

Аздығымды бетіме айып қылам деді ме?

 

Кететіндей өңгеріп жерді жеңіл дейді ме,

Кейкитіндей кем көріп елді жеңіл дейді ме?

Етегімен ертеде өзін желден қорғаған

бұл Қазақтың төзімін енді темір дейді ме?

 

Құмғанынан су берген,

Құнарынан жер бөлген,

Табу қиын бөтен жұрт  Қазақ дейтін елден кең.

Оңтүстіктеноқшашсам,

Солтүстіктен от шашсам,

Батысымнанжелтұрса – жағдайыңызнөлментең.

 

Солқолымменқаусырсам – бірдегеніңнемене,

Оңқолымменқаусырсам – мыңдегеніңнемене?

Өзүйімдесілтенген білекдегеннемене,

Арыстаннаналсаң да жүрекдегеннемене?

 

Өшіккендіжаймененөткізетінөңешпіз,

Обалсызғаопыныпоғашболды-ау демеспіз.

Көңілқарызболсақ та,

Өмірқарызболсақ та,

Біз ешкімге тарихта жермен қарыз емеспіз...

“The Qazaq Times”