Қай уақытта болса да, қай елде болса да жастар мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Біз бұған дейін Қазақстанда ұзақ жылдар бойы жұмыс істеп келе жатқан «Болашақ» республикалық жастар қозғалысының жеткешісі Дәурен Бабамұраттан қазақ жастарының қазіргі жай-күйі жөнінде сұраған едік. Бүгін біз оңтүстіктегі көршіміз Өзбекстан Республикасындағы жастардың тыныс-тіршілігін білу мақсатында Өзбекстан Әлемдік экономика және дипломатия университетінің Халықаралық келіссөздер лабораториясының директоры, Газета.уз сайтындағы «Интервью» жобасының редакторы Нозима Давлетовамен сұхбаттасуды жөн көрдік.

 - Нозима ханым, біздің Өзбек жастары жөнінде білетініміз аз. Олардың қазіргі тыныс-тіршілігі қандай? Жалпы, Өзбекстанда тәуелсіз жастар ұйымдары бар ма?

- Қазіргі таңда Өзбекстанда 600-ден астам тәуелсіз жастар ұйымдары, 133 жастарға арналған басылым және 71 электронды ақпарат құралдары бар. Олардың басым көпшілігі мемлекеттің қолдауымен құрылған. Бір қарағанда билік жастарға айтарлықтай көңіл бөліп жатқандай көрінеді. Бірақ «бұл жұмыстар қалай жүргізіліп жатыр?» - деген де сұрақ бар. Өзбекстада жалпы халық санының 60 пайызын жастар құрайды. Осыған байланысты билік 2016 жылы 1991 жылы қабылданған «Өзбекстан Республикасының мемлекеттік жастар саясатын жүргізу» заңын жаңартқан. Қағаз жүзінде барлығы тамаша. Бірақ іс жүзінде жұмыссыздықтан бастап, орта және жоғары білімнің төмендігі, діни радикализм, жас отбасылардың ажырасуы сияқты шешілмеген мәселелер шаш етектен.

 - Жақында Шавкат Мирзиеевтың бастамасымен «Өзбекстан жастар одағы» құрылды. Сіз бұл ұйымға қандай баға бересіз? Бұл ТМД елдері арасында онсызда көп «жасанды» жастар ұйымдарының бірі емес пе?

- Бұған дейін ұзақ жылдар бойы мемлекеттік жастар саясаты «Камолот» жастар ұйымы арқылы жүзеге асырылып келді. Ресми статистика бойынша, оның құрамында 6 миллионнан астам адам бар. Олардың 4 миллионы алғыр, белсенді жастар. Бірақ осының барлығына қарамастан ұйым өзіне жүктелген міндеттерді атқара алмады. «Камолот» шын мәнінде жалпы қоғамдық ұйым болмады. Осыдан кейін оған сын айтушылар көбейді. Нәтижесінде «Камолоттың» орнына «Жастар одағы» келді. Қазір ескі және жаңа ұйымның басында дәл осы «Камолоттан» шыққан жастар отыр. Ал «Камолоттың» бұрынғы басшысы К. Құранбаев президенттің кеңесшісі және сенатор болып тағайындалды. Бұл да болса биліктің жастар саясатына деген көзқарасының өзгергендігі. Бірақ кез келген дүниенің екі ұшы бар екендігі белгілі. Ең басты мәселе жаңа жүйеде жастар саясатының қаншалықты ашық болатындығы мен оған бөлінетін қаржының қаншалықты тиімді жұмсалатынында. Себебі мемлекет тарапынан жастар ұйымдарына ауыз толтырып айтарлықтай қаржы бөлінеді. Алайда шешілмеген мәселелер жетіп артылады. Осыған байланысты ескі және жаңа ұйымның жұмысына баға беру әлі ерте.

 - Өзбекстан жастарының саяси белсенділігі қай деңгейде? Жалпы, дәл осы жүйеде жастарға орын бар ма? Олардың саяси белсенділігін көтеру үшін не істеу керек?

- Республика бойынша мектеп оқушылары мен студенттер автоматты түрде саяси белсенді жастардың қатарына кіреді. Бұл «Камолот» кезінде де болған «Жастар одағы» кезінде де солай. Олар мемлекеттік шараларға мәжбүрлі түрде қатысады. Ал шын мәнінде белсенді болып жүрген жастар қазіргі жүйеден орын табу үшін барын салады. Олардың жастар саясатының кемшін тұстарын сынауы екі талай. Жалпы алғанда Өзбекстан жастарының саяси белсенділігі жөнінде әңгіме қозғау өте қиын. Себебі осы уақытқа дейін жастардың саяси белсенділігі жөнінде арнайы әлеуметтік зерттеулер жүргізілген жоқ. Қазіргі таңда жаңа билік жастардың саяси-әлеуметтік белсенділігін арттыру үшін түрлі бастамалар көтеріп жатыр. Бірақ бұның барлығы ескірген Кеңестер одағынан қалған жүйе бойынша жүзеге асырылуда. Мысалы, Шавкат Мирзиеевтың «Өзбекстанды дамыту стратегиясы» құжатын мектеп, колледж, университеттерде кеңінен насихаттауда. Жастар аталмыш құжатты жатқа біледі. Алайда патриоттық сезімді жасанды жолмен қалыптастыру мүмкін емес екендігін біз жақсы білеміз.

 - Қазір жастар жұмыс істеу мақсатында шетелге кетуде. Бұл елдегі әлеуметтік жағдайлардың төмендігінен бе, жоқ әлде олар ел болашағына сенбей ме?

- Екеуінің де әсері бар шығар. Мен Өзбекстандағы ең беделді Әлемдік экономика және дипломатия университетінде сабақ беремін. Осындағы менің көз алдымда оқып жүрген студенттердің 30-40 пайызы бітірген соң оқуын жалғастыру үшін шетелге кетеді және белгілі бір бөлігі сонда қалып қояды. Бұл бір ғана мысал. Бірақ уақыт өте келе бұл жағдай өзгеретін шығар. Қанша дегенмен биліктің ауысуы «жылымық» кезеңі жастарға үміт сыйлауда. Қазір жастар билікке сене бастады. Алайда бұл өзгерістер баяғыда жасалуы керек еді. Енді осы уақытқа дейін қирап біткен дүниелерді қайта қалпына келтіруге тура келеді. Қазірдің өзінде билік 12 жылдық білім жүйесінен бас тартты. Бұл да болса жақсы бастама. Себебі осы уақытқа дейін 12 жылдық білім жүйесі орта білім саласын құлдыратып жіберді. Жалпы, Өзбекстан билігі аталмыш салада жаһандық үдеріс күтіп тұрмайтынын түсінді және осы бағытта жұмыс істеуді бастап та кетті.

 - Біз Өзбекстанда діни радикализмді күшпен басу әрекеті сәтсіз болғанын білеміз. Қазір жастар арасындағы діни радикализм мәселесі қалай шешілуде?

- Бұл сұраққа жауап беру қиын. Себебі Өзбекстанда аталмыш мәселе толық зерттелмеген. Егер Орталық Азияны айтатын болсақ, діни радикализм мәселесінде сарапшылар пікірі екіге бөлінеді. Бірі бұл қоғам мен мемлекет үшін қауіпті десе, енді бірі авторитарлық жүйедегі елдер діни радикализмді желеу етіп өз күш-қуатын одан сайын нығайтуда дейді. Біз бұл мәселеде кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екенін дөп басып айта алмаймыз. Десе де менің ойымша, қазір жастардың басым көпшілігі дінге өздерінің осы қоғамның бір мүшесі екендігін сезіну үшін, қандай да бір процесстерге араласу үшін келеді. Бұл жерде әлеуметтік жағдайдың төмендігі, жұмыссыздық мәселелері басты себеп емес шығар. Дегенмен олардың алатын рөлі зор екендігі белгілі. Қазір жаңа билікке жастарды радикалды топтардың шырмауынан арашалап қалу үшін көп еңбек ету керек. Билік жастарды діни радикалды топтардың шырмауынан арашалап қалу үшін оларға жағдай жасауы тиіс. Жастар өз дауыстарының жоғары билікке жететініне сенімді болуы керек.

- Сұхбатыңызға рахмет!                               

Сұхбаттасқан Есдәулет Қызырбекұлы

“The Qazaq Times”