Өткен аптада Сауд Арабиясының ханзадасы Мұхаммед бин Салман АҚШ-тың танымал басылымдарының біріне сұхбат беріп, Трамптың күйеу баласы, Ақ үйдің кеңесшісі Жаред Кушнермен құпия байланысының бар екені туралы мәліметті теріске шығарды. Уашингтондағы (Вашингтон) 4 күндік сапарының соңғы күнінде The Washington Post басылымының сұхбатын қабылдап, Йемендегі соғыс мәселесінен тартып, Таяу Шығыстағы бейбітшілік процесі, Иран және ондағы реформалар, адам құқықтары мен Сауд Арабиясының ядролық жоспарлары қатарлы тақырыптарда пікір бөліскен.

«Мұндай қарым-қатынастың біз үшін ешқандай пайдасы жоқ және болған емес», – деп мәлімдеді ол «Уашингтон Пост» (The Washington Post) басылымының редакторлары және журналистерімен кездесуде. Ол осы арқылы АҚШ-тың ақпарат кеңістігіне тарап кеткен «Кушнер Сауд Арабия ханзадасының қалтасында» деген ақпаратты жоққа шығарды. Әрі, Кушнерді Сауд Арабиясының  мүддесіне пайдаланады деген сөздерді ақылға сыймайтын нәрсе деп бағалады. Ол және Сауд Арабиясындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте Кушнердің көмегіне сүйенгенін де жасырмаған. Тек, бұл Сауд Арабиясының ішкі мәселесі екенін ескерткен.

Ханзада Мұхаммед Кушнермен дос және серіктес ретінде жұмыс істеп келгенін, тек ол ғана емес АҚШ вице-президенті Майк Пенс және Ақ үйдің бірқатар лауазымды тұлғаларымен де жақсы қарым-қатынас орнатқанын айтқан. 32 жастағы Мұхаммед бин Салман Сауд патшалығының тақ мұрагері әрі елдің Қорғаныс министрі. Ол Құрама Штаттағы сапарында президент Трамппен, бірқатар конгресмендермен және Пентагон басшысы Жемис Меттиспен кездесуде болған.

Дегенмен, оның АҚШ-тағы сапарының басты бағыты – Бостон, Нью-Йорк, Сиэтл, Силикон алқабы, Лос-Анджелес және Хьюстон қалалары болмақ. Ол осы сапары арқылы АҚШ-тың өз еліне деген сенімін арттырып, АҚШ ғылым-техникасының көмегіне сүйене отырып, ультра-консервативті Сауд патшалығына реформа жасау. Президент Трамп Сауд Арабиясы ханзадасымен кездесу кезінде, Сауд Арабиясына әскери техникалар мен басқа да өнімдерді сатып беру және инвестиция көлемін ұлғайтуды көздейтінін білдірді.

Сауд Арабиясында жаңа атом электр стансаларының компоненттерін тұрғызу ісінде АҚШ-тың басты бәсекелесі ретінде Қытай мен Ресейдің бар екені анық. Араб ханзадасы CBS арнасына берген сұхбатында, бұл тақырып туралы айта келіп, егер Иран ядролық қару жасап шығарса, Сауд Арабиясы да  ядролық қаруды өндіретінін атап өткен.  Ал, «Уашингтон пост» басылымындағы сұхбатында, Сауд Арабиясы өз уранын байытып, пайдалануға қаблетті бола тұра өзге елдерден сатып алып отыруы орынсыз деген ойын жеткізген. Ол сөзінде: «Сауд Арабиясы әлемдегі уран қорының 5 пайызынан астамына ие. Оны өзіміз пайдалана алмайтын болсақ, демек бұл бізге мұнайды да пайдаланба дегенмен бірдей», – деген.

Мұхаммед Таяу Шығыстағы экономикалық өсу перспективалары туралы да пікір бөліскен. Оның айтуынша, егер қазір әлемде шешуге тиісті бір мәселе бар десек, ол – Еуропа мәселесі. Бұл қатарлы мәселенің бірі Израиль-Палестина тартыс. Трамп өзінің күйеу баласына осы мәселені шешудің бейбітшілік жоспарын дайындауға тапсырма берген. Мұхаммед пен Кушнер арасындағы кездесуде де бұл тақырып сөз болған. Араб ханзадасының айтуынша, Ақ үйдің жоспары дайын болғаннан кейін, Кушнер Сауд Арабиясы бастаған жетекші араб елдерінен көмегіне жүгінеді. Яғни, АҚШ-тың бейбітшілік жоспарына Палестинаны көндіруге шақырмақ. Трамптың Иерусалимді Израиль астанасы деп мойындауы Араб елдері жетекшілеріне бірқатар қиындықтар туғызғаны шын.

Араб ханзадасы Йемендегі соғыс туралы тоқталып, ондағы жағдайды ретке салу үшін барлық мүмкіндікті пайдаланып жатқанын жеткізген. Алайда, Адам құқықтарын қорғау ұйымдарының мәлімдеуінше Сауд Арабиясы күштерінің бомбалауынан 5000 мынан астам адам қаза болған.

Мұхаммед бин Салман өзінің елдегі реформалары туралы да тоқталған. Ол елдегі әйелдердің көлік айдау және әлеуметтік орындарға бару құқығы жөніндегі мәселені көтеріп, консервативтік діни лауазымдыларға мұндай шектеулердің Ислам дінінде жоқ екенін түсіндіргенін айтып өткен.  «Менің ойымша, Ислам парасатты және қарапайым дін. Сол себепті адамдар оны басып алуға тырысады», – дейді ол. Оның айтуынша, діни қызметкерлермен болған ұзақ пікірталастар оң әсерін беруде екен.

Сауд ханзадасы «Сауд патшалығы үстемдікке ие қатты сенім вахабизмнің таралуына әсер етіп, оны қаржыландырып отыр және Сауд Арабия жаһандық терроризмнің көзіне айналған» деген пікірге қатысты ойын айтқанда: «Шет мемлекеттердегі медресе мен мешіттерге құйылған қаржы соғыспен байланысты. Бұл Кеңес одағының Мұсылман елдеріне басып кіруінің алдын алу үшін одақтастарымызбен келісім жасасқан кездегі жағдай. Сауд Арабиясының одақтастары оның ресурстарын пайдалануды сұраған кезде жасалған келісім», – деп түсіндірген. Ол және Сауд Арабиясы қазір бұл істегі бақылауын жоғалтып алған. «Біз бәрін қайта қарастырып, бәрін кері қайтаруымыз керек. Қазір қаржы үкіметтен көрі Сауд Арабиясы атында құрылған қорлардан тарап отыр», – деп ашық айтқан.

“The Qazaq Times”