"Аға" немесе "тәте" деп жұмысқа тұратын уақыт әлдеқашан өтіп кеткен. Бұл туралы ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова мәлімдеді.
"Көпшілігі жұмысқа тұру орындары жоқ немесе "бір қоңыраумен" жұмысқа тұрғызатын "аға-тәтең" болу керек дегенді алға тартады. Бұл уақыт әлдеқашан өтіп кеткен, Біз электронды еңбек биржасын құрдық. Онда 65 мың түйіндеме мен 19 мың ваканция орналастырылған. Бұл үлкен бәсекелестікті көрсетіп отыр", - деді Жақыпова.
Вице-министрдің сөзінше, жұмысқа тұру үшін қызмет көрсетудің белсенді формасына көшу қажет.
"Бұл дегеніңіз адам, жұмыспен қамту орталығына бару керек. Ал біз оған келіп: "Сіз аз қамтылған отбасысыз, отбасында отағасы жұмыспен қамтылмаған, толық білім алмаған кәмелеттік жасқа толған бала бар. Біз отағасының жұмысқа тұруына, балаңыздың келесі еңбек түрлері бойынша білім алуына мүмкіндік беретін әлеуметтік келісім жасайық. Бұдан бөлек сізді жәрдемақымен де қамтамасыз етеміз" деп айтамыз. Міне, бұл стандарт", - деді ол.
Айта кетейік, статистика комитетінің мәліметі бойынша 2017 жылдың 4 тоқсанында Қазақстанда тіркелген жұмыссыздардың саны 439,3 мың адамды құрады және көрсеткіш 4,9 пайызға жетті.