Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі қызметіне Ерлан Әукенов тағайындалды. Светлана Жақыпова қызметінен өз еркімен кетті
Премьер-министр сайтында: «ҚР үкіметінің қаулысымен Ерлан Мұратұлы Әукенов Қазақстан республикасының еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі қызметіне тағайындалды. Бұған дейін аталған қызметті атқарған Светлана Жақыпова өз қалауы бойынша жұмысынан босатылды», – делінген.
Қызметі барысында С.Жақыпованың бірнеше мәрте басы дауға қалған. Мәселен, жыл басынан бері көп балалы аналар үкіметтен берілетін жәрдемақының тым аз екендігін айтып шағымданғанда, вице-министр жаңа босанған аналардың тірлікке араласуын басқаша елестететін көрсеткендей болды. Оған шенеуніктің мына сөзі дәлел: «Мен жұмысқа шыққан кезде балам үш айға толмаған еді. Онымен бірге жұмыс істеп, іссапарға да шығатынмын. Бірақ мен жұмысқа ақша табу мақсатында шыққан жоқпын».
Вице-министр лауазымына жаңадан сайланған Ерлан Әукенов әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, «Болашақ» бағдарламасы бойынша Бредфорд университетін, Халықаралық бизнес академиясын, Лондон экономика және саяси ғылымдар мектебін тәмамдаған. ҚР Білім және ғылым министрлігінде, «XXI ғасыр көшбасшысы» жастар орталығы» РҚБ, «Қазақстан жастарының конгресі» ЗТБ, «Самғау» ұлттық ғылыми-технологиялық холдингi» АҚ еңбек еткен.
2010-2011 жылдары — Шығыс Қазақстан облысы әкімінің аппараты басшысының орынбасары.
2011-2014 жылдары — ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы.
2014-2015 жылдары — Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары.
2015-2019 жылдары Алматы қаласы әкімінің орынбасары лауазымын атқарды, әлеуметтік әл-ауқат мәселесі бойынша жетекшілік еткен.