Бүгін ҚР сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Ресей, Иран және Түркияның сыртқы істер министрлерімен кездесті. Әбдірахманов келіссөз кезінде Сүриядағы қақтығысты шешу үшін жаңа қадамдар жасау қажеттігін айтты.
"Жаңа қадамдар жасау қажет. Әлемдік қауымдастық, тіпті деэскалациялық аймақтардың өзі зорлық-зомбылыққа әкеп соққан қауіпті қақтығыстардың куәсі болды", - деді ол кездесу кезінде.
Министр сондай-ақ, қақтығыс салдарынан халықтың оның ішінде әйелдер мен балалардың құрбан болғанын атап өтті.
"Бүгінде Сүриядан байқап отырғанымыз тек қана деэскалация мен өңірдегі тұрақтылыққа қатер төндіріп қана қоймай, тіпті жағдайды саяси тұрғыдан реттеуге кедергі келтіруде. Астанада қол жеткізілген келісімдер қағаз жүзінде қалмау керек. Егер келіссөз процесі кезінде сүриялық тарап пен халықаралық қауымдастықтың күшіне қолдау көрсетілсе, олар нақты нәтижені шығару қажет. Осыған байланысты Қазақстан Сүриядағы қақтығысты тезірек реттегісі келетін барлық қатысушыларды, оның ішінде Сүрия үкіметін, қарулы оппозиция өкілдерін және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2401 қарарының орындалуына ықпал етуі мүмкін барлық елдерді қантөгісті тоқтатуға шақырады", - деді министр.
Сондай-ақ, Әбдірахманов осы мәселеде Ресей мен АҚШ-ты конструктивті диалог өткізуге шақырды.
"Сүриядағы жағдайды реттеуге байланысты екі елдің ынтымақтастығы осы іске қызығушылық танытып отырған барлық тараптың мүддесіне және жалпы сүриялықтардың мүддесіне жауап береді", - деді Әбдірахманов.
Министр бұдан бөлек, Қазақстан бұл қақтығыста бейтарап және обьективті делдал ретінде барлық мүдделі тараптарға көмек көрсетуді жалғастыра беретінін атап өтті.
Айта кетейік, бұдан бұрын ресейлік әскери ұшақтардың көмегімен сүриялық әскер Шығыс Гутаны бомбағаны туралы ақпарат тараған еді. Бомбалау салдарынан жүздеген адам қайтыс болып, 6 аурухана мен медициналық орталықтар қирады. Сүрияның азаматтық қорғаныс құтқарушылары "жергілікті халық арасында улы хлор газдан уланғандар байқалады" деп мәлімдеген. Бірақ Ресейдің СІМ-і Сергей Лавров газға байланысты ақпаратты "жалған" деді.