Солтүстік Қазақстан облысы әкімі Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өңірде төтенше жағдайдарды алдын-алу және жою бойынша комиссияның кезекті отырысы өтті. Күн тәртібінде көктемгі су тасқынына дайындық барысы қаралды. 

Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің басшысы Рамиль Камаловтың айтуынша, аудандар мен қалада 989 бірлік техника, 207  мотопомпа, жоғары өнімді 23 насос дайын тұр. 72 мың тоннадан аса инерттік материалдар, 34 мың қап, 114 тонна жанар-жағармай да дайындалды. Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент 225 адам, 45 техника, 10 мотопомпа және 10 қайықты жұмылдырмақ. Жағдай ушықса басқа өңірлерден 273 адам, 41 техника, 11 жүзу құралын тарту көзделген.

Бұл жұмысқа ауыл шаруашылығы құрылымдарының техникасын да жұмылдырған жөн.

«Агроқұрылымдарда қажетті техника бар. Олардың жұмысшылары сол ауылдарда тұрады. Қиын жағдай туған кезде барлығымыз бір адамдай жұмылып, жұмыс істеу қажет», - деді Құмар Ақсақалов.

Сондай-ақ, былтыр су тасқыны  кезінде қайықтардың жетіспеушілігі байқалған. Өңір басшысы бүгіннен бастап барлық жүзу құралдарын жұмылдыру керектігін ескертті.

Құмар Ақсақалов көктемгі су тасқынының зардаптарын азайту және жою мақсатында облыс әкімінің орынбасары Антон Федяевке тиісті шаралардың дайындық барысын өз қадағалауына алып, 20 наурызға дейін баяндауды тапсырды. Бұған қоса, өңір басшысы 20 наурыздан бастап аумақтық жүйенің жұмысын «күнделікті қызмет режимінен» «жоғары дайындық режиміне» ауыстыруды тапсырды.

“The Qazaq Times”