Британ-нидерландық Shell компаниясы "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы 2019 жылы IPO-ға шыққанға дейін оның үлесін сатып алу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Бұл туралы Bloomberg агенттігі хабарлаған.
Америкалық БАҚ мәліметінше, 2019 жылға жоспарланып отырған ІРО-ға шықпас бұрын өзінің бағасын арттыру мақсатында Shell компаниясына ҚМГ өз үлесін ұсынған. Shell ұсынысты қарауға келісім берген.
Басылым мәліметінше, ҚМГ мен "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры бұл хабарға қатысты ақпарат беруден бас тартқан. Ал Shell компаниясы болса портфель құру бойынша мүмкіндіктерді қарастырып жатқанын, алайда коммерциялық құпия болғандықтан портфельді басқару қызметі бойынша түсініктеме берілмейтінін мәлімдеген.
Shell – энергетикалық және мұнай-химия компанияларын біріктіретін халықаралық концерн, штаб-пәтері Нидерланд, Гаага қаласында орналасқан. Қазіргі уақытта Shell Қазақстанның экономикасына инвестиция салатын ең ірі шетел инвесторларының бірі. Shell концерні төрт жобаға қатысады. Бұл – Солтүстік Каспий бойынша өнімді бөлу туралы келісім (қатысу үлесі 16.81%), Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы «Жемчужина» лицензиялық учаскесін игеру бойынша бөлу туралы келісім (қатысу үлесі 55%), Қарашығанақ кен орны өнімін бөлу туралы нақты келісім («Би Джи Групп» арқылы қатысу үлесі 29.25%) және қазақстандық мұнайды әлемдік нарықтарға жеткізетін Каспий Құбыр Консорциумы (қатысу үлесі 7.4%).
"ҚазМұнайГаз" - Қазақстанның мұнай-газ саласында мемлекет мүддесін білдіретін, көмірсутекті барлау, өндіру, өңдеу және тасымалдау жөніндегі оператор. Компания акциясының 90 пайызы "Самұрық-Қазына" қорына, 10 пайызы Ұлттық банкке тиесілі.