Бейбіт өмірге бүлік әкеліп, қаншама адамның жастық шағын, асқақ арманын, ер жетіп тұрған балалары мен асыл жарларын, тулаған қызуы мен балауса ажарын алған сұм соғыс ешбір жанның жадынан өшпек емес. Жалындаған жастардың армандары аяққа тапталып, қауызын ашпастан қыршынынан қиылды. Қарапайым халыққа қанды қасірет әкеліп, қарғыс арқалаған сұм соғыс қаншама қаламгердің қалам тербеуіне арқау болды. Соның бірі әлемге ортақ заңғар жазушы Шыңғыс Айтматовтың «Құс жолы» повесінің желісімен  «Ана – Жер Ана» трагедиясы қатпарлы парақтардан киелі сахнаға қуыршақтар арқылы жол тартты. Қуыршаққа жан бітіретін артистің онымен қатар тұрып бірге рөл ойнауы театр өнеріндегі тың серпіліс болып отыр.  Аталмыш туынды Дина Жұмабаеваның режиссерлігімен 27 ақпаннан бастап Мемлекеттік қуыршақ театрында көрермен назарына ұсынылды.

Қойылымдағы ана Толғанай мен отбасылық өмірге енді ғана аяқ басқан Әлиман – қилы кезеңдегі бүкіл елдің ахуалын, қара халықтың күн көрісін, жоқшылықпен күресін, соғысқа аттанған жақындарына деген қимастыққа толы сағынышын сахналады. Ерлері қарша бораған бомбаның астында өмір мен өлім арасында арпалысып жүргенде, жарларының нәзік жүрегі тасқа айналып, жанарлары жастан құрғамай, тылда жүріп қара жұмыстан қол үзбеген әйелдер бейнесін көре алдық. Жеңіс дабылы қағылса да, жүрек аптықтары басылмай, қыршын кеткен боздақтардың жоқтығына сенбей, қайта келер деп үміт қылған артистердің актерлік шеберлігі көрермендерді иландыра алды.

Аталмыш туындыдағы әлсін-әлсін жарының жанарына елестеген Сұбанқұлдың, Отан қорғау жолында өз анасынан жырақтап, Жер ананы жастанған Қасым, Майсалбек пен Жайнақтың бейнелері қуыршаққа жан бітіргендей әсер қалдырады.

Қойылымның алғашқы күні театрымызға драматург Дулат Исабеков, жазушы, драматург Сұлтанәлі Балғабаев, актер, театр режиссері, Қазақ КСР xалық артисі Есмұxан Обаев, театртанушы Сәния Қабдиева, Амангелді Мұқан, Бақыт Нұрпейіс, Айжан Ахмет және т.б. құметті қауым мен әріптестеріміз арнайы ат басын бұрып, пікірлерін білдіріп, қадірлі көрермендеріміздің қатарынан табылды.

Солардың ішінде белгілі актриса, Күнсұлу Тұрғынбекқызы:

«Мейірімге шөлдеген мына қатігез қоғамда өмір сүріп жатқан адамдарды қуыршақ театрына келіп тазаруға шақырар едім.Бүгінгі қойылымнан бойыма бір қазына жинағандай әсер алып шықтым. Осы ретте көрерменді шынайы шеберліктерімен иландырған әріптестеріме ризашылығымды білдіргім келеді. Олардың бойынан өнер иелерінің көбінде болатын бақталастықты байқамадым. Бір-бірін демеп, қолдау көрсетіп, жұмыла жұмыс жасағандарының арқасында осындай сапалы дүние жасады деп білемін. Дауыс ырғақтары мен сөз саптаулары, тіпті үш актрисаның алма-кезек бір рөлді бірінен-бірі іліп әкетіп, қатар сомдап шығуы – әжемнің текеметті тиянақты етіп тергеніндей әсер қалдырды. Алла нәсіп етіп, дүниеге перзентім келіп жатса, оның бас сұғып, алғаш ашатын есігі – осы қуыршақ театры болады» деп ағынан жарылды.

Аталмыш қойылым - біріншіден, жазушы Ш.иАйтматовтың 90 жылдығына тарту десек, екіншіден Ұлы Отан соғысында жан кешкен ата-бабаларымыздың рухына арналады. Сондай-ақ, «Ана – Жер Ана» спектаклі театрдың тұрақты репертуарының қоржынына қосылды. Осы орайда, Мемлекеттік қуыршақ театры көпшіліктің көңілінен шығып, жүрек қылын қозғаған, соғыс тақырыбындағы тырнақ алды туындыны тамашалауға барша театр сүйер қауымды шақырады.

Айжан Есенгелді

“The Qazaq Times”