Бүгін мәжіліс депутаттары пленарлы жиында меншік құқығын және арбитражды қорғауды күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын мақұлдады. Заңды таныстырған Әділет министрі Марат Бекетаев түзетулер меншік құқығын қорғауға бағытталғанын атап өтті.
"Кредит беру және қызмет көрсету кезінде алынатын комиссияны жою ұсынылып отыр. Осы мақсатта кәсіпкерлік қызметпен байланысы жоқ банк кредитін беру туралы келісім жасалған жағдайда банктердің комиссия алуына тыйым салу қарастырылған. Сондай-ақ, банк шотына қарызды аударуға және банк шотын жүргізгені үшін комиссия алуға шектеу қойылады. Аталған операциялар кредит процесінің бір бөлігі болғандықтан жеке тұлғалардан қосымша комиссия алынбау керек", - деді Бекетаев депутаттар алдында сөйлеген сөзінде.
Сондай-ақ, ипотекалық кредитті төлеу мерзімі 6 айдан кешіктірілген жағдайда, ипотекалық келісім бойынша алынатын банк проценті тоқтатылады. Бұдан бөлек, кепіл берушінің кепілдікке қойған мүлкін сату бойынша қосымша жағдайлар карастырылады.
"Бұл борышкерді өз мүлкін жоғары бағада сата алуға ынталандырады", - дейді министр.
Алайда, бұл норма қазірдің өзінде түзетуден өткен. Депутаттар банктер қарыз алушыға тиімсіз болатын қысқа мерзім белгілеуі мүмкін екенін алға тартып, мүлікті дербес сатуға заңды түрде уақыт белгілеуді ұсынды.