Ақтөбе облысында Өзбекстан азаматтары мінген автобус апатқа ұшырады.

Ақпан айының 25-і күні сағат 20:40 шамасында Самара-Шымкент тас жолының Ақтөбе облысы, Хромтау ауданына қарасты бөлігінде автобус апатқа ұшыраған. Облыстық ішкі істер департаментінің хабарлауынша, Merсedes маркалы автобусты 35 жастағы Оңтүстік Қазақстан облысының азаматы жүргізіп келе жатқан. Ол Жазық ауылының тұсына жете бергенде рөлге ие бола алмай автобус жыраға түсіп кеткен. Салдарынан автобус салонында болған жеті Өзбекстан Республикасының азаматы түрлі дене жарақаттарын алып, Хромтау аудандық ауруханасына жеткізілген. Авто көлік салонында жалпы саны 25 адам болған.

Естеріңізге салайық, бұған дейін қаңтар айының 18-і күні Ақтөбе облысының Ырғыз ауданына қарасты Қалыбай ауылы маңында 57 адам мінген автобус өртеніп кеткен болатын. Салдарынан Өзбекстан Республикасының 52 азаматы оқиға орнында көз жұмып,  2 жолаушы мен 3 жүргізуші түрлі дене жарақаттарын алған.

“The Qazaq Times”